Экономика

Экспорт шығыны өтеледі

Семинар

«Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамының мамандары ақтөбелік кәсіпкерлерге семинар-кеңес ұйымдастырды.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңесте ұлттық компания өкілдері кәсіпкерлерге еңбек өнімділігін арттыру, өнімді сыртқы нарыққа және инновациялық гранттарға жылжытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын алу шарттары мен тетіктерін түсіндірді.

Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы — ұлттық даму институты және индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырудағы уәкілетті орган. Сондықтан ұлттық орталық мамандарының қатысуымен мұндай кездесуді өткізудегі мақсатымыз — облысымызда индустрия және экспорттық әлеуетті одан әрі дамытуға оң ықпал жасау. Ақтөбе — құтты мекен. Аймақтың географиялық орналасуы да бизнеске өте қолайлы. Жыл сайын Ақтөбеде инвестициялық форум өткізудің өзіндік мәні бар. Себебі мұндай шаралардың нәтижесінде облыста жаңа жұмыс орындарын ашып, инвестиция тартудың үлесі мол, — деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағанбетов.

Аталған орталықтың басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Бекмағамбетов семинар барысында экспорттаушылардың отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша шығындарының бір бөлігін өтеуге ағымдағы жылдың 29 сәуірі мен 1 қарашааралығында өтініштер қабылданып жатқанын айтты.

Биыл экспорттаушылардың шығындарын өтеуге ұлттық компания тарапынан  10,4 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Бұл жерде бір экспорттаушы 232,8 миллион теңгеге дейін шығындарын өтей алады, — деді М.Бекмағамбетов.

Семинар-кеңес кезінде ұлттық компания өкілдері ақтөбелік кәсіпкерлерге тауарларды көтермелеу үшін шығындардың бір бөлігін өтеудің жолдары мен түрлерін жан-жақты түсіндірді. Орталық мамандарының айтуынша, экспорттаушылардың шетелде жарнамалық тауарларға байланысты шығындары, халықаралық көрмелерге, жәрмеңке, фестивальдерге тікелей қатысу құны мен шетелде тауар таңбаларын (брендін) тіркеуге байланысты рәсімдерді жүргізу сияқты өзге де шығындарды өтеудің жолын ашып айтты. Орталық мамандарының айтуынша, кәсіпкерлік субъектілерінің санатына қарай негізделген және құжатпен расталған шығындар белгілі бір тәртіппен өтеледі. Ұлттық компания өкілдері мұндай қадам қазақстандық экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беретінін әрі өнім өндіру сапасына соны серпін қосатынын айтты.

Кездесу барысында ақтөбелік кәсіпкерлер тақырыпқа байланысты өздерін толғандырып жүрген мәселелерге байланысты нақты жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button