Жаңалықтар

Ювеналды полицияның жұмысын сынға алды

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен жасөспірімдер қылмысы мен отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас құқықбұзушылығының алдын алуға байланысты жиын өтті. Оған облыстық басқармалар мен департамент басшылары, аудан әкімдері, полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері қатысты. 

Жиында жасөспірімдер қылмысы мен отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас құқықбұзушылығының алдын алу шаралары туралы облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Абзал Шотанов баяндама жасады.

Оның айтуынша, биылғы жылы өткен жылмен салыстырғанда жасөспірімдер қылмысы 19 пайызға азайған. Биылғы жылдың 6 айында 63 жасөспірім жауапкершілікке тартылған.

  • Бүгінгі күні жасөспірім арасында жасалып отырған құқықбұзушылық дерегінің тең жартысы — жеке басқа қол сұғушылық деректері. Мәселен, жыл басынан бері жасөспірімдердің қатысуымен 43 ұрлық, 6 тонау, 15 бұзақылық, алШалқар, Ойыл аудандарындаекі кісі өлімі дерегі тіркелген. Сонымен қатар биылғы жылдың 6 айында кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 15 жыныстық қылмыс дерегі тіркеліп отыр, — деді А.Шотанов.

Оның айтуынша, биыл полиция қызметкерлері 800-ден астам тұрмысы нашар отбасымен жұмыс жүргізіп, 100-ден аса ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған, 10 ата-ана өз құқығынан айырылған.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясында 322 материал қаралып, 5 жасөспірім арнайы мектептерге жіберілген, 426 кәмелетке толмаған жас және 248 қолайсыз отбасы анықталған.

Тұрмыстық қылмыстың алдын алу бойынша биыл 6 айдың ішінде 2396 қорғау нұсқамасы шығарылып, 1265 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы 25 қылмыстың 13-і мас күйінде жасалған.

Жиында облыс әкімі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс бойынша ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмысын сынға алып:

Бүгінде облыста 164 ювеналды полиция инспекторы бар. Оларды мемлекет тарапынан қаржыландырып отырмыз. Олар осындай мәселелердің алдын алу бойынша нақты қандай шаралар жүргізіп жатыр? Бұл деректердің көп тіркелгендігі ювеналды полиция қызметкерлері өз жұмыстарын формалды түрде ғана жүргізетінін көрсетеді. Егер 160-тан астам қызметкер облыстағы қолайсыз отбасылармен алдын алу шараларын жүргізсе, мұндай деректер болмас еді. Сондықтан алдағы уақытта біріншіден, ювеналды полиция қызметкерлерінің біліктілігін, екіншіден, жауапкершілігін арттыру керек, — деген облыс басшысы облыстық полиция департаменті басшысына ескерту жасап, нақты тапсырмалар жүктеді.

Өз кезегінде полиция департаментінің басшысы облыс әкімінен бірқатар мәселелерді шешуде қолдау керектігін атап өтті. Атап айтсақ, алкоголизмнен емдеуге арналған мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемесін кеңейту, Алға және Хромтау қалаларында уақытша бейімдеу орталықтарын ашу,сондай-ақ Ақтөбе қаласында әкімшілік қамауға алынғандар үшін 150 орындық арнайы қабылдау орнын салу, т.б.

Бұдан кейін жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева кәмелетке толмағандарға қарсы жасалынған қылмыстардың алдын алуға бағытталған шаралар туралы баяндап берді.

— Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың, қараусыз қалудың, зорлық-зомбылық пен жыныстық қол сұғушылықтың, суицидтің алдын алу бойынша 2019-2020 жылдарға арналған ведомстволық жоспар дайындалып, бекітілді. Жоспарға сәйкес іс-шарала ратқарылуда. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс биыл 19 пайызға төмендеген. Алайда биыл ауыр қылмыстың саны көбейіп отыр. Облыстық білім басқармасы тарапынан биылғы жылдың 6 айында қылмыстық жауапкершілікке тартылған 63 жасөспірімнің отбасылық жағдайына талдау жасалды. Атап айтсақ, оның44,4 пайызы толық отбасынан шыққан. Яғни бұдан ата-аналардың жеткілікті түрде бақылау жасамауы және өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы салдарынан қылмыс жасау деректері орын алып отыр деп қорытындылауға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қылмыс көп орын алған 10 білім беру ұйымында (5 мектеп, 5 колледж) облыстық прокуратурамен бірге пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жоба аясында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен жұмыс тобы құрылып, білім алушылардың сабаққа қатысымы мен кескіш, қадалғыш заттарды білім беру мекемесіне әкелуі зерделеніп, прокуратура өкілдерімен сауалнамалар, құқықбұзушылыққа бейім білім алушылар мен жекеә ңгімелесулер жүргізілді. Нәтижесінде Ақтөбеавтожол, құрылыс-монтаж колледждерінің білім алушыларынан тыйым салынған заттар анықталып, ата-аналарымен және балалармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді Л.Оразбаева.

Оның айтуынша, бүгінгі күні қалалық оқушылар сарайының базасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық бірлестігі жұмыс жасайды. Сондай-ақ 387 білім беру ұйымында «Жас сарбаз» клубы құрылып, оларға 15247 жасөспірім мүше болған. Ал жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша облыстық білім басқармасы полиция департаментімен бірлесе өткізілген «Түнгі қаладағы балалар», «Каникул», «Студент» сынды жедел алдын алу шараларына білім беру ұйымдарының педагогтарымен ата-аналар комитеттері, қамқоршылық кеңесінің өкілдері тартылған.

Жиында сондай-ақ «Қоғамды құқықбұзушылықтың алдын алуға тарту бойынша 2019-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысының міндетін атқарушы Азамат Кустанов баяндама жасап,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмысы орталығының жетекшісі Әсем Әмірова мен Ақтөбе қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандос Табылғанов жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу шараларына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі кәмелетке толмағандардың құқықбұзушылыққа қарсы әрекеттері үшін ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды күшейтуді, тұрмысы төмен отбасылармен әлеуметтік жұмыс жүргізуді тапсырып, департамент және басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button