Мәдениет

Әндер мен суреттер

Анаға тағзым

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Жастық» мейрамханасында «Атамекен» аталарансамблі мен «Асылым» әжелер ансамблінің ұйымдастыруымен «Анаға тағзым» атты рухани шара өткізілді. Оған 100-ге жуық адам қатысты.

Басқосуда еңбек ардагерлері, ғалымдар, білім және мәдениет саласының қызметкерлері, белсенді азаматтар ананың қоғамдағы рөлі, ана мен бала махаббаты, аңызға айналған әйел-аналар туралы ой-пікірлерін айтып, өз аналары туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Жиналғандар дүниеден өткен барлық аналарға Құран бағыштап, рухтарына тағзым етті.

Қос ансамбль аналар туралы әндер айтып, жиналғандарды бір серпілтіп тастады.

«Атамекен» аталар ансамблінің мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбековтің айтуынша, мұндай рухани іс-шараның жастарға берер тағылымы мол.

—  Алдағы жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осыған орай, біз бүгінгі шарада ұлы ақынның анасы — Ұлжанның портретінен бастап барлық аңызға айналған әйел-аналардың, бізді өмірге әкелген аналардың суреттерін көрмеге қойып, аналар жайлы мағыналы әңгіме, аналар туралы ән айтып, үлкен рухани шара өткізіп отырмыз. Бұл шараның мақсаты — жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру, аналарымызды ұлықтау, олардың рухына тағзым ету, — дейді ол.

Аталған шараға арнайы шақырылған еңбек ардагерлерінің бірі Ғазиза Әминова өз анасын еске алып, естеліктерімен бөлісті.

— Менің анам Ермек Бейсембаева — өмірге 9 бала әкеліп, оларды өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жан. Анам 67 жасында өмірден өтті. Бүгінде оның ізін жалғастырып жүрген біздің де жасымыз алпыстан асты. Мен 40 жыл кітапханашы болдым. Бүгінде 4 баладан 8 немере сүйіп отырмын. Бүгінгі шараға анамның суретін әкеліп, құран бағыштадым. Ананың орны әрқашан бөлек, сондықтан ана есімін ұлықтап,  оның қадірін түсіне білуіміз керек, — дейді еңбек ардагері.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button