Жаңалықтар

Шілде: жаз ортасындағы жақсы істер 

Шілде әдетте жаз ортасы саналады. Табиғаттың ең ыстық маусымы да осы аймен тұспа-тұс келеді. Бұл айда облысымызда әлеуметтік мәселелерді шешуге баса назар аударылды. Әсіресе, көптеген отбасыларға тұрғын үй мәселесін жеңілдікпен шешу жолдары ұсынылуда, қайырымдылық қадамдары кеңінен жасалуда. Сондай-ақ кәсіпкерлерге қолдау жасауда да нақты істер атқарылуда.

Цифрлық сауаттылыққа нақты қадам 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясымен бірлесе халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға арналған акция өткізді.
​Аталған акция барысында  100-ден астам тұрғын«Мобильді азаматтар»базасына тіркеліп, 180 адам «Электрондық үкімет» веб-порталын қолдану бойынша кеңестер алды. Сондай-ақ шара ұйымдастырылған «Keruen city» ойын-сауық орталығының тұтынушыларына электрондық мемлекеттік қызметтерді алу бойынша ақпараттық парақшалар ұсынылды.

«Электрондық үкімет» веб-порталын насихаттау арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға қадамдар жасалмақшы.

Ирандықтар Хромтаудың етін тұтынады

«Жантізер» шаруа қожалығында қазіргі уақытта 3500-ден астам ірі қара, 1500 жылқы, 2 мыңдай қой, 88 түйе өсірілуде. Мұнда мал бордақылау кешені жұмыс істейді.

Аталған шаруа қожалығы Иранға ірі қара экспорттауды қолға алды.

Ирандықтар айына екі рет екі арнайы вагонмен алпысқа жуық малды алып кетеді. Олардың малдың салмағына қатысты өз талап-өлшемдері бар.

Еліміздің ет экспортын дамыту ісіне талап жасаған шаруа қожалығына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Нақты айтсақ, ол әр келі етке 200 теңгеден субсидия алады.

Қазақтың асылтұқымды ақ бас сиырын өсіру ісі қожалықта негізгі міндеттердің бірі ретінде қолға алынған.

Бүгінгі күні ресейліктер тарапынан да етке сұраныс байқалуда. Әсіресе, мәскеулік мейрамханалар жиі тапсырыс береді екен.

«Бірге — таза Қазақстан»: экологияға үлес

Республикалық «Бірге — Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Ақтөбеде де кеңінен қолдау тапты. Алғашқы кезекте облыс орталығындағы тазалық жұмыстарына 300-ге жуық адам қатысты. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының, «Konrad Adenauer» қорының Қазақстандағы өкілдігінің жауапты қызметкерлері де осы топта болды. «Шұғыла» лагері аумағынан бастап «Тау» демалыс базасына дейінгі алқап жаңаша күйге енді.

Таяу маңда Ақжар көпірі аумағы, Қызылжар елді мекені тұсындағы Жаман Қарғалы өзені, Ақтөбе су қоймасы, Елек, Қарғалы, Сазды өзендері, сондай-ақ Кеңес Нокин, Пригородный ауылдары, Қисық көлінің маңына тазалық жұмыстары жүргізіледі.

Экологиялық челленджге «Жасыл ел» жасағының жастары лайықты үлесін қосуда.

«Жас кәсіпкерге» жол ашық

Елімізде іскер жастарға арналған жаңа жоба қанат қақты. Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асатын бұл шара барысында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, көпбалалы отбасы мүшелері, сондай-ақеңбекке жарамды мүгедектер  оқуға тартылады.

Үш апта білім алудан өткен талапкерлер сертификат алып, содан кейін жарты миллион теңгеге дейінгі ауқымда грант алу үшін конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Мұның сыртында төмен пайызда несие алушыларға қаржылық қолдау жасалады.

«Жас кәсіпкер» жобасына қатысуға облыс бойынша 700 өтінім түсті.

Жоба аясында жастар кәсіпкерлік негіздерін үйреніп, бизнес-жобаны қорғап, қаржыны игеру қадамдарын игереді.

Жалпы облыс бойынша«Жас кәсіпкер» жобасына 1100 адамды тарту көзделген.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы

Баспана қиындығын көріп жүргендерге енді  «Бақытты отбасы» бағдарламасы көмекке келеді.

Осы бағдарлама аясында берілетін бұл ипотекалық несиенің жеңілдігі мол, яғни жылдық үстемесі 2 пайыз деңгейінде ғана.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы игілігін 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар көре алады.

Мұнда талапкердің табыс мөлшері де ескеріледі. Яғни табыс отбасындағы адам басына шаққанда 42500 теңгеден аспауы тиіс.

Несие бізде 19 жылға беріледі. Бастапқы 8 жыл бойы 31600 теңге төлеп отырса, қалған 11 жыл 18900 теңгеден төлейді. Бұл — ең тиімді жеңілдетілген пайыздық үстемемен беріліп отырған несие.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button