Әдебиет

Баймолдиннің беймаза белестері

…Шыншыл кісі кім болады тірісінде,

Өлгесін ше? Иә, мен де сол болам.

Сәбит Баймолдин.

Кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немесе одан сәл ілгерілі-кейінді дүниеге келгендер әлбетте өздерінің қай дәуірдің тумасы екендіктерін ескертуді (дұрысын айтқанда, үнемі ескертіп отыруды) ұмытқан емес. Бұлай дегенде біз, әрине, оған дейінгі ғұмыр кешкендер өздерінің кім екендіктерін назарға ұсынбаған деуден аулақпыз. Тым әрідегі Қазтуғанның «Мадақ жырын» («Мұсылман мен кәуірдің / Арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған!!») қозғамағанда, ең берідегі Қасым Аманжоловты қайда қоямыз: «Ежелден еркебұлан Қасым едім, / Бұлқына тасып едім, басып едім. / Жүзім — жаз, көңілім — көктем, кең пейілді, / Жақсының жүрегіне ғашық едім». Сондай-сондай көптеген әдеби мектептердің алуан түрлі дәрістерін талмап өскен Сәбиттің де өз тамыр-талшығы қалай көктегенін жиірек айтпайтын жөні бар ма еді. Оның үстіне өз қатары секілді бұл ағамыз да соғыс дәуірімен жағаласа туды, алдындағы оқ көрген, от кешкен майдангерлердің қолына су құйып өсті, тәлімін көрді. Мысалы: «Мен Жұмағали Саинға келгем, / Он өлеңім қойында келген. / Он сан қорқыныш ойымда келген, / Мен Жұмағали Саинға келгем». Міне, осындай реттер ақын Сәбит Баймолдинді өлкелік географиядан гөрі өзекті биографияны көбірек жырлауға жиі итермелеген тәрізді. Алдын ала озып айта кетелік, 2013 жылы көп томдық «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен ақынның бір томдығын шығарған кезде беташар туынды ретінде «Төл» деп аталатын өлеңді таңдап алған едік:

Қаһарлы жылдар төліміз,

Төңкеріліп туған түнгі аспан.

Жұлдыздардың селіміз,

Жымыңдасқан, жымдасқан.

 Қаһарлы жылдар төліміз,

Жасаурап жаны жалтты емген.

Толтырармыз деп сені біз,

Қара қазандарға ант берген…

Сонау бір сұрапыл жылдарды еске түсіре осылай басталатын шумақтарда, оқып отырсаңыз, ешбір күрсініске орын қалмайды, кеткен күннің қайырын тілеген қамкөңіл жұбатулар да жоқ, қайта оқырманды әлдебір жігерлі сенім үздіксіз ширықтырып отырады. Ана тұстан, мына тұстан шеккен бейнеттер мен жармасқан жоқшылықтар ғана емес, одан гөрі қара қазандардың төңкерілмеуін тілеген күрескерлік көбірек көрініп тұрады. Және бұл тек бір ғана өлеңмен шектелмейді. Мысал қосайық. Ақынның «Армия семьясы» деп аталатын жеті бөліктен тұратын ұзақ өлеңі бар. Туындыдағы мына жолдар сол жылдардың бір естелігін анық суреттейді:

…Жесірлер көбейді, жетімдер топталдық,

Бүкіл ел «Армия семьясы» боп қалдық.

Сөйледі ауылдың қара мұрт ағасы:

«Мыналар Отанның өзінің баласы».

Алтыншы ауылдың біз бір топ кетігі,

Боп алдық Отанның, Отанның жетімі…

Көрдіңіз бе, жай ғана жетім емес, Отанның жетімі. Және ақынның осы ұғымды үстемелеп айтуы әлдебір өрліктің өрісін байқататындай: «Боп алдық Отанның, Отанның жетімі». Міне, осылай өзінің жетімдігіне қаймықпай қарайтын (әрине, іштей назаланса да) лирикалық кейіпкердің шынашақтай бейнесі өлеңнің одан кейінгі жолдарында ірілене түседі:

…Сырықтай серейдім, шыншылдың өзі боп,

Отанда көз болса, соның бір көзі боп!

