Ауыл

Толыбайдағы той

Толыбай ауылының құрылғанына отыз бес жыл толу құрметіне арналған іс-шаралар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ұйымдастырылды.

Кезінде Жабасақ кеңшарының бөлімшесі саналған Аманкелді ауылына кейін Толыбай атауы берілген. Мұны сол маңнан ағатын өзеннің атауымен, енді біреулері өңірде Толыбай атты сыншының өмір сүруімен байланыстырады.

Толыбай ауылында ұйымдастырылған іс-шаралар жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен басталды. Жұртшылықты мерекемен құттықтаған аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Көшеров жергілікті халыққа аудан әкімінің құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар ақсақалдар  ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымақты тірлігін сөз етіп, осынау шараның маңыздылығы мен мәніне тоқталды. Мерекелік бағдарламаның соңы отшашуды тамашалаумен жалғасты.

Шараның екінші күні ат жарысы ұйымдастырылды. Он сегіз шақырымдық қашықтыққа белгіленген бәйгеде Ақтасты ауылынан келген Бисенбай Сәулиевтің күреңі мәре сызығын бірінші кесіп өтсе, Қайсар Жәнібековтің күрең қасқасы екінші болып жетті. Толыбай ауылының тұрғыны Мәлік Тоқсанбаев жаратқан сәйгүлік үшінші орынға табан тіреді.

Бұл күндері ауылда түрлі спорттық шаралар да қатар өтіп жатты. Соның ішінде көпшіліктің делебесін қоздырғаны — қазақша күрес. Палуандар 70 келі салмақ дәрежесіне дейін боз кілемде белдесті. Бұл жарыста толыбайлық Ұлағат Әбдіуайысов бірінші орынды жеңіп алса, жабасақтық  Асылбек Сүлейменов екінші орынды қанағат тұтты. Ал Ақтөбе қаласынан келген Қайрат Байменов жүлделі үшін орынның сыйлығымен марапатталды.

Батпан көтеру, қол күресі, сондай-ақ футбол ойындарында да жастар белсенді болды. Қой көтеруден сынға түскендердің жарысы өз алдына өтіп жатты. Бұл жарыста Қайрат Байменовке тең келер ешкім болмады. Ол бәске тігілген қойды қанжығасына өңгерді.

Е.ЫРҒЫЗҰЛЫ,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button