Жастар

Менторлық: жаңа бағыт және жастарды қолдау

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ақтөбе облысында менторлық қозғалысты дамыту» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Оған облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов, облыстық ресурстық орталықтың бөлім басшысы Нұрбақыт Алтынбекқызы, сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілі Раушан Есберген қатысты.

Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Нұрлан Күнтуов бүгінгі күні облыста менторлық қозғалысты дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатқанын, қыркүйек айында облыс орталығында Батыс Қазақстан өңірінің менторларына тегін оқыту тренингтері ұйымдастырылатынын жеткізді.

Жуырда Нұрсұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мемлекеттік грант шеңберінде «Kazbrands» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қазақстанда менторлық қозғалысты дамыту» тақырыбында үлкен семинар-тренинг өткен болатын. Оған Мәскеу, Минск, Алматы қалаларынан арнайы сарапшы-оқытушылар келіп қатысып, біздің еліміз бойынша 80 адам оқытылды. Аталған семинарға біздің өңірден 8 адам қатысып, тәжірибе алмасып келді. Осыған орай бүгінде облыстық жастар саясаты басқармасының базасында менторлық орталық жұмысы қолға алынып, қала және аудан жастарымен жұмыс жасау үшін арнайы жоспар жасалуда. Бұл орталықта тәжірибелі көшбасшылар мен тәлімгерлер жастарға өмірлік өз жолдарын табуға, кәсібін дамытуға, тұлғалық дамуы мен өзін-өзі тануларына менторинг әдісі арқылы қолдау көрсететін болады, — деді Н.Күнтуов.

Оның айтуынша, өмірден өзіне не керектігін білетін, алдына мақсат қойған белсенді жастар осы әдіс арқылы өз деңгейін, білімін, кәсібін дамыта алады. Жастар бос уақытын пайдалы, өміріне қажетті дүниелерге жұмсауға үйренеді.

Айта кету керек, бүгінгі күні елімізде 16-29 жас аралығындағы 4,5 миллион жас болса, облыста 202 мыңнан астам жас бар. Оның 113 мыңы облыс орталығында, ал қалғаны аудан, ауылдарда тұрады. Облыс бойынша жұмыссыз жүрген жастардың үлесі — 7 %, ал еліміз бойынша жастар арасындағы жұмыссыздықтың орташа көрсеткіші — 7,9 %.

— Қазір біздің орталыққа еріктілер мен белсенді жастар көптеп келіп жатыр. Олардың дені менти болғысы келеді. Біз халықаралық дәрежеде сертификаты бар ментор ретінде оларға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз, — деді Н.Күнтуов.

ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалының өкілі Раушан Есбергеннің айтуынша, менторинг, коучинг әдістері — адамның өз әлеуетін, өзінің ішкі ресурстарын қолдануға мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдер.

— Біз осы жоба арқылы менторинг әдісін пайдалана отырып, жастармен жеке жұмыс жасап, оларға өз әлеуетін анықтауға мүмкіндік береміз. Алдағы уақытта белсенді ментилерді даярлап, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін үлкен іс-шараға қатыстырамыз, — дедіРаушан Есберген.

Баспасөз мәслихаты соңында басқарма басшысы журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button