Әсіресе, осы соңғы жол Сәбит ақынның бүкіл творчествосының негізгі өзегі екенін бөле-жара айтқанымыз мақұл. Бұлай болуы, тіпті түптеп келгенде, заңдылыққа да жататын сияқты. Себебі, әсіресе, Сәбиттер поэзияға дендеп кіріскен жылдарда коммунизм құрылысшыларының моральдық кодексінің талаптарына лайық болу туралы насихат беделді мінбелерде, тіпті мінбесіз бас қосуларда да ерекше сөз болып жататын еді. Саяси үрейлер азайып, дастарқанға тоқшылық кіре бастаған сол жылдарда бұрынғы әсіреқызыл дидактикалық үгітнамалардың тозыңқырап бара жатқан жабдықтарын әрқилы тірлікті сараптауға қадам басқан әлеуметтік сарындар, адамгершіліктің сәулесіне құштар көңілдің адал ықылас-ниеттеріне толы тілек-толғаныстар, қоғамдағы жеке адамның ролі туралы  ізгі пайымдар, соның ішінде, әрине, қалам ұстаған ақынның парызы мен парасаты жөніндегі сыр шашулар тәрізді жаңа жасаулар алмастыра бастаған болатын. Сол кезде Төлеген Айбергенов «Ақындық» дейтін өлеңін «Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым, / Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның» деп бастаса, Қадыр Мырзалиев «Дала дидары» кітабында «Ақын бірде бақытты, Сұмдықты айтар, / Бүгінді айтар, Кешегі құлдықты айтар. / Сендер оны сөкпеңдер, Ақын — бала, / Бала деген қашанда шындықты айтар» деп жырлаған еді. Осындай-осындай жағдайлар Сәбитті де орағытып өтпейтіні белгілі ғой. Ол да ақындық, ақын туралы біршама шумақтарға қол созды, төмендегіше толғанды:

…Айтар сөзін айта алмаса, оқталып,

Нақ жетімдей қалады ел тоқталып.

Жетім әке — баласы жоқ әке де,

Жетім халық — ақындары жоқ халық.

 

Жапан түзде көбейсе егер жар мұңы,

Естілмесе әділеттің жарлығы,

Ұсақтығынан емес, иә, халықтың —

Ақындарының ұсақтығынан барлығы.

Әсіресе, осы соңғы екі жолдың қадірі қазір де төмендеген емес. Олай болатын бір себеп, қазір де тасқа басылған сөзді қадірлей жүретін қазақ жұрты әлдебір тосын жағдайларда ақын-жазушылардың лебіздеріне елеңдеу дағдысынан жаңылған емес. Егер бүгінгі өлеңдер Қадырдың тапқыр да шымыр шумақтары тәрізді әйтпесе Мұқағалидың қара өлеңнен нәрленген құйылмалы қайырымдары сияқты ел аузында жүрмесе, мәселе тек осы заманғы ақынға ғана тіреліп тұрған жоқ, мұның таратып айтуға тұрарлық көптеген себептері мен салдарлары бар. Бірақ бұлайша талдау басқа бағыттың тарауы болғандықтан біз Сәбиттің қаламынан сол заманда туған өлеңдерге сол заманның көзімен қарағанды жөн көріп отырған жайымыз бар.

