Басты жаңалықтарЭкономика

Биылғы меже: 5 мың бизнес субъектісі құрылады

Мемлекеттік бағдарлама

Кез келген елдің экономикасының негізі шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына тікелей қатысты. Бұл — экономиканың маңызды қорларының бірі. Ресми мәліметтерге жүгінсек, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облысымызда белсенді шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 10,8 пайызға өскен. Биыл шағын және орта бизнес кәсіпорындары өңір экономикасының 23 пайызын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар,  қосымша 5 мыңнан кем емес бизнес субъектісі құрылуы тиіс. Бұл — алға қойған нақты міндет.

Даражаның жоспары

Қазір қандай қаржы институты, даму ұйымдары болмасын, тұрғындарға арзан пайызбен несие ұсынып, болмаса қайтарымсыз грант негізінде өз кәсібін ашуға қолдау көрсетуді мақсат етеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау» жобасына қатысып, өз бизнесін бастаушылар қатары да жыл өткен сайын көбейді. Хромтау ауданының Бөгетсай ауылының тұрғыны Даража Маханалина — кәсіп ашуды тәуекел еткендердің бірі.

Ол тігіншілік кәсіпті мектеп жасынан меңгерген. Еңбек сабағында ылғи өзіне қажетті бұйымдарды тігуге әуестенетін. Кейін ол ұзақ жыл жергілікті жерде дүкенде жұмыс жасады. Соңғы жылдары арқадағы жарақатына байланысты бұл жерде тұрақты жұмыс істеу мүмкін болмады. Үшінші топ мүгедектігі тағайындалған Даража үйде қол қусырып отыруды жөн көрмей, тігін тігуді қолға алады. Тапсырыспен түрлі киімдер, көрпешелер тігеді. Сөйтіп, күнделікті нәпақасын тауып жүрді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде «Бастау» жобасына қатысып, бизнес саласы бойынша біліктілігімді арттырдым. Ең бастысы — жеке кәсіпкерлігімді ашып, бизнес жобамды құруға көмектескен палата мамандарына алғысым шексіз, — деді Д.Маханалина.

Заманауи үлгідегі тігін мәшенкесіне қол жеткізгенде Даража ерекше қуанды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалы арқылы несие рәсімдеген ол тігіншілік кәсіпке қажетті өзге де құралдарды сатып алып, қазір кәсібін жандандырды. Тігінші келіншек қазір бір адамды жұмыспен қамтып отыр. Болашақта ол тігін шеберханасын ашып, ауылдағы бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді.

Жыл басынан бері Хромтау ауданында «Бастау» жобасы аясында Даража сияқты 120 адам кәсіпкерлік бастамасы турасында білім алып, оның 100-і өз жобасын сәтті қорғаған. Өткен жылы осы жобаға қатысқан 181 хромтаулық тыңдаушының бүгінде 54-і кәсіп ашып, жұмыстарын жүргізіп отыр.

Жұмыс орындарын ашу — бірінші қатардағы мәселе

Жыл сайын елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетудің белсенді шаралары қабылданып жатыр. Биылдың өзінді облыста бизнесті қолдауға 40 миллиард теңге қарастырылған. Соның есебінен кәсіпкерлік саласында жұмыс жасап тұрған субъектілер, жұмыспен қамтылғандар санын және өнім шығару көлемін кем дегенде 10 пайызға арттыру көзделуде.

Мемлекеттің шарапатын сезініп, бизнесін кеңейтіп, соның есебінен жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған осындай кәсіпкерлердің ісі көпке үлгі. Дегенмен кәсіпкер ретінде тіркеліп, мемлекеттік бағдарламаға қатысып, соның нәтижесінде жылдық үстемеақысы төмен пайызбен несие алып, кәсіп ашып, алайда бастаған ісін соңына дейін орындамай, орта жолда аяқсыз қалдырып кететіндер де бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыс орындарын ашуды ең маңызды мәселе ретінде айтқан болатын. «Осы көрсеткіш бірінші қатарда болуы керек. Бұл — азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, экономиканың тұрақты өсімін сақтау деген сөз», — деді Президент.

Осы алқалы жиында да Мемалекет басшысы кәсіпкерлікті қолдауды тағы да маңызды бағыт ретінде атап өткен еді.  Алайда түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы берілетін несие қаражатының мақсатты іске асырылуы, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындарының ашылуы қандай деңгейде? Бұл мәселе  жергілікті билік тарапынан, әсіресе шалғай ауылдардағы жағдайды бақылап, реттеуде әкімдер жұмысы қалай жүріп жатыр?

