Тарих

Теміржолшы Әбубәкір Молдағұлов

Зерде

Жыл сайын оралып отыратын теміржолшылар мерекесінде сала озаттарының мерейін өсіретін әңгімелер айтылып, теміржол ардагерлеріне құрмет көрсетіліп жатады. Алайда солардың арасында теміржол саласына бүкіл ғұмырын бағыштап, ерен еңбек сіңірген жерлесіміз Әбубәкір Молдағұловтың есімінің аталмай жүргені қапаландырады. Сонымен бірге, ол қазақтан шыққан батыр қыз Әлия Молдағұлованың туған нағашысы. Әкеден тірілей, шешеден өлілей айырылып, жетім қалған қаршадай қызды өз атына жазып, тәрбиелеп өсірген  адам. Осындай еңбегін және өткен ғасырдың отызыншы жылдары-ақ теміржол саласының белгілі ұйымдастырушысы болғанын  айтып, «Қос шынар» — Әлия-Мәншүк» қоры» бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес  біраздан бері мәселе көтеріп жүр. Тіпті Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің ұжымы өздерінің оқу орындарына осы ардақты теміржолшының есімін беру туралы ұсыныс түсіріп, басқа да ұлықтау шараларын алу әңгіме болған-ды.  Алайда олардың ешқайсысы бүгінгі күні шешімін тапқан жоқ.

Біз оқырман қауым, ең болмаса, Әбубәкір Молдағұловтың кім болғанын жете біле түссе деген мақсатпен мұрағаттардан алынған дерек бойынша, оның өмір жолын баяндап өтпекпіз. Өзінің жазуы бойынша, ол 1902 жылы наурыз айында Темір уезі Ойыл болысы Кеңащы өңірінің Құмды ауылында дүниеге келеді. 1912-1913 оқу жылында осы ауылда ашылған Қарасай  бір кластық орыс-қырғыз училищесінің есігін ашып, 1915 жылы бітіріп шығады. Осы жылдың күзінде өз ауылынан 90 шақырым жердегі Құнжардағы Қалмаққырған екі кластық орыс-қырғыз училищесіне түсіп,   1917 жылға дейін оқып, төрт кластық білім алады.

Бұдан кейін үй-ішілік жағдайға байланысты оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмайды. Отбасында болып,  үй шаруасымен айналысады.

Қазақстанда кеңестік өкімет күш ала бастаған 1923 жылы ауылдық кеңестің хатшылығын атқарады. 1924 жылдан партия қатарына өтеді. Сол тұстардағы ашылған  партиялық мектептерде оқып, білімін толықтырады. Бұдан былай ол Ақтөбе аймағының әр өңірінде партиялық қызметтерде жүреді.  Жоғары орындардың партиялық жолдамасымен Ташкент қаласындағы Ленин атындағы Орта Азиялық-коммунистік университетте оқып, екі жыл саяси білімін толықтырады. Одан оралып, Ойыл уезінде  партиялық ағартушылық  жұмыста болады. 1929 жылдан бастап Ақтөбе өлкелік партия комитетіне қызметке алынып, аймақта ұжымдық, кеңестік шаруашылықтарды нығайтуға араласады. 1930 жылы Шалқар өңіріне екінші мәрте оралып, аудандық мал шаруашылығы қосшылығына басшылық  етеді.

1931 жылы Алматы қаласына ауысып, еліміздің астық мал шаруашылығы қосшылығына жауапты жұмысқа қойылады. Қазақстан өлкелік партия комитетінің шешімімен Қазақстан коммунистік жоғары оқу орындары комитеті жанындағы аспирантура институтына жіберіліп, оны 1932 жылы үздік бітіріп шығады.

Еліміздің аймақтарын білімді, білікті кадрлармен нығайту мақсатындағы шараға сәйкес, Ақтөбе облыстық партия комитетіне жауапты қызметке жіберіліп, өндіріс, теміржол саласына басшылық жасайды. Міне, осы қызметте жүріп, ол КСРО жол қатынастары халық комиссариатының назарына ілінеді. Алматы қаласындағы Түркістан-Сібір теміржолының  партия комитетіне хатшылыққа сайланады. Бұдан соң үш жылдай Түркістан-Сібір теміржолының Әулие ата (қазір Тараз) станциясында партиялық басшылық қызметте болады.

1934 жылдан бастап теміржол саласының партия қызметкері тікелей өндіріске тартылады. Әуелі Түркістан-Сібір теміржолы бастығының жолдамасымен Каганович атындағы әскери-көлік академиясында 1934 жылдан 1941 жылға дейін оқып, әскери жол қатынастары факультетінен әскери инженер мамандығы бойынша диплом алып шығады.