Әрине, ол заманда да өлең шіркін өлшеніп тартылар таразылар аз болған жоқ. Ол заманда да көктемдегі гүлдердей қаулап өсіп жатқан өлеңдердің арасынан өз қолтаңбаңды ерекшелей көрсетуге ұмтылу естен шыққан ештеңесі жоқ. Әрі-беріден соң бұл тұрғыда Сәбит өз өлең отауын ел ізі түспеген тіпті бөлек жайлауға қондырғысы келгенін де сол дәуірдегі қаламдастары анық байқады. Тек, бір өкініштісі, поэзия толы басын тауға да, тасқа да соққан Баймолдинді түсінуге терең бойлай қойғандар аз болды да, жаттандылыққа жаттыққандар көбірек мақталып жатты. Айталық, Мұқағали Мақатаевтың Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қорытындысында 1971 жылы жарық көрген жыр жинақтарына талдау жасай отырып, С.Баймолдиннің «Қызыл іңір» кітабы туралы айтқанын жалпы қауым қостап әкете қоймады. Ал баяндамашы М.Мақатаев былай деген болатын: «…Сәбит — ешкімге ұқсамайын деп, есі кете ізденгіштігімен ақын, іздену жолындағы артық я кем айтуымен де ақын. Жырының салмақтылығы; тілінің ащылығымен де ақын. Тіл өнеріндегі дертімен де, орнының оқшаулығымен де Сәбитті қабылдауға болады. Өткен жылғы жарық көрген оның «Қызыл іңірі» — осының айғағы». Мұны «Өжет ойлы ақын» деген мақаласында Фариза Оңғарсынова да ескерткен болатын: «…Сәбит ақынның өлеңдері өзге жұртқа ұқсамайды, ол ұйқас қуалап, әр жолын шыңыраудай шегендемейді. Сәбит өлеңді ойға құрады. Ойсыз өлең құмнан илеген шымдай опырылғыш келеді. Осы себептен кей жұрт Сәбит өлеңдеріне осқырына қарауы да мүмкін. Өйткені ол әр шумағының бас-аяғын жылан жалағандай етіп тақылдамайды. Кейде жыр жолдарының ырғақтарын әдейі бұрмалап, өзінше өрнек жасайды, өзінше ой түйіндейді». Міне, осылай ізденген ақын Сәбиттің өлең туралы өлеңі де өзгеше болуы заңдылық еді:

Бақыт па… бір қараға бет түзедім,

Өмірімнен өлең ғып от тіземін.

Қайткен күнде, мен осы өлеңімді —

Ішер тамақ дәрежесіне жеткіземін.

 

Бақыт па… бір қараға бет түзедім,

Өмірімнен өлең ғып от тіземін.

Қайткен күнде, мен осы өлеңімді —

Киер киім дәрежесіне жеткіземін?!.

Бір қарағанда тым қарабайырлау көрінетін секілді. Тамақ пен киімді поэзиямен салыстырудың жөні жоқтай-ақ. Бірақ, өлеңнің басты міндеті, шындап келгенде, расында да пенде байғұс күнде (мейлі, тіпті оқта-текте болса да) іздеп отырарлықтай қажеттілікке, яғни рухани азық-түлікке айналу емес пе?! Міне, осылай түйсінген ақын үшінші шумақта негізгі мақсатын паш етеді:

Бақыт па… бір қараға бет түзедім,

Өмірімнен өлең ғып от тіземін.

Қайткен күнде, мен осы өлеңімді —

Жарық сәуле дәрежесіне жеткіземін.

Сәбит өлеңді, міне, сондай-сондай дәрежелерге жеткізу үшін жазатынын жасырмағаны көрініп тұр. Бұл да жұрт соңынан елпілдеп ере бермейтіндікті аңғартатын жеке мінездің бір көрінісі. Және ақынның, мысалы, осы өлеңін оқығаннан кейін шала-шарпы көз жүгіртіп өте шығарлықтай көрінетін, жалпылама түрде талай айтылып жүрген мына жолдарға кәдімгідей сеніммен қарауға болады-ақ: «Жасырып та жүре алмаймын ештеңе, / Асырып та айта алмаймын мына мен» немесе «Мен ащыны айта аламын жасырмай, / Айта аламын еш жасырмай тәттіні». Осы сөзімізді дәлелдеу үшін бір мәселеге тоқтала кеткеніміз жөн. Бажайлап отырсаңыз, оннан астам жыр жинағын шығарған ақынның қаламынан туған сүйіспеншілік туралы жырлар  тым аз, тіпті, асырыңқырап айтсақ, жоқ деуге де боларлықтай. Неге? Махаббат лирикасы дегеніңіз кез келген ақынның творчествосынан ойып орын алатын тақырып еді ғой. Ал бұл ақыныңыз бұл тарапта тым сараң. Мұны ақын «Інілерге» деп аталатын өлеңінде ұқтырады. Өлең автордың баршаны бауыр тұтатынын жарнамалап тұратындай қалып көрсетуге тиіс өзімсінген леппен аталмауы да, яғни «Інілеріме» деп емес, «Інілерге» деп айдарлануы да ақынның басы артық жәркелештікті ұнатпайтынын аңғартады. Және ақын бұл «мінін» бірінші шумақтан-ақ мойындайды:

