Спорт

Ақтөбелік палуандар әлем чемпионатына қатыса ма?

14-22 қыркүйек аралығында еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Бұл — келер жылғы жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялық іріктеу турнирі.

Ұлттық құрамалардың бас бапкерлері әлем чемпионатына қатысатын спортшылар тізімін әзірге нақтылаған жоқ. Бірақ әлем чемпионаты қарсаңындағы ірі халықаралық турнирлерді осы біріншілікке дайындық ретінде қарастыратындарын, олардың нәтижелерінің құраманы жасақтауда есепке алынатынын айтқан еді.

Сондықтан ақтөбелік палуандардың осы халықаралық турнирлердегі қадамдарына біз үмітпен көз тіктік:шілде айының соңғы күндерінде Белорусь астанасы Минскіде өткен Олег Караваев атындағы халықаралық турнирге қатысқан қазақстандықтар сапында Мейрамбек Айнағұлов та болды.

Жалпы, осы турнирде грек-рим күресінен қазақ палуандарының олжасы төрт қола медаль болды. Солардың бірін 63 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Мейрамбек Айнағұлов иеленді.

Ал еркін күрестен жерлесіміз Нұрислам Санаев (57 кг) Польша астанасы Варшавада өткен Вацлав Циолковский атындағы турнирде өнер көрсетті. Шешуші сында Ресейдің Саха өңірінен келген Арыйаан Тютринге жол берген Нұрислам турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Сөйтіп, Мейрамбек пен Нұрислам әзірге жанкүйерлер үмітін ақтап отыр. Ал олардың әлем біріншілігіне қатысатын құрама сапында болатын-болмайтындары жақын күндері анықталмақ.

Айта кетелік, Мейрамбек Айнағұлов 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, Нұрислам нақ осындай нәтижеге өткен жылы Будапеште қол жеткізді.

А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button