Әлеумет

Жаздың қамы — қыстың қоры

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының  бағаларын тұрақтандыру мен тұрақтандыру қорын құру енді күн тәртібінен түспейді. Жергілікті бағбанбар мен диқандардың өсірген көкөністері жаппай пісіп, сатылып жатыр. Осы уақытта бақша өнімдері біршама арзандайды. Алайда қыс мезгілінде қала халқын толық қамтып үлгермей, қордағы азық-түлік қыс ортасына жетпей таусылып қалады. Тұрғындар оңтүстіктің көкөнісін тұтынып, алыпсатарлардың араласуымен баға тағы көтеріледі.

Міне, осындай жағдайлар болмас үшін, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің орынсыз қымбаттауына жол бермеуге қазірден бастап профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр.

Қала тұрғындарын  азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша қала әкімі Мавр Абдуллин жиын өткізді. Оған мемлекеттік мекеме басшылары, ірі сауда орындары мен базарлар және шаруа қожалығының  басшылары қатысты.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязовтың айтуынша, тұтыну бағасының индексі 102, 2 пайызды құраған. Оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша  105,5 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,4 пайызға төмен.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түріне апта сайын маниторинг жүргізіліп отырады. Қаладағы ірі сауда желілерінде, базарларда меморандум шарттарының орындалуы, жергілікті тауар өндірушілерге қолдау көрсету, сонымен қатар бағаның негізсіз  өсуіне жол бермеу шаралары қамтылады.

Биыл жыл басынан бері 37 рет өткізілген ауылшаруашылық жәрмеңкесінің сауда айналымы 124,1 миллион теңгені құраған.

«Бұл қала тұрғындарына шамамен 12,0 миллион теңге үнемдеуге мүмкіндік берді», — дейді сала басшысы.

Қала тұрғындарына маңызды тауарларға қол жеткізу үшін көшпелі сауданы көбейткен жөн. Бұл арзан әрі бағаның өсуін тежейді. Қала әкімдігі бұған арнайы 85 орын белгілеген. Ал жерілікті тауар өндірушілердің өнімдерін сатуға 286 сауда орны берілген. Бүгінгі таңда қалада 39 сауда базары бар. Оның жетеуі азық-түлік базары болса 19-ы — коммуналдық шағын базарлар. Сонымен қоса 23 «Анвар», 15 «Дина» сауда желілерінің нүктелері жұмыс істейді.

Жиынның негізгі мақсаты — азық-түлік қорын көбейтіп, бағаны тұрақтандыру. Биылғы тұрақтандыру қорына небары 1400 тонна көкөніс салынған.

Қазір көкөністер арзан болғанымен, есесіне қыста екі-үш есе бағасына қымбаттап шыға келеді. Оған басты себеп — азық-түлік қорын мол етіп жинай алмауымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарда әлі де шикіліктер бар. Кем дегенде мамыр айына дейін жететін қор ұйымдастыру қажет. Осыған байланысты қалалық кәсіпкерлік бөлімі барлық тауар өндірушілермен кездесіп, ірі сауда орындарымен, базар басшылығымен келіссіздер жүргізіп, ақылдасып, ахуалды анықтауды тапсырамын. 500 мың халықты көкөніспен қамту оңай емес. Алайда оңтүстіктің тауарына ұрынбай, өзіміздің тауар өндірушілердің өнімін өзімізге қалдырып, қыста қолжетімді бағамен қала тұрғындарына ұсынсақ,  екі тарапқа да бірдей тиімді болар еді. Сонымен қатар қаладағы ірі сауда орындары мен базарлар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорын өз қоймаларында мол етіп сақтауын қарастырсын, — деді қала басшысы.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button