Бір өлең де махаббат жайлы жазбаймын,

Жазғыра бер, нәзік ұрпақ, о, мені.

Ұша берем қаңқылдап мен қаздайын,

Оятамын шетсіз-шексіз дүниені.

Одан әрі ақын соғыстан оралмаған әкелердің соңында қалған жалғыз-жалғыз тұяқтардың талайының басында болған жайды баян етеді:

…Орта ғасыр бәйіттерін жаттағам,

Тарыққам жоқ мен «аһ» ұрып шөлдеп кеп.

Он сегізге шын асыға аттағам —

Бір кемпірді қуанту тек міндет боп.

 

Тез өсірсе деп ойлағам келер күн,

Шаңырақты тікейтуге ой кеткен.

«Біздің үйге барасың ба?» дегенмін, —

«Барамын!» деп айта салды бойжеткен…

Әрідегі Ләйлі-Мәжнүн мен Фархад-Шырынның, берідегі Қыз Жібек пен Төлегеннің ғашықтық хикаялары әркімнің талан-тағдырына кірісе берді дейсіз бе, Сәбит ағамыз бен Жантөре жеңгемізге бұйырған бақ басқаша болған секілді: «көзбен көр де, ішпен біл». Дегенмен осы өлеңнің соңғы шумағы бәрібір Сүйіспеншілік пен Махаббатты шынайы дәріптейді:

Есімде жоқ жастық дауыл.

Көп елес,

Менде де сол

жүрек деген елші бар.

Махаббатшыл ұрпақ, бәлки, сен емес,

Үнсіз, түнсіз сүйе білген

мен шығар.

Қалай болғанда да оқырман ретінде маған, мысалы, қай кезде де  тұтанғыш сезімнің жауапсыз қалған тілегін жылана жоқтайтын жалт етпе жалған шетсіз-шексіз күңіреністерден гөрі шындығын бүкпесіз жайып салған осы өлең көбірек ұнай береді. Бұл ретте белгілі әдебиетші-ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың мына түйінді пікіріне ден қоймауға болмайтын да сияқты: «…Бір шындықтың басы ашық — жасында қызға сәлемхат жазбайтын адамның болмайтыны сияқты, ішкі әлемін үнемі бір нүктеде ұстайтын адам да жоқ. Бірақ сол интимдік сәлемхат, яки сыр-өлеңнің бәрі бірдей жария бола бермейді. Яғни қоғамның көркемдік, моральдық талаптарына жауап беруі керек». Біздіңше, Сәбит ақынның ұстанымы да осы ыңғайдан табылатын тәрізді. «Үнсіз, түнсіз сүйе білу», бәлкім, жақсы көргеніңді (бір емес, әлденеше рет әлденеше қыз бен келіншекті ұнатып қалғаныңды) жалпақ әлемге жағың талмастан жариялап жүруден гөрі әлдеқайда қиын шығар-ақ.

