Жаңалықтар

Игорь КРУТОЙ: «Соның арқасы…»

«Мысалы, ән шықты делік, таңертең қарасаң, 2 миллион қаралым, тағы бір айналып қарасаң, 10 миллион… Сұмдық қой. Мен мұндайды бұрын ешқашан көрмеппін. Осының бәрі — соның арқасы, менің емес» — депті Ресейдің халық артисі  Игорь Крутой ТАСС агенттігіне берген сұхбатында. Бұл туралы Zakon.kz сайты жазады.  Композитор Димаштың өз шығармашылығына ерекше леп әкелгенін, оның өзіне көмегі барын жасырмай айтқан.

Біздің жоспарымыз өте үлкен, біз бір-бірімізге теңдей ырзамыз. Мен Димаш Құдайбергенге көмектесті деген сөз емес. Ол маған да сондай деңгейде көмек жасады. Қай жағынан дейсіздер ме? Менің әнімді тыңдармандарға жеткізу тұрғысынан. Мұны бірауыз сөзбен жеткізу өте қиын. Мысалы, ән шықты делік, таңертең қарасаң 2 миллион қаралым, тағы бір айналып қарасаң, 10 миллион… Сұмдық қой. Мен мұндайды бұрын ешқашан көрмеппін. Осының бәрі соның арқасы, менің емес. Мен оған дейін де жақсы әндер жазып, танылып жүрдім ғой. Бірақ тура Димашпен бірге кездегідей ол ауқымды аудиторияны қамтып, тез тараған емес. Сондықтан менің алғысым шексіз оған, —  дейді артист.

Ол Димашпен қалай танысқанын да баяндап беріпті.

Димаш әкесі екеуі менің досымның әнінің тұсаукесері кезінде қасыма келді. Ол маған ыңылдап бір әндерді айта бастады, сөйтсем ол «Жаңа толқын» фестивалінде қойылған менің әндерімнің барлығын жаттап алыпты. Теледидардың алдында отырып, осы байқауға қатысуды қалай арман еткенін де айтты. Осының бәрін ол қобалжып тұрып, шын пейілімен жеткізді. Жақсы адам екені бірден көрінді. Иә, өте жақсы жігіт, адамгершілігі мол, кез келген адам онымен  қысылмай-қымтырылмай емін-еркін сөйлесе кетеді, — дейді белгілі сазгер.

Сондай-ақ Игорь Крутой 26 қазан күні Нью-Йорктегі «Барклайс-центр» кешенінде  өтетін мерейтойлық кешінде  Димаштың өзінің таңдаулы бес-алты әнін шырқайтынын айтқан.  Сонымен бірге тағы жаңа әндер жазылып жатқанын да жеткізіпті. Димаш Құдайберген тамыз айының аяғында Сочи қаласында Игорь Крутой ұйымдастырғалы отырған «Новая волна» фестивалінде, күзде Нью-Йорк, Мәскеу, Минск, Дюссельдорф қалаларында өтетін мерейтой концерттерінде өнер көрсетеді. Бұдан бөлек Димаш Ресейдің Санкт-Петербург және АҚШ-тың Нью-Йорк қалаларында жеке концертін өткізеді.

Сондай-ақ Димаш Игорь Крутойдың Түркияда өткізген туған күн кешіне ата-анасымен бірге барды. Бұл туралы әнші өзінің инстаграм парақшасында жариялады. Ал әншінің фанаттары әлеуметтік желіде оның суреттерін бөлісіп жатыр.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button