Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысушылар тұрғын үй сертификатын алуға да үміткер бола алады

Қайтарымсыз берілетін сертификаттар бастапқы жарнаның 90 пайызын құрайды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз жетінші сессиясының жалпы отырысында «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламаларына қатысушыларға берілетін тұрғын үй сертификаттарының мөлшері бекітілді.

Облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ басқарма басшылары мен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері  және БАҚ өкілдері қатысқан сессия жұмысына №13 Ақтөбе сайлау округінен сайланған депутат Асқар Болатов төрағалық етті. Депутаттар қарауына бір ғана мәселе ұсынылды. Ол —  Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санаттарының тізбесін айқындау. Аталған мәселеге байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы  басқармасының  басшысы Дастан Аманов  хабарлама жасады.

Қазіргі таңда облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін кезекте 30 мыңнан астам азамат тұр. Оның ішінде 10 815 адам — «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға әлеуетті үміткер. Соның 8634-і — Ақтөбе қаласы бойынша тіркелгендер, — деді Д.Аманов.

Әлеуметтік көмекті кімдер алады?

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына, тұрғын үй сертификаттарын беру ережелеріне сәйкес сессияда депутаттар қарауына «Ақтөбе облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшерін және алушылар санатының тізбесін айқындау туралы» шешімінің жобасы ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары бекітілді. Тұрғын үй сертификаты — ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан берілетін ақшалай міндеттеме. Ережелерге сәйкес тұрғын үй сертификаттарының екі түрі қарастырылған. Олар — әлеуметтік көмек және әлеуметтік қолдау, — деді Дастан Аманов.

Енді «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылар тұрғын үй сертификаты түрінде әлеуметтік көмекке үміткер бола алады. Ол бастапқы жарна сомасының 90 пайызын құрайды. Бұл жерде бастапқы жарна сомасы 1 миллион теңгеден аспайды. Мәселен, құны 10 миллион теңге тұратын тұрғын үй сатып алу үшін 900 мың теңге мөлшерінде тұрғын үй сертификатын алуға болады. Сол кезде «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушыға жетпей тұрған 10 пайызды, яғни 100 мың теңгені бастапқы жарна ретінде толықтыруы ғана қалады. Содан кейін үміткер «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» жылдық үстемеақысы 2 пайызбен 19 жылға дейін несие ала алады.

Дәл осындай тұрғын үй сертификатына «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары да үміткер бола алады. «Бақытты отбасы» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша да отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері, яғни соңғы алты айды есептегенде 42500 теңгеден аспайтын жағдайда азаматтарға беріледі. Бұл ретте тұрғын үй сертификаттары қайтарымсыз негізде беріледі.

Әлеуметтік қолдау немесе қайтарымды қаражат

Сондай-ақ, облыстық мәслихат сессиясында әлеуметтік қолдау мөлшері де бекітілді. Бұл жағдайда тұрғын үй сертификаты ретіндегі қаражат қайтарымды негізде беріледі.  Ол бастапқы жарна сомасының 50 пайызын құрайды, бірақ 1 миллион теңгеден аспауы тиіс. Дастан Амановтың айтуынша, мұндай әлеуметтік қолдау отбасының әр мүшесіне келетін табыстың мөлшері 42500 теңгеден асатын «Нұрлы жер» бағдарламасының қатысушыларына беріледі.

Тұрғын үй сертификатының бұл түрі жылдық үстемеақысы 0,01 пайызбен 15 жылға беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір алушы үшін 1 миллион теңгеден аспайды. Міндетті бастапқы жарна сомасы асып тұрған жағдайда, өтініш берушіге ең жоғары сома ретінде белгіленген 1 миллион теңге берілетін болады. Бұл — ережелерге сәйкес бекітілген лимит, — деді басқарма басшысы.