Махаббат дейтін әлемге көзқарасы осылай болғанда Сәбит Баймолдин сонда қандай тақырыпқа қалам тербеді? Біздіңше, ақын өлеңдері көтерген негізгі жүк — әлеуметшілдік сарынмен астарланған азаматтық әуен. Сәбиттер заманындағы сол әлеуметшілдік сарынды, азаматтық әуенді қазір басымыз қосылса барлығымыз жабыла жамандай жөнелетін социалистік реализм күресіне лақтыруға дайын тұратынымыз бар. Рас, лениндік саясатты, компартия мұратын, кемелденген социализм келбетін өңеш кере жырлаған шумақтарға шүйлігуге болар, бірақ, мысалы, азаматтық әуеннен біржола бас тарту мүлде мүмкін еместігі және аян ғой. Ақынның «Туған елді сүйіңдер» деп аталатын өлеңі бар. Ол кезде КСРО-ның ұлан-байтақ территориясын да туған ел есебіне кіргізіп жіберетініміз рас еді. Бірақ Сәбит нақтылыққа сүйенуді басты шарт санайтын мінезімен бұл бұлыңғырлықты алғашқы жолдан бастап-ақ сейілтіп алады. «Атамекен. Көз алдымда барлығы, / Өзен-тауы, әні-жыры, тағдыры» деп басталады өлең. Одан соңғы шумақтардың бірінде:

…Атамекен. Ой ғып ойлап күнін әр,

Жыр ғып тербеп, тебіренеді тұрып Ар.

Бізде кім бар, туған елден басқа осы,

Туған елдің бізден басқа кімі бар?

 

Жылдар келер жыл артынан тиеліп,

Үй тігілер үй артынан үй еріп.

Үйретейік сүюді де балаға,

Өзіміз де келістіріп сүйелік, —

дейді ақын. Келісесіз. Рас, «ой ғып ойлап» деген тіркестің дұрыстығына күмәндануыңыз мүмкін. Тіпті «тұрып Ар» деген тіркес те ұйқас үшін алынғандай болып көрінер. Бірақ, сәл зерделесеңіз, тіпті де жантайып жатпайтын, қай уақытта да қылышын қайрап атып тұратын Ар-Намысты көзге елестетуге болады. Дегенмен мәселе мұнда да емес, мәселе одан да арғы бірер шумақтардың салмағында жатыр. Оқыңыз:

…Өз елімді «әкем» деп те, «анам» деп,

Басқа елді жақтырмау да маған жат.

Әрбір халық бақытты болмай, меніңше,

Еш бақытты бола алмайды Адамзат.

 

Дөңгеленіп өте берер толған Ай,

Отыра алман абызы боп толғамай.

Меніңше де, қорғалмайды Адамзат,

Әрбір халық өзін-өзі қорғамай.

