Әлеумет

Еңбек қауіпсіздігі пысықталды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «2019 жыл — еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялағаны белгілі.

Осыған орай Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы «Нектар» өндірістік кооперативінің құрылыс алаңдарының бірінде флеш-моб өткізді. Мақсат — еңбек заңнамасының, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласының негізгі талаптарын жұмысшыларға түсіндіру.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары бастап барған бір топ адамды құрылыс алаңында «Нектар» құрылыс компаниясының басшысы Шамиль Каспранов қарсы алды. Флешмоб форматында өткен жұмысшылармен кездесу болашақта 100 орындық балабақша болатын ғимаратта өтті. Құрылыс әлі аяқталмаған.

Кездесуде облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысы Саламат Аманбаев:

  • Соңғы жылдары Ақтөбе облысы тұрғын үй құрылысы бойынша республикадағы алдыңғы қатарларда тұр. Айталық, облысымыздағы жарақаттанудың «0» деңгейі принципі бойынша жұмыс жасайтын және өндірістік жарақаттануға жол бермеу мен алдын алу шараларына қомақты қаржы бөлетін ірі компаниялардың бірі — «Нектар» өндірістік кооперативі. Сондықтан да біз бүгін осы жерде жиналып отырмыз, — деді кездесуде сөйлеген кіріспе сөзінде.

Басшының сөзін мемлекеттік еңбек инспекторы Аслан Жарасбаев жалғастырды. Оның айтуынша, биылғы І жартыжылдықта  облыста өндіріс орындарында 32 жазатайым оқиға орын алып, 39 адам зардап шекті. Оның ішінде құрылыс компанияларында 2 ауыр жазатайым оқиғасы орын алды. Зардап шеккендердің 8-і қайтыс болды. Аслан Жарасбаев одан әрі жұмысшыларға жұмыс уақытында техникалық қауіпсіздік ережелерін мейлінше сақтау қажеттігін, міндетіңізге жатпайтын жұмысты орындамау керектігін нықтап айтты. «Әрбір адам жеке басының амандығын ойлай отырып, техникалық қауіпсіздікті сақтай білсе, еңбекті қорғау мен қауіпсіздік мәдениетінің өскені сол болмақ», — деді мемлекеттік еңбек инспекторы.

Ал «Нектар» құрылыс компаниясының басшысы Шамиль Каспранов облыстың құрылыс нарығында үй салумен айналысып келе жатқан 25 жыл ішінде аумағы 500 мың шаршы метрден асатын 15 мыңнан астам пәтер тапсырғандарын, «Жекпе жек» клубы, «Нұр Сәт», «Нектар» балабақшаларын, төрт автотұрақ салғандарын мақтанышпен жеткізді.

  • Қазіргі таңда біздің компанияда тас қалаушылардан құралған 10 бригада жұмыс істейді. 60-тан астам техникалық мамандар бар. Жұмысшылардың бәрінің басына каска, үстеріне арнайы жұмыс киімі беріледі. Жалақы жасаған жұмыстарына қарай төленеді. Алайда біз уақытымен демалуға мүмкіндік береміз. Әйтпесе, шаршаған адам жұмысты тындыра алмайды. Арнайы мамандар қадағалап, бақылап отырғандықтан да шығар, осы жылдар ішінде бізде оқыс оқиға болмапты, — деді Шамиль Каспранов.

Бұл күні мемлекеттік еңбек инспекторлары бастаған осы топ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамында да кәсіпорынның «Нөлдік жарақаттану» бағдарламасына қосылуына қатысты жиын өткізді. Аталған кәсіпорынның департамент басшысы Д.Гумаровтың айтуынша, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының құрылымдық бөлімшелерінде былтыр 2 жазатайым оқиға, ал биыл жыл басынан бері жеңіл дәрежелі 1 жарақаттану оқиғасы тіркеліпті. І жартыжылдықта қауіпсіздікті сақтау мен еңбекті қорғауға 2 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button