Басты жаңалықтар

1700 ақтөбелік экологиялық сенбілікке шықты

Акция

«Бірге — таза Қазақстан» республикалық акциясына өткен сенбіде 1700-ге жуық ақтөбелік қатысты.

Сенбі күні ұйымдастырылған экологиялық акцияға Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин бастаған топ та қатысты. Бұл күні мал базары аумағын «Халық банк» АҚ Ақтөбе филиалының қызметкерлері тазартты. Үстеріне арнайы киім киіп, қолдарына күрек-тырмаларын ұстаған әкімдік және банк қызметкерлері айналадағы күл-қоқысты жинады.

Республикалық деңгейде жүзеге асырылып жатқан экологиялық акцияға біздің ұжым да белсенді түрде қатысуға бірауыздан шешім қабылдады. Оның үстіне, облыс әкімдігінің бұл бастамасын қолдап, аймақтың экологиялық тазалығы үшін өз үлесімізді тигізу үшін сенбілікке шықтық. Қаламыздың тазалығын сақтау — баршамыздың міндетіміз, — дейді «Халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалы директорының бірінші орынбасары Торғын Бейісова,

Сенбілікке 150-ден астам банк қызметкері қатысты. Оның көпшілігі — жас мамандар. «Халық банкі» филиалының қызметкерлері эко-челленджді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» қабылдапты. Енді олар эко-челленджді «Каспий банк» АҚ Ақтөбе филиалына жолдады. Банк саласының қызметкерлері өздеріне бекітілген 5 шақырымға жуық аймақтан 90 тонна қоқыс жинады.

Бұл күні Ақтөбе қаласының әр аумағында еңбек ұжымдары сенбілікке шықты. Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, сенбіде 1700 ақтөбелік экологиялық акцияға белсенді қатысқан. Экологиялық шара кезінде қалалық әкімдік тарапынан арнайы құралдар мен техникалар қарастырылыпты.

Бұл күні экологиялық акцияға қатысқан еңбек ұжымдарының бірі — «Омас Интегрейтед» ЖШС. Бұл компания аймақта мұнай-газ саласы бойынша кен орындарына бұрғылау ерітінділеріне инженерлік сүйемелдеу, химиялық реагенттерді және тазалау құрылғыларын жеткізумен айналысады. Аталған серіктестік директорының әкімшілік мәселелер бойынша орынбасары Зинаида Яковлева республикалық экологиялық акцияға ұжымның бірауыздан қатысып, өз үлестерін қосып жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Компаниямыздың атынан сенбілікке 60-қа жуық адам қатысып отыр. Экологиялық сенбілікке барлық қала тұрғынын белсенді қатысуға шақырамыз. Қоршаған ортаны таза ұстау — бәрімізге ортақ іс. Сондықтан мұндай акциялардың жиі-жиі ұйымдастырылғаны абзал. Әрбір адам Отанының патриоты бола тұра, қоршаған ортаның тазалығына өз үлесін қосуы тиіс , — деді ол.

Сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар, жастар ұйымдарының өкілдері де әдеттегідей белсенді қатысып, көппен бірге қоқыс жинады. Кезекті экологиялық акцияға 20-дан астам еңбек ұжымы қатысты.

Арайлым НҰРБАЕВА.   

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button