Микроскоппен үңілсеңіз, өлеңде айтылған «өз елімді» де, «басқа елді» де, «әрбір халықты» да жаңылыспай тауып алуға болады. Бірақ әлде әр жолға шұқшия-шұқшия көзі ауырған кеңестік цензура сол тұста шынымен шаршады ма, әлде «құрысыншы, ел дегені КСРО ғой, бара берсінші» деп қолын бір сілтеді ме, әйтеуір астарлы жыр жинаққа жарияланып кетті. Әттең, ақындармен арпалыса-арпалыса ақиық болған цензура секілді өлеңге атауына қарата баға бере салуға дағдыланған оқырман да бұған назар аудара қойған жоқ. Барлығы емес, әрине. Айталық, Фариза Оңғарсынова жоғарыда аталған мақаласында ақынның «Саны аз халық болады, / Жер айтады ол жайлы. / Жаман халық жоқ әлі, / Кіші халық болмайды» деп басталатын өлеңін мысалға келтіре отырып, «…Біз, өзге ақындар, «Ұлы халық жасасын» деп ұран өлең жазып жар салып жүргенде… Сәбит ақын өз ойын осылай айтады» деп тұжырымдайды. Айтса айтқандай-ақ, Сәбиттің жиі оралатын қазығының бірі — осы жүйе — туған жер, туған ел. «Далам менің — маңдайымда тұрған Ай…»,  «Халқымыздан тіл алдық, ұзын әрі…», «Күнкөріс қамы жоқ есте…», «Туған ел», «Әйтеуір Отан болып сөйлейміз біз», «Суретшіге», «Ой», «Елу алты сом» тәрізді көптеген өлеңдеріндегі көптеген тармақтар атамекен алдындағы қарыз пен парызды қайта-қайта еске салуымен, еске салғанда да оқыс тоқталып оқуға мәжбүр ететін өзгеше үнімен құнды: «Намыс, намыс — халықтың ізі, жаны, / Байлығы да, кісінің қызығары. / Намыс десек — халықтың денсаулығы, / Намыссыздықтан денсаулығы бұзылады» немесе «Сырымды айтқам, айтпасам сенделемін, / Ауырамын, сеземін ем керегін. / Отанның кеудесі де сондай шығар — / Сондайда Отан болам мен дегенің» әйтпесе «Өткен күннің салдырлатып тиынын, / Мен халықтан сұрап жүрем қанағат» болмаса «Бәрі жақсы-ау; «дала» деп жазар жігітке / Өзім қаламсап болғым келіп тұрғаны-ай». Осы келтіріліп отырған бүтін, жарты шумақтардан Сәбит өлеңдерінің тұтас бейнесінің ілкі сұлбасы шығады. Ол көз тоқтатар ноқаты кемшін ұзынсонар желдірмелерге ұрына бермейді, тізгінді қай жерде қалайша тартып ұстауды жақсы сезінеді. Бұлай болатын себебі де бар. Отан, ел, халық туралы өлеңдер қай кезде де аз болған емес. Бірақ мұны көпсінудің және жөні жоқ. Тіпті көпсінген күнде де өлеңдердің қаузаған тақырыбын емес, бір-біріне ұқсастығын, сол ұқсастықтардан пайда болатын тартымсыздықтарды ғана көпсінеміз. Осыны әбден ұққан Сәбиттің, білімдар Сәбиттің (оның аспирантура бітіргенін және ол заманның аспирантурасында Асқар Сүлейменов, Сәкен Жүнісов тәрізді мықтылар оқығанын ұмытпаңыз), әр өлеңнің өз мінезі болуы керектігін пайымдаған Сәбиттің тосын ізденістерге барғанын таңсық көрудің де қажеті шамалы. Бұл, әрине, омбы қарға жаяу жол салумен шамалас тірлік екені мәлім. Сондықтан да ақынның:

Талай-талай дуылда

Жалындармын жыр болып,

Ақ жаңбырдың суына

Жуылармын

Қайта-қайта кір болып, —

деп жазуы, бір жағынан, өлең сапарында көрер көресісін де болжағаны секілді көрінеді. Жалпы Сәбиттің жырларын негізінен бір нүктеге ұштасқан бір үштаған биікке көтеріп тұрады: туған ел — адам — ақын. Ол туған елді жыр етсе, тек өзінің жеке басының ықыласын білдірумен шектелмейді, сол туған елдің жоғын жоқтайтын адам боп жүру мәселесін сөз етеді. Ал ақындық туралы сөз қозғаса, өмірін өлеңнің көгеніне ғана байлап қоймайды, қаламгердің туған елге пайдасы қандай болуы керектігін үнемі түртпектеп айтып отырады. Былайша айтқанда, адам мен ақынның туған елдің мүддесіне сіңіруі қажет еңбегін бөліп-жармайды, тұтастай назарда ұстайды.

Міне, осындай қалам иесінің кенеттен тамылжыған табиғат туралы сүйкімді өлеңдер жазуы мүмкін еместей де көрініп кететіні бар. Тіпті де олай емес. Бірақ бұл ретте де Сәбиттің өз мінезі көрініп тұрады. Ол әйтеуір көрікті көктемді гүл бүр жарар нұрлы шақтың хабаршысы не аязды қысты қаһарлы кезеңнің қатал билікшісі есебінде ғана бейнелеуді мақсат тұтпайды. Ол сол маусымдардан көзге ерекше ілігер детальдар іздейді. «Жазғытұры» деп аталатын өлеңдегі мына жолдар осының куәсі:

