Спорт

Токио Олимпиадасына 1 жыл қалды

Енді бір жыл уақыттан кейін Жапония астанасы — Токиода ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары басталады.

Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілдесінде басталып, 9 тамызға дейін созылады деп жоспарланған. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) бүгінде Ойындар аясындағы жарыстардың кестесін бекітіп те қойды. ХХХІІ жазғы Олимпиадада спорттың 33 түрінен барлығы 343 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

21 спорт түрі бойынша жарыстар Олимпиаданың алғашқы күнінен-ақ басталмақ. Сондай-ақ, софтбол, каратэ, серфинг, жартасқа өрмелеу және скейтбординг секілді спорт түрлері Олимпиада бағдарламасына бірінші рет енгізіліп отыр.Ал кейбір Олимпиада бағдарламасында бұрыннан бар спорт түрлері бойынша жарыстың жаңа түрлерін енгізу де көзделген. Мысалы, дзюдо күресінен командалық жарыс, ал жүгіру мен жүзуден ерлер мен әйелдер аралас эстафеталар өтетін болады, т.б.

Алғашқы жолдамалар

Қазақстандықтар Олимпиадаға 20-дан астам спорт түрінен қатысады деп жоспарланып отыр. 20 маусым күнгі мәлімет бойынша, қазақстандық спортшылар Токио Олимпиадасының 5 жолдамасын иеленген. Бұлар — Георгий Шейко(жеңіл атлетика), Евгений Гидич (велоспорт), Виталий Худяков (ашық суда жүзу), Дмитрий Баландин (жүзу) және классикалық садақ атудан ерлер командасы.

Бірақ содан бергі уақыт ішінде жолдамалар саны артты. Мысалы, үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова маусымның соңында Алматыда өткен лицензиялық жарыс — Қазақстан кубогында Олимпиада нормативін орындады. Оның нәтижесі 14,37 метр болды.

Ольга Рыпакова — үш бірдей Олимпиада жүлдесін иемденген бірден-бір қазақстандық спортшы. Ол 2012 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода қола медальға ие болды. 2008 жылы Пекин Олимпиадасында Ольга 4-орын алған болатын. Алайда кейіннен Пекинде күміс және қола медаль алған спортшылар допинг дауына ілігіп, ХОК күміс жүлдені Ольга Рыпаковаға табыс етті.

Дмитрий Баландин де шілде айында Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында тағы бір Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Бұрын Баландин Champions Swim Seriesжарыстарының қорытындысы бойынша брасс әдісімен 200 метр қашықтыққа жүзуден Олимпиада жолдамасына қол жеткізген еді. Ал Оңтүстік Кореяда ол 100 метр қашықтыққа жүзуден Олимпиада нормативін орындады.

Спорттың көптеген түрлерінен, соның ішінде жекпе-жек түрлерінен спортшылар Олимпиада жолдамасын лицензиялық турнирлерде рейтингтік ұпайлар жинау арқылы ұтып алатыны белгілі. Бүгінгі күні, мысалы, каратэден Дархан Асаділов өз салмақ дәрежесі бойынша 5287 ұпаймен рейтингтік кестеде көш бастаса, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметов 4821 ұпаймен бесінші орында тұр.

Бастапқы 5 жолдамаға қайта оралар болсақ, олардың ішінен садақ атудан ерлер командасы ұтып алған жолдама — еліміз үшін үлкен жетістік екенін атап өту керек. Өйткені қазақстандық садақшылар Олимпиададағы командалық жарысқа 20 жылдан соң, яғни Сидней Олимпиадасынан кейін қайта оралмақ. Бұл жолы қазақстандық команда құрамында Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин болды. Олар Нидерландта өткен әлем чемпионатының 1/8 финалында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегерлері — АҚШ садақшыларын 6:0 есебімен жеңді.

Сондай-ақ, биыл Кувейтте ашық суда жүзуден Азия чемпионатында ерлер арасында сарапқа салынған жалғыз Олимпиада жолдамасын ұтып алған Виталий Худяков — біздің жерлесіміз. Ол — ішкі жарыстарға Ақтөбенің атынан шығып жүрген легионер спортшы. Худяков Азия біріншілігінде 10 шақырым қашықтыққа жүзуден чемпион атанып, құрлықтық жүзу федерациясының шешімімен осы қашықтықтың жеңімпазына тиесілі болған жолдамаға қол жеткізді.

Боксшылар жолдамаға таласты қаңтарда бастайды

Өткен жылғы қараша айында халықаралық әуесқой бокс ассоциациясының (АИБА) басшысы болып қылмыс әлемінің «серкесі» саналатын өзбекстандық Гафур Рахимовтың сайлануы, сондай-ақ Рио-де-Жанейро Олимпиадасындағы бокс жарыстары қорытындыларына жанкүйерлердің келіспеуі (мысалы, 91 кг салмақ дәрежесінің финалындағы Левит-Тищенко жекпе-жегі), төрешілерге қарсыарыз-шағымдар түсіп, қорытындысында, бірнеше төрешінің Олимпиада аясындағы жарыстардан шеттетілуі салдарынан, бокс төңірегінде үлкен дау туды. ХОК бұл спорт түрін Токио Олимпиадасы бағдарламасына енгізу-енгізбеу төңірегінде мәселе көтерді. Осындай жағдайда АИБА президенттігіне Серік Қонақбаевпен бірге таласып, «жеңіске» жеткенГафур Рахимов көп ұзамай сол жеңісінен бас тартуға мәжбүр болды. Бұл міндетті уақытша атқару марокколық Мухаммед Мустасанға жүктелді. Дегенмен мұның мәселені АИБА-ның пайдасына шешуге септігі тимеді. 24-26 маусымда өткен ХОК-тың кезекті сессиясында АИБА-ны Токио Олимпиадасынан шеттету туралы шешім қабылданды. Дегенмен боксшыларға Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік берілді. Іріктеу турнирлерін ұйымдастыру ХОК мүшесі, халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэнің басшылық ететін арнайы топқа тапсырылған. Жолдамалар сарапқа салынатын жарыстар 2020 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығына жоспарланған. Яғни боксшыларымыз Олимпиада жолдамасы жолындағы жарыстарға тек келесі жылдың басынан ғана кіріседі.

