Әлеумет

Келер жылдан бастап шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзгереді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір жұмыс беруші «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ міндетті 10 пайыздық жарнадан бөлек қызметкердің жалақысынан 5 пайыз көлемінде қосымша төлем жасауға міндетті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, енді жұмыс беруші жарнаны өз қаражатынан төлейді. Осылайша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ай сайын 35 миллиардқа жуық теңге түседі деп болжап отыр.

— Бірдей зейнетақы республикалық бюджеттен өмір бойы беріледі және оған 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар адамдар құқылы. 1980 жылдары туған адамдардың 1998 жылға дейін өтілі болмағандықтан, олардың құқығы жоқ. Өмір бойғы зейнетақымен қамтамасыз ету үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі қазіргі модернизацияның тұжырымдамасына сәйкес оны шартты жинақтаушы компоненттермен толықтыру туралы шешім қабылданды, — деп түсіндірді министрліктің департамент директоры Виктория Шегай.

Ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша,  Қазақстанда орташа зейнетақы 85 мың теңгеден асқан.

— Өткен жылы біз базалық зейнетақы тағайындау тәртібін өзгерттік. Енді оның мөлшері еңбек өтіліне тікелей байланысты. Нәтижесінде 10 жылдан астам еңбек өтілі бар 2,1 млн адам үшін базалық зейнетақы орта есеппен 80 пайызға артты, — деді министр.

Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша базалық зейнетақының орташа мөлшері 27 мың теңгені, ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (ынтымақты және базалық) 85 785 теңгені құрайды.

— Өткен жылы зейнетақыны ресімдеу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Егер бұрын төлем тағайындау үшін 4 өтініш тапсыру қажет болса, қазір халыққа қызмет көрсету орталығына тек бір өтініш ғана беріледі, — деді Б.Сапарбаев.

Сондай-ақ ол 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымы ондағы азық-түлік емес бөліктердің үлесін 40 пайыздан 45 пайызға дейін ұлғайту жолымен қайта қаралғанын айтты. Нәтижесінде шамаға байланысты әлеуметтік төлемдер 3 млн қазақстандық үшін 16 пайызға дейін өскен.

2018 жылы 6,1 млн астам жұмыс істейтін азамат міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамтылған. Елбасының еңбек өтілі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін мәжілісте қаралып жатқан «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» жаңа заң жобасы әзірленді.

— 2020 жылдан бастап еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері орта есеппен 30 пайызға артады деп күтілуде, — деді Бердібек Сапарбаев.

***

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының ресми мәліметіне сәйкес, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылдың 2 тамызында қабылданған № 342-V Заңына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру мақсатында елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибені ескере отырып, зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған қосымша шартты-жинақтаушы құрамдауыш енгізілмек.

Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі жұмыс берушілердің ай сайынғы кірісінің 5 пайызы мөлшерінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қызметкерлердің шартты зейнетақы шоттарына аударылатын жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын болады.

Облыстық филиал өкілдерінің айтуынша, зейнетақы жасына жеткен азаматтар, сондай-ақ, жиынтығында кемінде 60 күнтізбелік ай жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары аударылған I және II топ мүгедектігі барлар (мүгедектігі мерзімсіз белгіленген жағдайда) жаңа құрамдауыштан зейнетақы төлеу құқығына ие болады. Бұл ретте шартты-жинақтаушы құрамдауыштан төленетін зейнетақы төлемінің ең жоғары мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.

«Ақтөбенің» анықтамасы

 Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде 2,2 млн зейнеткер бар. Ал биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері — 85 697 теңге, оның ішінде базалық зейнетақының мөлшері — 26 978 теңге, ортақ зейнетақы мөлшері — 58 719 теңге.

Ал биылғы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша облыстағы жеке зейнетақы жарналарының жалпы саны — 452 404.

Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберіндегі зейнетақы төлемдері — азаматтарға өмір бойы төленетіні бұл жүйедегі маңызды артықшылық. Шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі шеңберінде зейнетақы жарналары жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүргізілетіндіктен, оларға қызметкерлердің меншік құқығы және мұрагерлік құқығы қолданылмайды. Қайтыс болғандардың, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен және өмір бойы төлем үшін жеткіліктілік сомасынан асатын зейнетақы жинақтары бар адамдардың шартты зейнетақы шоттарындағы қаражат, шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қалған қатысушылары арасында қайта бөлінетін болады. Осылайша шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі жинақтаушы ғана емес, тарату жүйесінің де элементтерін біріктіреді. Нәтижесінде шартты зейнетақы жинақтарына жұмыс берушінің белгілі бір қызметкердің пайдасына жасаған зейнетақы жарналары ғана емес, сонымен қатар жүйеден мерзімінен бұрын шыққан басқа қатысушылардың шартты зейнетақы шоттарынан қайта бөлінген қаржылар, сондай-ақ шамадан тыс жинақтары бар қатысушылардың шоттары қосылады. Қаражатты қайта бөлу сәйкес жастағы топтар арасында теңдей жүзеге асырылады (жас топтары туған жылы бойынша қалыптасады).

Осылайша шартты зейнетақы жүйесі әлеуметтік құрамдас бөлікке ие, себебі кірісі жоғары азаматтардың пайдасына тиесілі жинақтар табысы аз азаматтардың пайдасына ішінара қайта бөлінеді.

Айта кету керек, жұмыс берушінің зейнетақы жарналарын енгізудегі мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмысшыларды еңбек өтіліне сәйкес лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Демек, келер жылдан бастап әрбір қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15 пайызы аударылады: 10 пайызы — қызметкердің міндетті зейнетақы жарналары, 5 пайызы — жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленетін зейнетақы жарналары.

Интернет материалдары бойынша дайындаған

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button