Жақында облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың біріккен кеңейтілген отырысында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» Ақтөбе филиалының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, соның ішінде ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша комиссияның төрағасы ретінде Гүлжанат Ерғазина осындай мәселелерді алға тартқан еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс орындарын ашу, халықты нәтижелі жұмыспен қамтамасыз ету әкімдер жұмысы басымдықтарының бірі екенін айтты. Президентіміздің айтуынша, әкімдердің жұмысы жұмыспен қамту мәселелерін шешу негізінде бағаланады. Қазіргі басты талап — халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осыған байланысты атқарушы өкілет барлық мемлекеттік қолдау шараларын қолданып, соның ішінде жұмыспен қамту шараларын нақты жүргізіп, ерекше бақылауға алуы қажет, — дейді қор басшысы.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» мамандары мемлекет тарапынан енгізілген бірқатар бағдарламаның орындалуына, соның ішінде «Еңбек» бағдарламасының екінші бағытын іске асыруға жауапты. Биылғы жылы филиал тарапынан 7 миллиард теңгені игеру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 176 пайызға артық. Гүлжанат Ерғазина тек екі мемлекеттік, яғни «Еңбек» және «Дипломмен — ауылға» бағдарламалары мемлекет тарапынан қаржыландырылатынын, ал басқа бағдарламалар қор қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті.

Әкімдер бақылау жүргізбейді

Жақын аралықта қосымша 1 миллиард теңге көлемінде қаражат келу жоспарлануда. Ақтөбедегі 5 қалалық округ облыс орталығына қосылып, жергілікті халық қала тұрғыны болып саналғаннан бері біздің қор арқылы да, басқа қаржы институттары арқылы да оларға несие алу шектелген болатын.  Егер жоғарыда айтылған қаражатқа қол жеткізетін болсақ, осы проблема оң шешімін табатын болады. Яғни келетін қаражаттың бір бөлігін осыларға және моноқала мәртебесіне ие Хромтау өңірінің тұрғындарына беру көзделіп отыр. Әрине, келген қаражатты уақтылы игеру, индикативті көрсеткіштерді орындау, халықтың алған қарызын дер кезінде қайтаруын қамтамасыз етуде біздің филиал республика деңгейінде ең үздіктердің қатарында тұр. Бірақ, проблема да жоқ емес. Ең басты мәселе —  ол жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз ету. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасының шарты бойынша, ауылдағы жұмыссыз азаматтар қор арқылы несие аларда міндетті түрде кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Егер оның тіркелген мерзімі үш жылдан асса, онда ол міндетті түрде жұмыс орнын ашуы керек. Ол  аудандардағы жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарды жұмысқа алуы тиіс, — деді Гүлжанат Ерғазина.

Кәсіп ашып, кәсіпкердің мемлекеттен арзан пайызбен алған несие қаражатын мақсатты бағытта пайдалануы да атқарушы биліктің назарында, бақылауында болуы тиіс.

Біз бұл мәселені тексеріп қарадық. Жұмыс орындары ашылғанмен, уақытша екеніне көз жеткіздік. Себеп, белгілі бір уақыт өткеннен кейін жұмыс орындары қайта жабылып қалады. Тағы бір проблема — кейбір азаматтар кәсіпкер ретінде тіркеліп, несие алады, бірақ несие уақыты өтпей тұрып кәсіпкерлігін жауып тастайды. Алайда бұл жағдайды қадағалап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан да мен әрбір аудан, ауыл әкімдерінің осы мәселені бақылауға алып, қадағалап, нақты шара қолдануы қажет деп санаймын.

«Еңбек» бағдарламасын жүзеге асырудағы басты мақсат — жұмыс орындарын ашу. Сондықтан әрбір ауыл әкімі сол ауылдағы тұрғындардың қалай өмір сүріп жатқанын жақсы біледі. Несие алғанмен, кәсіпкерлігін қандай себеппен жапқанынан да хабардар. Бірақ сонда да бақылау жүргізбей отыр, — деді қор директоры.

Елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық мемлекеттік бағдарламалар халқымыздың, оның ішінде ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Сондықтан әрбір жауапты орган бұл іске аса жауапты міндетпен қарауы тиіс.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button