Әлеумет

Куәлікті қайта қалпына келтіру қалай жүргізіледі?

Халық арасында құжатқа қатысты небір жайттар болып жатады. Бірі жоғалтып алса, бірі уақыты өтіп кеткенін байқамай қалады. Осындай кезде құжатты қалай қалпына келтіруге болады? Бұл туралы біз облыстық әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеуді және апостильдеуді қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің бас маманы Шынар Айнабековамен сұхбаттасқан едік.

  • Егер азаматтар туу туралы, неке қию туралы және басқа да куәліктерін жоғалтып алған жағдайда қайдан алады?
  • Бастапқы куәліктің жоғалуы немесе пайдалануға жарамсыздығы жағдайында, сондай-ақ мұрағаттық актілік жазба негізінде өзгерістер, толықтырулар және түзетулер енгізуге байланысты азаматтық хал актісін тіркеу туралы қайталама куәлік беріледі. Он алты жасқа дейінгі балалардың тууы туралы қайталама куәліктері ата-аналарына, қорғаншыларына, бала асырап алушыларға, қамқоршыларына және сол балаларды тәрбиелеп отырған балалар мекемелерінің әкімшіліктеріне беріледі. Ал 16 жастан асқан, бірақ 18 жасқа толмаған және жеке басын куәландыратын құжат алмаған балаларға ата-анасының біреуінің не қорғаншысының қатысуымен олар жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған кезде қайталама куәліктер беріледі.Қайтыс болу туралы қайталама куәліктер мұрагерлер санатына кіретін қайтыс болған азаматтың туыстарына беріледі.Әскери қызметкерге қатысты қайталама куәліктер әскери бөлімнің командирінің атына жолданады, бас бостандығынан айырылған тұлғаларға қатысты қайталама куәліктер түзеу-еңбек колониясының бастығының атына жолданады.
  • Ал егер неке бұзылған болса, қайталама неке қию туралы куәлігін алуға бола ма?
  • Егер некені қию туралы акті жазбасында некенің бұзылғаны туралы белгі болса, онда некені (ерлі-зайыптылықты) қию туралы қайталама куәлік берілмейді.
  • Қандай да бір құжатқа қатысты шаруа шығып қалса, жеке басты куәландыратын құжат қажет. Сол жеке куәлікті немесе төлқұжатты жоғалтып алған болса, азаматтар не істеуі керек?
  • Жеке басын куәландыратын құжат алу үшін қайталама туу туралы куәлігі керек. Егер азаматтың жеке басын куәландыратын құжаты болмай, бұрын туу туралы куәлігі болып, оны жоғалтып алса, өзінің тұрғылықты жері бойынша учаскелік полиция қызметкеріне барады, ол өз алдына азаматтың жеке басын тану хаттамасын (Протокол опознания личности гражданина) жасайды. Сонымен, азаматтың туған жері бойынша АХАТ бөліміне сұраныс жолдайды. Сол сұраныс пен хаттаманың негізінде қайталама куәлік беріледі.
  • Ал егер азаматтар басқа елде туған болса, бұл жағдайда қайталама куәлікті алу қалай жүргізіледі?
  • 1993 жылдың 22 қаңтарында «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы» Конвенцияның (әрі қарай — Конвенция) 5-бабына сәйкес, уағдаласушы тараптардың құзыретті әділет мекемелері осы Конвенцияда қарым-қатынастың өзге тәртібі белгіленбесе, бір-бірімен өздерінің орталық органдары арқылы тікелей қатынастарды жүзеге асыруға уәкілетті. Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы Қаулысымен 1993 жылғы және 2002 жылғы Конвенциялардың ережелерін орындауға уәкілетті орталық және өзге де мемлекеттік органдардың тізбесі белгіленген. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі — жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу, сонымен қатар нотариустар мен әділет органдарынан шығатын өзге ресми құжаттар бойынша сұраныс жасауға уәкілетті. Қарапайым тілмен айтқанда, Ақтөбе қаласының АХАТ бөліміне барып, «Мен Ресей елінде тудым, бірақ Ақтөбе қаласында тұрамын. Туу туралы куәлігімді жоғалтып алдым, Ресейге баруға мүмкіншілігім жоқ» деген мазмұнда арыз жазамыз.Ал олар Минск Конвенциясына сәйкес, Ресейден қайталама туу туралы куәлікті сұратады.
  • Ал егер куәліктің мұрағаттық жазбаларында қате кетсе, оны қалай дұрыстайды?
  • Бұл жағдайда өтініш беруші азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар және түзетулер енгізу туралы өтінішін жазбаша түрде тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға береді. Өтініштер күнтізбелік 15 күнге дейінгі мерзімде қаралуы тиіс. Сұрау салуды басқа аумақтық әділет органдарына жіберу қажет болған кезде өтінішті қарау мерзімі күнтізбелік 30 күнге дейін ұзартылады. Азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу мынадай негіздемелер бойынша жүргізіледі:бала асырап алуға байланысты оның есімін, әкесінің есімін (бар болғанда), тегін, туған жері мен күнін өзгерткен кезде, сондай-ақ бала асырап алушыларды асырап алынған баланың ата-анасы ретінде жазғанда; әке болуды тіркегенде; бала асырап алудың күшін жою немесе бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы, сондай-ақ некені (ерлі-зайыптылықты) жарамсыз деп тану туралы сот шешіміне байланысты; баланың туу туралы акт жазбасынан баланың әкесі немесе шешесі туралы мәліметтерді алып тастау туралы сот шешіміне байланысты; есімін, әкесінің есімін немесе тегін өзгерткенде; азаматтық хал актілері жазбаларындағы қате мәліметтер сот тәртібімен анықталғанда; әке болуды белгілеу туралы сот шешімі күшін жойғанда; егер азаматтық хал актісі жазбасында қате мәліметтер көрсетілсе; егер туу туралы акт жазбасында баланың аты толық көрсетілмесе (кішірейтіліп, еркелетіп, қысқартылып көрсетілсе); егер азаматтық хал актісін тіркеу кезінде қателер (бұрмалаулар, мәліметтерді немесе жекелеген сөздерді тастап кету) болса; ұлттық дәстүрлерге байланысты тегін, әкесінің немесе атасының есімінен туындайтын тегіне өзгерткенде; ұлты, азаматтығы өзгерген жағдайда және тағы басқа жағдайларда жүргізіледі.
  • Облыстық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде мұрағат қай жылдан бастап сақталған?
  • Облыстық әділет департаментінің мұрағаттық қоры 1937 жылдан бастап сақталған.
  • Ал оған дейінгі мұрағат қай жақта сақталған?
  • 1937 жылға дейінгі мұрағат мемлекеттік мұрағатта сақталады. Себебі, республика бойынша акт жазбаларының электрондық нұсқалары Қазақстан Республикасы заңнамасында айқындалған уәкілетті органда жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың орталық серверінде сақталады. Бастапқы тіркеу орны бойынша акт кітаптары 75 жыл бойы сақталады, содан кейін тиісті мемлекеттік мұрағатқа беріледі. Екінші даналардың акт кітаптары белгіленген мерзім өткеннен кейін жойылуға жатады.

А.БАЛЖАНАЙ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button