Экономика

Пәтерін сатып, кәсіп бастады

Кәсіп бастау үшін табандылық пен тұрақтылық керек. Ақтөбеде кәріз құбырларын шығаратын цехтың басшысы Жанат Дәуренбековтің  ұстанатын қағидасы осындай. Жеті жылдан бері осы салада жүрген азамат қазір еліміздің батыс аймағына өнім жібереді. 

Жанат Имранұлы 2012 жылы «ҚазГрупп» зауытында жұмыс жасайды. Осы жерде жүріп пластик құбырлардың жасалу технологиясын үйренеді. Ал 2015 жылы пәтері мен көлігін сатып, өндірісті өзіне сатып алады.

Шынымды айтсам, қазір мен пәтер жалдап тұрамын. Әрине, денім сау, жұмысым жүріп тұрса, баспананы да алармын. Бірақ дәл қазіргі сәтте менің мақсатым — цех жұмысын жандандыру. Себебі бұндай өндіріс, яғни кәріз жүйесіне арналған құбыр шығаратындар Ақтөбеде жоқ. Көпшілігі суға арналған  ПВХ, яғни пластик құбырларды өндіреді. Ал кәріз жүйесіне қолданатын құбырлардың технологиясы басқа. Қазір Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан сұраныс көп. Тұтынушының талабына сай қылып құбырды дайындап береміз. Шикізатты Қазақстанның ішіндегі кәсіпкерлерден аламын.Пластикалық құбырдың жарамдылық мерзімі — 60 жыл. Негізінен көп қабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне пайдаланылады, — дейді Жанат Дәуренбеков.

Бала кезінен еңбекке араласып өскен Жанат Имранұлы кәсіп бастаудан қорықпау керектігін айтады.

— Жігіттердің көпшілігі өзі біліп тұрса да соны әрі қарай дамытып, кәсіп қылып, бастап кетуге келгенде қорқады. Сондықтан тәуекел ету керек. Қазір мен тынымсыз еңбек етіп жатырмын. Цехта өзіммен бірге бес адам жұмыс жасайды. Күніне 50-ден 110 мм-ге дейін 2500 метр құбыр өндіретін кезіміз болады. Қолым сәл босай қалса, интернеттен жер қараймын. Себебі ғимаратты жалға алып отырмын. Біреудің меншігі болғаннан кейін алаңсыз жұмыс істеу қиын. Бір күні сатамын немесе босат десе, жұмысты тоқтата тұруға труа келеді. Дайын ғимаратты сатып алу қымбатқа түседі.  Сондықтан жер керек. Өндірістік аймақтан жер алсам, ісімді алаңсыз жалғастыра берер едім, — дейді кәсіпкер.

Өндіріс жұмысын ілгерілету үшін «Еңбек» бағдарламасы бойынша несие алыпты. Үстеме ақысы — 6 пайыз. Ал «Даму» қоры 73 пайызына кепілдік берген.

— Алты пайыз үстемемен үш жыл төлеймін. Бұл — кәсібін жандандырамын дегендер үшін таптырмас мүмкіндік, — дейді Жанат Имранұлы.

Кәсіпкердің ойға алған жоспары көп. Ғимарат мәселесін шешсе, істі әрі қарай дамыта бермек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button