Әлеумет

Тұрғындар сауалдарына жауап берілді

Қоғамдық қабылдау

Nur Otan партиясы Ақтөбе қалалық филиалы Алматы ауданына қарасты Ясный ауылының тұрғындарымен көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.

Тұрғындарды Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев, облыстық, қалалық Nur Otan партиясыфилиалының және барлық қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары қабылдады.

Қабылдауға келген азаматтарды, әсіресе, жер, тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселелері толғандырды.

— Бүгінгі шараның негізгі мақсаты — қоғамдық қабылдау жұмысын жандандыру, билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту. Сондай-ақ азаматтардың толғандырған сауалдары мен арыз-шағымдарын тыңдап, оның шешілуіне ықпал жасау. Елді мекеннің тұрғындарын, әсіресе әлеуметтік, тұрғын үйге қатысты мәселелер толғандырып отыр.Барлық сауалдар бойынша тұрғындарға тиісті жауаптар беріліп, бақылауға алынды, — дейді Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Боранқұл.

Қабылдау кезінде 35 тұрғын өздерінің сауалдарын қойып, өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік алды.

— Мен мүмкіндігі шектеулі жан ретінде өз кәсібімді ашқым келеді. Ол үшін «Нұр Ақтөбе» шағын ауданынан жалға орын берілсе деймін.Себебі бұл аудан бүгінде өте қарқынды дамып келе жатыр. Көп қабатты үйдің жертөлесінен сауықтыру орталығын ашқым келеді. Сонымен қатар мүгедек азаматтардың кедергісіз жүріп-тұруы үшін пандустар орнатылса екен, —дейді Әйгерім Кенбаева. Оның бұл сауалына Алматы ауданының әкімі Алмаз Әлімбаев:

— Қазіргі таңда «Нұр Ақтөбе» ауданындағы барлық жертөлелер «Табыс»  мекемесінің иелігінде. Біз бұл мекемемен бірге бос орындарды анықтап, екі-үш күннің ішінде тиісті жауабын беретін боламыз, — деді.

Ал, Айсара Капина биылғы Жастар жылы аясында жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін сұрай келіпті.

— Мен былтыр Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін есептеуіш техника және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығы бойынша тәмамдадым. Мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жайлы сауалыма жауап алдым, — дейді ол.

Бүгінде Ясный елді мекенінде 5 мыңнан астам тұрғын бар. Қала маңындағы елді мекендерде көшпелі қоғамдық қабылдау өткізу шарасы жыл басынан бері үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button