Сессия барысында депутаттар қарауына тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаттары енгізілді. Олар — мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылар, екіншіден — «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқа иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар. Үшіншіден — толық емес отбасылар.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушылардан басқа, «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысу үшін тұрғын үй сертификатына бюджеттік ұйымдарда жұмыс жасайтын денсаулық, білім, мәдениет және спорт салаларындағы бюджеттік ұйымдарда қызмет ететін мамандар да ие бола алады.

Біз бастапқы қадамға дайынбыз…

Сессияда облыс әкімі Оңдасын Оразалин  өңір тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі  басты назарда екенін айтып:

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі — баспана. Облыста  әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен   көпбалалы аналардың  баспаналы болуына  қолдау  көрсетіліп келеді. Алдағы уақытта  осы жұмыстарды  өздеріңізбен бірлесіп жалғастырамыз  деген сенімдемін. Бұл — көптен бері күткен шара. Себебі, біз бұл бағыттағы жұмысты жүзеге асыруда Үкімет, министрлік тарапынан арнайы ережені күттік. Министрлік тарапынан ереже бекітіліп, жалпы тәртіп бойынша осындай қаулы қабылданғаннан кейін жергілікті атқарушы органдар, оның ішінде бірінші кезекте қала әкімдігі, аудан әкімдіктері өз шешімдерін шығарады. Бұл істі ұзаққа созбау керек. Себебі неғұрлым тез шешім қабылдасақ, соғұрлым тізімде тұрғандардың сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Әлеуметтік көмек түріндегі бастапқы жарнаның мөлшерін 90 пайызға дейін бекіту — үміткерлер үшін үлкен жеңілдік. Себебі 100 пайызға рұқсат жоқ. Өйткені үміткерлердің өздері де шамалы талпыныс жасауы керек, — деді.

Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» 900-ге жуық отбасының құжаты өткізілген. Енді банк өз қорытындысын шығармақ. «Біз бастапқы қадамға дайынбыз. Бұл жұмыстарды бастауға қаражат жағынан да, пәтер жағынан да толық мүмкіншілік бар. Өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл орайда сессия барысында айтылған барлық ұсыныс-пікірлер ескерілетін болады, — деді облыс әкімі.

Сессия жұмысының қорытындысында құрылыс, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі комиссияның төрағасы Хайдар Ілиясов жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй сертификаттарын ақтөбеліктердің ипотекалық немесе мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламалары шеңберінде тұрғын үй сатып алуы кезінде әлеуметтік көмек немесе бюджеттік несие  түрінде қолдау ретінде ұсынатынын атап өтті. Тұрғын үй сертификаттарын беру жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады. Аталған мәселелер бойынша депутаттар бірауыздан шешім қабылдады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Тұрғын үй сертификатының мөлшері

Бағдарлама Пәтердің құны Бастапқы жарнаның % және сомасы Бастапқы жарнаның өтелетін % Берілетін тұрғын үй сертификатының сомасы Өтініш берушіге толықтыруға қажет сомасы

 

«Бақытты отбасы» 10,0 млн тг. 10% – 1,0 млн тг. 90%

көмек ретінде

(1 млн теңгеден аспайды)

900,0 мың тг. 100,0 мың тг.
7,0 млн тг. 700,0 мың тг. 630,0 мың тг. 70,0 мың тг.
5 млн тг. 500,0 мың тг. 450,0 мың тг. 50,0 мың тг.
«Нұрлы жер»

 

 

 

 

«7-20-25»

20,0 млн тг. 20% – 4,0 млн тг. 50%

көмек немесе қолдау ретінде

(1 млн теңгеден аспайды)

1,0 млн тг. 3,0 млн тг.
15,0 млн тг. 3,0 млн тг. 1,0 млн тг. 2,0 млн тг.
10,0 млн тг. 2,0 млн тг. 1,0 млн тг. 1,0 млн тг.
7,0 млн тг. 1,4 млн тг. 700,0 млн тг. 700,0 мың тг.
5 млн тг. 1,0 млн тг. 500,0 мың тг. 500,0 мың тг.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button