Спорт

Ұтылған 6 команда бірде-бір жауап гол соға алмады

Премьер-Лига

Биылғы чемпионатта бірінші рет тіркеліп отырған статистика: бұл турда ұтылып қалған 6 команда қарсыластар қақпасына бірде-бір жауап гол соға алған жоқ. Ал күтілген статистика: «Астана» қайтадан 1-орынға көтерілді.

Бес тур бойы ұтылыссыз ойнаған «Ақтөбенің» әйтеуір бір жеңілетіндігіне болжам жасаудың не қиындығы бар еді. Сол жеңіліс те жетті.

«Ақтөбе» бұл ойынды Көкшетауда өткізді. Расын айту керек, «Оқжетпес» алғашқы минуттардан бастап-ақ аңдысуды қоя тұрып, бірден шабуылға көшті. Соның нәтижесінде олар қонақтардың қақпасына бірнеше рет шүйіліп, ақыры жылдам гол соқты. Сырт маңайдан Милан Стоянович айып алаңның ортасына әуелете тастаған допқа Артем Дмитриев алдымен жетіп, суырыла көтерілді де, баспен соғып, 8-минутта жібек торды дір еткізді — 1:0.

Бұл ретте біздің қорғаушыларымыз Артемге еркін қимылдауға неге ерік беріп, аңыра қарап қалғандары түсініксіз. Не болғанда да, осы шапшаң гол ойынның кейінгі барысына өте кері әсер етті. Өйткені «Ақтөбенің» айып алаңында ұмар-жұмар қарбаластар жиілеп кетті. Әйтеуір доптар жанталаса қимылдаудың арқасында кері қайтып жатты. Оны қойғанда, қақпашымыз Игорь Трофимец те әуелей ұшқан допты қағып алуға ұмтылғанда қателікке ұрынып қала берді. Ал «Оқжетпестің» қақпасы алдында мұндай қауіпті сәттер болып жарытқан жоқ. Тек Абат Айымбетов қана тамаша пасты пайдалана алмай, оңтайына келіп-ақ қалған допты оңға да, солға да емес, тура қақпа ортасында тұрған қақпашыға тіке туралай тепті. Жалпы бірінші таймда біздің футболшыларымыз  қарымта гол соғуға қаншама тырысқандарымен допты бақылауда ұстай алмай діңкеледі, біресе доптан айырылып қалады, біресе қиыс пас тастайды, әйтеуір бұдан бұрынғы ойындардағы сауатты қимылдар көзден бұл-бұл ұшты.

Екінші таймды да жерлестеріміз осындай жүйесіз күйде бастады. Қарымта шабуыл жасау әрекетімен жүргенде қорғаныс алаңы сыр бере бастады. Соның салдары көп ұзамай тағы да көрінді. 54-минутта біздің қорғаушыларды оңай алдап өткен Дарко Зорич қақпаның оң қанатынан тастаған допты Жасұлан Молдақараев голға айналдырды, оның соққысына қарсы не қорғаушылар, не қақпашы еш әрекет жасай алмай қалды — 2:0.

Жерлестеріміз бұдан соң да мағынасыз жүгірістермен уақыт оздыра берді. Әрине, қарсы шабуылдар ұйымдастыруға тырысып бақты. Дегенмен қарсыластар қақпасына қауіп төндірерліктей қимылдар жасай алмады. Оның үстіне Абай Айымбетов, Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Виталий Волков тәрізді футболшыларымыз әлдеқалай кездесіп қалған жартылай болса да мүмкіндіктерді пайдалана алмады. Ал 76-минутта біздің қорғаушыларымыздың бірі алаңның орта тұсында айырылып қалған допты көкшетаулықтар және бір голға айналдырды. Қақпа маңында емін-еркін қимылдаған алаң иелеріне бұл допты өткізіп жіберу еш қиындық тудырған жоқ — 3:0.

Көп ұзамай тағы да біздің қорғаушыларымыздың қамсыздығы пенальтиге әкеліп соқтырды. Бұл ретте қақпашы Игорь Трофимецті кінәлаудың реті де жоқтай еді. Нүктеге келген Дарко Зорич қателескен жоқ — 4:0.

Жалпы бұл кездесуде «Ақтөбе» бірімен-бірі түсінісе қимылдайтын тұтастығын жоғалтып алды. Ең бастысы, осындай шақта команданы алға бастайтын жеке-дара қимылдар жетіспеді. Келесі ойында футболшыларымыз бұл кемшіліктерді түзетер деп үміттенеміз.

«Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 4:0.

Гол авторлары: Артем Дмитриев, 8-минут (1:0); Жасұлан Молдақараев, 54-минут (2:0); Жасұлан Молдақараев, 76-минут (3:0); Дарко Зорич, пенальти, 83-минут (4:0).

Ескерту қағазын алғандар: Д.Алмейда, 74-минут; И.Бобко, 79-минут; Д.Зорич, 84-минут, Н.Дайыров, 90+3 минут («Жетісу») — А.Кицак, 38-минут; Е.Жасанов, 51-минут («Ақтөбе»).

«Оқжетпес»: Ярослав Багинский (капитан), Иван Бобко (Азат Ерсалимов, 80-минут), Пламен Димов, Артём Дмитриев, Нұрлан Дайыров, Илья Калинин (Тимур Жақыпов, 74-минут), Милан Стоянович, Алтынбек Сапаров (Мирас Тулиев, 79-минут), Дарко Зорич, Данило Алмейда, Жасұлан Молдақараев.

Бас бапкер Андрей Карпович.

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов (Саят Жұмағали, 77-минут), Виталий Волков (капитан), Есен Жасанов (Рустам Өксімбаев, 84-минут), Рустам Темірхан, Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Асланбек Кәкімов (Рустам Сахибов, 64-минут), Ардақ Сәулет, Әлішер Әжімов, Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

27 шілде 2019 жыл. Көкшетау, «Оқжетпес» стадионы.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Тобыл» (Қостанай)-«Қайсар» (Қызылорда) — 0:2

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Тараз» (Тараз) — 4:0

«Жетісу» (Талдықорған)-«Шахтер» (Қарағанды) — 2:0

«Ордабасы» (Шымкент)-«Ертіс» (Павлодар) — 1:0

Бұл турдағы «Қайрат» пен «Атырау» кездесуі 24 сәуірде өтіп, алматылықтар сырт алаңда 2:0 есебімен ұтқанын еске саламыз.

*   *   *

Бұл 20-турда барлығы 15 гол соғылды. Екі ірі есеп нәтижесі тіркелді. 2:0 есебі үш рет, 4:0 есебі екі рет қайталанды. Тең ойын есебі болған жоқ.

33 рет ескерту қағазы көрсетіліп, екі футболшы алаңнан қуылды: Виктор Дмитренко («Тобыл»), Айбар Нұрыбеков («Атырау»).

Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Бес футболшы бір ойында екі голдан соқты: Жасұлан Молдақараев («Оқжетпес»), Мартин Тошев («Жетісу»), Куле Мбомбо («Қайсар),  Рангело Янга («Астана»), Мартон Эппель («Қайрат»).

Шапшаң гол авторлары — Артем Дмитриев, 8-минут («Оқжетпес»), Куле Мбомбо, 8-минут («Қайсар).

Ең көп жанкүйер Қостанай мен Шымкентте жиналды. «Тобыл»-«Қайсар» және «Ордабасы»-«Ертіс» кездесулеріне 5500 адамнан келді. Жалпы чемпионат басталғалы жанкүйерлер ең көп келген бес ойынның төртеуі «Ақтөбе» командасының қатысуымен өткен.

*   *   *

Сонымен 1-3 орын иелері : «Астана» (41 ұпай), «Тобыл» (39 ұпай), «Қайрат» (38 ұпай). «Тобыл» бір қадам кейін сырғыды.

4-6 орындарда «Ордабасы» (37 ұпай), «Қайсар» (34 ұпай), «Жетісу»» (29 ұпай) келе жатыр. «Жетісу» алғашқы алтылыққа қосылды.

7-9 орын иелері: «Шахтер» (27 ұпай), «Оқжетпес» (24 ұпай), «Атырау» (18 ұпай). «Шахтер» бір саты төмендеді.

10-12 орындағы командалардың орындары өзгерген жоқ: «Ертіс» (17 ұпай), «Тараз» (16 ұпай), «Ақтөбе» (4 ұпай).

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

21-тур ойындары 3-4 тамыз, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

3 тамыз күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

3 тамыз, сенбі

«Қайсар» — «Оқжетпес»

«Шахтер» — «Астана»

4 тамыз, жексенбі

«Атырау» — «Тобыл»

«Тараз» — «Ордабасы»

«Ертіс» — «Қайрат»

Ертай АШЫҚБАЕВ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button