Жаңалықтар

Көшеден тамақ алып, ауруханадан шықпаңыз…

Брифинг

Ақтөбе облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаменті ағымдағы жылдың 6 айының жұмысын қорытындылады. Департамент пен жергілікті атқарушы органдардың бірлесе атқарған жұмыстарының нәтижесінде облыста эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Тағамнан уланулар мен инфекциялық аурулардың өршуі тіркелген жоқ. Өткен жылмен салыстырғанда түрлі жұқпалы аурулар біршама азайған.

Алайда биыл қызылша ауруына ұшырағандар  бар. Барлығы 83 жағдай дәлелденсе, оның жартысынан көбі — 14 жасқа дейінгі балалар. Бұл балаға қарау кезінде жеке бас гигиенасын дұрыс сақтамау, тамақ өнімдерінің үй жағдайындағы мерзімі мен талаптарының бұзылуынан болып отыр.

Облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева баспасөз мәслихатында жалпы өнімнің 1790  сынамасы алынып, оның 246-сы талапқа сай болмағанын айтты.

Жарты жыл ішінде азық-түлік өнімдерінің 1300 сынамасы алынып тексерілді. Нәтижесінде 207 сынама техникалық регламенттер талаптары бойынша сәйкес болмай шықты. Талапқа сай емес тамақ өнімдерінің 44,36 килограмнан астамы сатылымнан алынып тасталған. Барлық анықталған сәйкессіздік бойынша әкімшілік шаралар қолданылды.

— Қазіргі кезде  ыстық ауа райында тағамнан улану және жедел ішек аурулары көбейеді.  Көшелерде сатылатын балмұздақтар мен басқа да тағамдардың көбі тіркелмеген. Сондықтан олардың қандай жағдайда дайындалып, қалай сақталуын білу мүмкін емес.  Сатушылардың да жеке бас тазалығын сақтамауы, сатылатын өнімдердің екінші рет ластануына әкеледі. Бүгінде әлеуметтік желі арқылы кез келген тамаққа тапсырыс беретіндер көп. Олар туралы алдын ала зерттеп,  өнім дайындаушылардың қалай, қайда дайындайтынын білгеніңіз жөн. Біразы үй жағдайында дайындалған тамақтарға тапсырыс береді. Кафе мен мейрамханалардан әлдеқайда арзан кейтеринг компанияларының тағамдарын тексеріңіз.  Сіздің немесе балаңыздың ауруына әлеуметтік желі арқылы дайындалған тамақ себепші болып жүрмесін.  Жұқпалы аурулардың алғашқы белгілері байқалса, бірден медициналық көмекке жүгініңіздер. Сонымен қатар уақытында екпе алудың маңыздылығын айтамын. Егер балаңыздың дене қызуы көтеріліп, әлсіздік, тамаққа тәбеті болмауы, тағы басқа белгілері байқалса үйден ем жасап, асқындырып алмаңыздар, — дейді департамент басшысы.

Ал медициналық қызметтің сапасы ұдайы бақылауда. Алты ай ішінде департаментке көрсетілген медициналық қызметтің сапасы туралы  69 шағымдар мен өтініштер түскен. Осыған байланысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп 13 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Медициналық мекемелердің басшыларына  кемшіліктерді жою туралы 29 нұсқама беріліп, жұмысына салғырт қараған 37 қызметкерге тәртіптік жаза берілді.

Былтыр облыстың емдеу-профилактикалық мекемелеріне үй хайуандарының тістеуінен, тырнауынан 1179 адам зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Биыл бұл жағдай салыстырмалы түрде 23 жағдайға азайды.

Оларды аулап және ату үшін 54 154 500 теңге қаржы бөлініп, 13,146 ит, 371 мысық жойылған.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button