Басты жаңалықтарЭкономика

Өңірде шағын және ірі өнеркәсіп саласын дамыту керек

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі бірнеше нысандардың жұмысымен танысты. Ол алдымен «Оңтүстік айналма жолының» 0-21,5 шақырымы және 21,5-35,3 шақырым бөліктерінде жүргізіліп жатқан қайта құру жұмыстарын қарады. 2021 жылы аяқталады деп жоспарланған жоба Ақтөбе қаласының айналасында транзиттік көліктердің жүруіне және республикалық маңызы бар Самара-Шымкент тасжолының Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолымен айналып өтуіне мүмкіндік береді. Облыс басшысы мердігер мекемеге жұмысты сапалы әрі қарқынды жүргізуді тапсырды.

Оңдасын Оразалин жылына 6 мың тонна макарон өнімдерін шығарумен айналысатын «Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС кәсіпорнының жұмысын көрді. Мұнда 15 түрлі өнім өндіріледі. Зауыт басшысы Бекнұр Бейісов дайын жаймалар мен кеспе өнімі сұранысқа ие екенін айтады. Өнім Ақтөбе облысынан өзге, РФ, Түрікменстан, Ауғанстан елдеріне экспортталады.

Облыс басшысы жұмысшыларға арналған арнайы киім тігетін цех жұмысымен танысты. «Глобал Спецодежда» ЖШС арнайы киімдердің барлық түрін жасайды. Тапсырыстар қабылдап, ірі кәсіпорындармен келісімшартқа да отырған. Өткен жылдан бастап тігін цехы жанынан «Үміт» оқу-өндірістік кешені ашылды. Тігіншілікті үйретуді қолға алған оқу орталығында мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында 200-ге жуық адам оқып шығып, олардың 95%-ы жұмыспен қамтылған. Оқу мерзімі 6 айды құрайды. Дуалдық оқыту жүйесі арқылы колледж студенттері де білім алады.

Облыс басшысының жұмыс сапары құрылыс материалдарын өндіруге арналған «Көктас-Ақтөбе» АҚ зауыты құрылысының жұмысын көрумен жалғасты. Құрылыс жұмысы толық іске қосылса, жылына 120 млн дана силикат кірпішін, 18 мың тонна әк, 72 мың тонна шақпатас өндіруге қуатты болмақ.

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Руслан Мамунов облыс әкімін арнайы экономикалық «Evrazia» аймағына кіретін екі мемлекеттің біріге жасаған «Ақтөбе-Gebze» индустриалды паркінің орналасатын жерімен таныстырды. Айтып өтейік, бұл жоба жақында ғана екіжақты келісілген меморандум шеңберінде жүзеге асуда.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновке жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары мен өңірдегі кәсіпорындардың жұмысын одан әрі дамыту бойынша бірқатар тапсырмалар жүктелді.

«Облыста кәсіпорындардың жұмысын одан әрі жандандырып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және ірі өндіріс орындарының санын арттыруда кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасау қажет», — деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button