Көкжиекке қараймын бойға жаңа сөз дарып,

Бәтеңкемді түртеді жаңа тірлік қозғалып…

Бұны кәдімгі көктемгі тіршіліктің ешқандай қызыл-жасыл бояулары қосылмаған қарапайым бейнесі десек те болатындай. Бірақ, бір жағынан, сол қызыл-жасыл бояулар осы екі жолдың арғы жағынан сығалап та тұрғандай-ақ. Қонышты етікті емес, жайпақ бәтеңкені қандай жаңа тірлік түртетіні белгілі ғой. Ақын осы көктем туралы өлеңдерінің және біреуіне «Асығыс» деген атау қойыпты. Расы да сол-ау. Қардың еруі, мұздың мүжілуі, өзеннің тасуы, бұтақтың бүршік жаруы — барлығы да көңілдерді әлдебір тағатсыздыққа итермелеумен болады. Өйткені өзің бұлдана басып жүрген қара жер түгілі көкте де солай:

Асығыс бұлдыр бұлттар да,

Бу шығып бүйірлерінен,

Тиеліп алып шықтарға,

Барады үйірлерімен…

Жалпы Сәбит жұрт алдындағы жеке жауапкершілікті еске салып отыратын тиянақты өлеңдерінде қаншалықты қытымыр болса, мың-сан құбылғыш табиғат туралы жырларында да соншалықты үнемшіл. Ол іздегенде табылатын танымал тіркестерді, оңай пайдалана қоюға ыңғайлы оңғақ бояуларды нәпақа етпейді. Айталық, алғашқы ақша қар туралы өлеңі көз қаныққан көріністерді бейнелей тұра, бұрын байқамаған ұқсастықтарды ұсынуымен қызғылықты:

Тым асығыс жауды қар,

Сәуле түтеп, ұшты нұр.

Тарта берді тау мұнар,

Аппақ болды үсті бір.

 

Торғай шулап жүрді көп,

Бұтақтарға таласа.

Құйттай боран тұрды кеп

Қанаттарын сабаса…

Боранның алай-түлей түтеуі жөнінде хабары мол оқырман бұл өлеңдегі жаңаша салыстыруды тым жат қабылдай қоймайтын сияқты: «Сәуле түтеп, ұшты нұр». Сүйкімді сурет. Қарсы алдыңнан әлдебір жарық дүние құшағын жайып келе жатқан тәрізді. Сол сияқты құйттай боранның қанаттарын сабалауы да әлдебір ақ үрпек балапандарды еске түсіреді. Әрине, Сәбит те барлық ақындар тәрізді өзінің де табиғаттың бір бөлшегі екенін еске салып отыруды ұмытпайды. Бұл да әдеби әдіс-тәсілдің бір түрі екені мәлім. Ауыл сыртындағы бір көріністің мына бір мысалы да көңіліңді түрткілеп өтеді:

Бәз баяғы таныс үн,

Ойнақтайды мың күліп.

Долы бұлақ ағады

Суретімді сындырып.

Ал келесі бір қос тармақта ақын табиғатпен тым туыстасып кетеді, жердегі әлсіз пенде мен көктегі ғаламат қуаттың салыстырмалы түрдегі ортақ ұқсастығын көріп қалады:

Ұясынан жұмысына бара жатқан

Доп-домалақ күннің де қолын алам…

Міне, осылайша қай тақырыпқа қалам тербесе де өз сөзінің ерекше мінезін көрсетуден танбаған Сәбит ақынның кітаптары туралы бірер сөз айтуға тиіс болғанда сонау кеңестік кезеңде беташар бетке тым сараң жазылатын ресми тілмен тамырлас аннотациялар да бұра тартпапты. Соларға үңілсек, өз кітаптарында ақын, кейін біз де мойындағандай, «шындықты жырға қосыпты», «азаматтық парызды терең сезінуге үндепті», «жас ұрпақты отаншылдыққа, белсенділікке, елді, жерді, адамды, әділетті сүюге» шақырыпты. Ақынның осының барлығын сыйғызып айтқысы келген мына бір шумағын қадалып оқығанымыз бар:

Өлең ғана бұ тірлікте қол маған,

Басқа нәрсе ойымда еш болмаған.

Шыншыл кісі кім болады тірісінде,

Өлгесін ше? Иә, мен де сол болам.

Әлдебір әшекейлер қоспай, осылай тіке айта салу да тек Сәбит Баймолдинге біткен ақындық мінез еді.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button