Академия бітіген Әбубәкір Молдағұлұлы КСРО Қорғаныс министрлігінің бірегей жауапты әрі маңызды кадры ретінде оның бірыңғай қарауына көшеді. Орта Азия әскери округі  әскери жол қатынастары штабының Ташкент қаласындағы бөлімдерінде аса жауапты жұмыстарда болады. Түркістан-Сібір теміржолының әскери қозғалыс-қатынастары басқармасының бөлімдерінде 1941 жылдан 1943 жылға дейін жауапты жұмыстар атқарады.

Соғыс жүріп жатқан сұрапыл жылдарда да Әбубәкірдің жұмысы еліміздің теміржол қатынастары саласымен тығыз байланыста болады. Өйткені бұл жылдары аталмыш сала соғыс жағдайындағы қатаң тәртіпке толық көшірілген еді. 1943 жылдан майданға алынған Молдағұлов 40-армияның құрамында Воронеж майданындағы әскери қатынастар штабында әскери диспетчер болып қызмет атқарады.

КСРО Қарулы Күштері қатарынан  1946 жылдың наурызында босаған білікті маманды Қазақстан Орталық партия комитеті  Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық партия комитеті көлік және байланыс салаларына басшылық жасайтын хатшысының орынбасары етіп жібереді. 1947 жылы тап осы қызмет бойынша Алматы қалалық партия комитетіне аударады.

Бұдан кейінгі жылдарда да байырғы теміржолшының осы саладан ажырамайтын, алыс кетпейтін қызметтерде болғанын көреміз. Мысалы, қырқыншы жылдардың соңы, елуінші жылдардың басында Қазақ ССР Мемлекеттік бақылау министрлігінде аға бақылаушы, Түркістан-Сібір теміржолы кәсіподақ комитетінде басшы, Алматы бөлімшесінде жолаушылар бөлімінің бастығы, бақылау жөніндегі аға инспектор сынды жұмыстарда болады.

Кеңес өкіметі білікті кадрларды жауапты қызметтерге жіберудің  түрлі жолдарын пайдаланғаны белгілі. Соның бір көрінісі — елуінші жылдары жүзеге асырылған «отызмыңыншылар» қозғалысы. Ол бойынша жоғарғы буындағы білікті кадрлар аймақтардағы ауыл шаруашылығын нығайтуға жұмылдырылды. Осы кезде тәжірибелі теміржолшының да  Қызылорда облысының Жаңақорған  ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарда басқарма төрағасы болып жұмыс істеуіне тура келеді. Содан Алматыға Қазақ ССР Мемлекеттік Жоспарлау Комитетінің көлік бөліміне қызметке 1957 жылы ғана оралады. Осыдан бастап өзінің төл мамандығынан ажырамай қызмет атқарады. Ұзақ жыл Алматы шаһары теміржол станциясының бастығы болғанын, тіпті зейнеткерлікке шыққаннан кейін де біраз жыл осы қызметті атқарғанын аға буын өкілдері жақсы біледі.

Молдағұлов өзі қызмет атқарған жылдарда атақ-абыройдан, марапаттардан кенде болмаған. Анау 1925 жылдан бастап, өзі жұмыс істеген өңірлерде құрметті орындарға делегат, депутат болып сайланып отырған. Әр деңгейдегі сайланбалы орындардың мүшесі болған. Мәскеуде өткен теміржолшылардың бүкілодақтық съезіне делегат болып бірнеше рет қатысқан.

Бір сүйсінерлік жағдай, Молдағұловтар әулеті түгелімен дерлік теміржолшы. Зайыбы, үш ұлы, қызы өмірлерін осы салаға арнаған. Тіпті бүгінде немерелері де осы салада жұмыс істеп жүр.

Әңгімеміздің басында атап өткеніміздей, қиын шақта екі қарындасы Әлия мен Сапура Молдағұлованы оқытып, тәрбиелеп өсірген. Кейін Әлия соғысқа қатынасып Кеңес Одағының Батыры атағын алады. Есімі еліміздің теміржол саласының тарихында қалуға тиісті азаматтың бұл еңбегі де ескеріліп жүрген жоқ.

Біз өткен ғасырдың елең-алаңында теміржол саласындағы сирек кадрлардың бірі болып, оның өркендеуіне ұзақ жылдар өз үлесін қосқан тұлғаның лайықты бағасын алғанын қалаймыз.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button