Экономика

Келісім нәтижесі: 52 мәселе шешілді

Жақында облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өткен «Protecting Business and Investments» жобасын талқылауға арналған кездесудің нәтижесінде 4 ірі инвестор сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қосылуға шешім қабылдаған болатын. «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің қатысуымен өткен басқосуда инвесторлармен келісім жасалды.

Кездесуде Қайрат Бекенов инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу үшін құрылған «Protecting Business and Investments» жобасының фронт-кеңсесі өңірімізде екінші жыл жұмыс жасап жатқанын айтып, жобаның басты мақсаты — инвесторларды кәсіпкерлік қызмет аясында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау, сондай-ақ инвестициялық бизнес-климатты жақсартуға бағытталғанын атап өтті.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов осындай жобаға қолдау танытып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ықпал еткені үшін облыс басшылығына алғысын білдірді.

Бұған дейін «Protecting Business and Investments» жобасы негізінде департамент пен 24 кәсіпорын арасында келісімге қол қойылған болатын. Осы жоба аясында тағы 4 ірі компаниямен келісім жасалды. Енді біз келісімге отыруға шешім қабылдаған осындай компанияларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жүргізетін боламыз. Егер кәсіпорындарға қандай да бір қиындықтар туындап жатса, департамент тарапынан мәселелерді дереу шешу жолдары қарастырылатын болады. Жыл басынан бері инвесторлардың жұмысында электр энергиясына қосылу, теміржол мәселесіне қатысты бірқатар проблема туындады. Негізінен мұндай компанияларда инфрақұрылым тарту ісіне  қатысты мәселе жиі орын алады. Осындай проблемаларды біз әкімдіктің, жергілікті органдардың араласуымен бірге оң шешімін табуға ықпал етеміз, —  деді М.Мұхамбетов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қол қоюға ниет білдіргендердің арасында «Қазақстанның минералды сулар», «Qaz-Bel Лифт», «Bayau Capital LLP» және «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары бар. Жобалардың жалпы инвестиция қоры — 14 млрд 1 млн теңге. Аталған инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында 100-ден астам жаңа жұмыс орны қамтамасыз етілмек.

Сондай-ақ кездесу барысында «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы  Анар Даржанова, «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясы»  АҚ Ақтөбе филиалы басшысының орынбасары Марат Балмұхановтар тақырыпқа байланысты өз ойларымен бөлісіп, нақты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Ұйымдастырылған алаң кәсіпкерлерге бизнесті жүргізу барысында туындайтын өзекті мәселелерді тез шешуге және талқылауға мүмкіндік берді.  Кездесуде «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС директорының орынбасары Ли Чуаньцзюнь мұнай-газ машина жасау саласындағы ірі 2 жобаны жүзеге асыру туралы жоспарымен бөлісіп, бұл кезеңде сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қосылудың маңызды екендігін және бұның кедергісіз бизнес жүргізуді қамтамасыз ететіндігін ерекше атап өтті.

Жоба жетекшісі Мирлан Мұхамбетовтің айтуынша, инвесторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу келісіміне қосылуы ел аумағында мұндай көріністерден 100 пайыз қорғауға кепілдік береді. Ал инвестор өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті сақтауы қажет.

«Protecting Business and Investments» жобасы осыдан бір жыл бұрын жүзеге асырылған болатын. Бүгінгі күні жалпы сомасы 4 трлн 177 млрд 1 млн теңгені құрайтын 24 сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қол қойылып, 52 мәселе  шешімін тапқан.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button