Экономика

«Еңбектің» нәтижесі болуы тиіс

Мәслихат

«2017-2021 жылдарға арналған халықты нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша облыста 36 035 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Биыл облыста 15 887 адам жұмысқа тұрған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиева облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысында айтты.

Бұл үшін «Еңбек» бағдарламасына  8,2 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оның 33 пайызы игерілген. Бағдарламаның алғашқы бағытында қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен, сонымен қатар қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету көзделген. Бұған 3990 адам тартылмақ.

Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаның екінші кезеңінде жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтарды  кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, шағын несие ұсыну және қоғамның осал топтарына өз ісін ашу үшін қайтарымсыз грант беруқарастырылып, оған 2648 адамды жұмылдыру жоспарланды. Ал, үшінші бағыт бойынша 30 123 адамды жұмыспен қамтып, облыста жұмыссыздық деңгейін азайту басты міндет.

Комиссия отырысында хабарлама жасаған облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ерлан Асылбековтің айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 1000-нан астам шағын несиемен қамту  және 200-ден астам жобаларды кепілдендіру жұмыстары жүзеге асады. Бұл жобаларды іске асыру үшін 60 жұмыс орны ашылмақ. Бүгінгі таңда ауыл кәсіпкерлері үшін 1,1 миллиард теңгеге 239 жоба несиелендірілген.

Ал, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай  бағдарлама аясында 976 жоба енгізіліп, несиелендіруге 3 850,2 теңге бөлінгенін айтты.

Комиссия отырысында осындай мәселелерді талқылаған депутаттар саннан сапаға көшетін уақыттың әлдеқашан жеткенін айтты. Олардың айтуынша кәсіптік оқытуда, несие беруде олқылықтар бар. Өйткені қандай да бір білім алған жастыңбәрі бірдей сол мамандық бойынша жұмыс жасай алмайды.

Бізге цифр емес нәтиже керек. Үкіметтен қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ оның мақсатсыз жұмсалмауын қадағалауымыз керек. Бағдарламалар бойынша бөлінген қаражаттың, кәсіптік оқуға, несиеге берілген әрбір қаржының қайтарымы болғаны дұрыс қой. Игерілмеген ақшаны кері қайтарғанша оданда нақты мақсаттарға жұмсап, қалғанын шағын несие беруге жаратуға болады. Сол кезде біраз қаржы желге ұшпай, үнемделеді. Ол үшін  тиісті сала басшылары бірігіп зерттеу жүргізіп, қай істің де нәтижелі болуына мән беруі керек, — деді облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова.

Ресми деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысы басқа өңірлермен салыстырғанда несиелендіру бойынша екінші орында тұр. «Даму» қорының кепілдігімен шағын несие арқылы жобаларға қатысқан ЖК «Самғау» балабақша ашу үшін ғимарат сатып алса, «Кардио доктор» ЖШС кардиокабинет ашуға несие алды. Қазіргі таңда нарықтың сұранысын дәл тапқандар табысты болмақ. Бұған дәлел — қаламыздағы «Додо пицца» пиццерия желісі, «Мir» балабақшасы, «Dental Class» стоматологиясы, «Fitness life Aktobe» фитнес орталығы жобаларын сәтті жүзеге асырды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button