Сонымен қатар Токио Олимпиадасы бағдарламасына боксшыларымыз: ерлер құрамасы — 8, ал әйелдер құрамасы 5 салмақ дәрежесі бойынша қатысатын болады. Өткен Олимпиадаға ерлер құрамасы 10 салмақ дәрежесі бойынша қатысқан еді. Токио Олимпиадасында боксшылар 52 кг, 57кг, 63 кг, 69 кг, 75 кг, 81 кг, 90 кг және 91 килограмнан жоғары салмақ дәрежелері бойынша бақ сынайды.Ал әйелдердің салмақ дәрежелері — 51 кг, 57 кг, 60 кг, 69 кг және 75 кг.

Әрине, бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуы біз үшін үлкен қуаныш болды. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық боксшылар Олимпиадаларда 22 медаль жеңіп алды, оның жетеуі — алтын. Бұған қоса, қазақ боксшылары  (Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов) 69 кг салмақ дәрежесі бойынша төрт Олимпиада қатарынаналтын жүлдеге қол жеткізіп, бұл жетістік бокс тарихына енді.

Айнағұлов пен Ақтауов Олимпиадаға қатыса ма?

Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында Олимпиада жүлдесін иемденген қазақстандық спортшылар арасында Ақтөбе топырағының перзенті жоқ. 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов нақ сол кезде  Ақтөбе қаласының тұрғыны боп тіркеліп, «ақтөбелік» атанғанымен, бірде-бір шежіре оны Ақтөбе бокс мектебінің өкілі ретінде мойындамайды. Ермахан — Жамбыл облысының тумасы, сол өңірдің бокс мектебінің өкілі. 2016 жылғы Олимпиадада қола медаль алған Фархад Харки — Қытайдан келген легионер спортшы, Қазақстан азаматтығын ол 2008 жылы алған.

Керісінше, 2016 жылғы Олимпиадада бокстан қола медаль алған әзірбайжандық спортшы Шахсуварлы Камран Ақтөбе бокс мектебінің түлегі болып табылады. Ол— ақтөбелік бапкер, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Болат Арынғазиевтің шәкірті.

2012 жылдан бері Олимпиадаға баратын Қазақстан құрамасы қатарына Ақтөбе облысының атынан тек легионерлер ғана қосылып келеді. 2020 жылғы Олимпиадаға алғашқы жолдаманы да, жоғарыда айтқанымыздай, легионер спортшы ұтып алып отыр.

«Тағы да кімдер Олимпиадаға қатыса алады?» деген сауалға келсек, әрине, ең алдымен грек-рим күресі палуаны Мейрамбек Айнағұлов пен каратэ шебері Андрей Ақтауовты атар едік.

Мейрамбек Айнағұлов —  2017 жылы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанса, ал өткен жылы Азия чемпионаты мен Джакартада өткен жазғы Азия ойындарында қола медаль алды. Өкінішке қарай, биыл Қытайда өткен Азия чемпионатында Мейрамбек жақсы нәтижеге қол жеткізе алмады. Дегенмен алда әлі де жарыстар бар. Соның ішінде, күрес түрлері бойынша биылғы 14-22 қыркүйекте  Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін әлем чемпионатында Олимпиада жүлделері сарапқа салынатын болады. Ең бастысы, ұлттық құрама бапкерлері Мейрамбекке үміт артса деп тілейміз.

Жуырда Өзбекстанда өткен каратэден Азия чемпионатында 55 кг салмақ дәрежесінде топ жарған жерлесіміз — Андрей Ақтауов та алдағы Олимпиада жолдамасына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Ол 2017 жылы құрлықтық біріншілікте алған жарақаты салдарынан бір жылдан астам уақыт жарыстарға қатыса алмады. Соған қарамастан, биылғы Азия чемпионатында азулы қарсыластарына дес бермеді. Андрей — төрт мәрте Азия чемпионы атағын иемденген спортшы. Бұл оңай келетін жетістік емес. Сондықтан оған сенеміз және алдағы жарыстарда бағы жансын деп тілейміз.

Тағы бір ақтөбелік палуан, Ресей тумасы Нұрислам Санаев өткен жылы әлем чемпионатында — күміс, ал Азия чемпионатында алтын медаль алған еді. Бірақ биыл Нұрислам ірі жарыстарға қосылмады. Оның салмағында биылғы Қазақстан чемпионатына біздің облыстан жас палуан Мейрамбек Қартбай қатысып, ел чемпионы атанған болатын. Дегенмен, алдағы әлем чемпионатына кімнің қатысатынын ұлттық құраманың бапкерлері шешеді. Ал еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев өз шешімін 2-4 тамыз аралығында Польшада өтетін жарыстан келген соң жария ететінін мәлімдеді.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button