Басты жаңалықтарЭкономика

«Жантізерді» ирандықтар өздері іздеп келді

Хромтаудағы «Жантізер» шаруа қожалығы — облыстағы іргелі шаруашылықтың бірі. 8 бөлімшесі бар шаруашылықта төрт түліктің бәрі бар: 3500-ден астам ірі қара, 1500 жылқы, 2 мыңнан астам қой, 88 түйе өсіріп жатыр. Ірі қараның 80 пайызы — қазақтың асылтұқымды ақбас сиыры. Облыстағы екі бордақылау кешенінің бірі де осы «Жантізерде».

Мамыр айынан бері аталған шаруа қожалығы Иранға ірі қара экспорттап жатыр. Мал өсіруден береке көріп отырған ірі шаруашылықты ирандық кәсіпкерлер өздері іздеп тауыпты. Шетелдік кәсіпкерлердің әр ірі қараның салмағы 400-500 келіден болуы тиіс деген талабы да өз үдесінен шығуда. Ирандықтар 15-20 күн сайын екі арнайы вагонға 56 бас малды тиеп алып кетіп жатыр. Еліміздің ет экспортын дамытуға өзіндік үлес қосып жатқан кәсіпкерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау да аз емес. Әр келі етке 200 теңгеден субсидия алады.

Мұнда жұмысшыларға, малшыларға да бар жағдай жасалған. 80 адам еңбекпен қамтылып отыр. Орташа жалақы — 80 мың теңге. Тамағы, соғымы, жұмыс киімі, отыны, көлігі тегін. Үлгілі, озат жұмысшыларға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы да беріледі. Тіпті бір жұмысшысына Ақтөбе қаласының ортасынан  2 бөлмелі пәтер де тарту етілген.

Өткен аптада іссапармен Хромтау ауданына барған облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Жантізер» шаруа қожалығының ісіне сүйсініп, өзге шаруаларға үлгі етті. 

Біз көпке өнеге шаруашылық туралы аталған қожалықтың басшысы Бақытжан Ержановпен әңгімелескен едік. 

 Бастау

Шаруашылық бұдан 17 жыл бұрын құрылыпты. Шағын ғана бөлімшеде небары 120 қой, 47 сиыр, 17 жылқы болған.

Сол кезде: «100 жылқы, 100 сиырым болса, шіркін» деп армандағанмын. 3 мың гектар жерге егін ектім. Ол жылдары ауа райы қазіргідей емес, егін өсіруге қолайлы болатын. 10 центнерден кем өнім алған жоқпыз. Дегенмен кейін тек қана мал шаруашылығына ден қойдым. Өйткені шаруаның жөнін білетін тәжірибелі, іскер мамандар таяу болашақта ірі қараға сұраныс артатынын айтып, әсіресе, ет экспорттауға көбірек күш салуыма кеңес берді, — дейді Бақытжан Олжабайұлы.

Кәсіпкер табынды өз төлінен өсірді, асылтұқымды мал сатып әкелді. Сөйтіп, мал басы жедел көбейді. Қазір мұнда төрт түліктің бәрі бар. Ірі қара 3500 басқа жетті. Сондай-ақ 1500 жылқы, 2 мыңнан астам қой, 88 түйе өсірілуде. Ірі қараның 80 пайызы — қазақтың асылтұқымды ақбас сиыры. Шаруашылыққа жыл сайын Қостанайдан 1-санатты бұқа әкелінеді. Биылдың өзінде 1-санатты 50 бас, 2-санатты 40 бас бұқа жеткізілген.

Сондай-ақ, қолдан ұрықтандырамын. Сосын да асылтұқымды сиырдың да, асылтұқымды емес сиырдың да төлі бірдей — ақ бас бұзау. Дегенмен асылтұқымды малдан туған төл тез өседі, жағдай талғамайды, тез семіреді, жаздың аптап ыстығына да, қыстың үскірік аязына да төзімді. Сәрсен және Қызылілгек бөлімшелеріндегі 5 табын сиыр ақпанның 4-іне дейін жайылды. Кешкілік 2-3 рулон шөп салып қоямыз. 1-1,5 келі жем береміз. Сөйтіп, олардың әрқайсысы 4-5 рулон болатын шөпті даладан жеп келеді. Аязды, боранды күндері ірі қара мал басына 2 келіден жем береміз. Шөптің түрін жейді. Баптары күшті болған соң арық, күйсіз мал мүлде болмайды. Қыстан жақсы шығады, — дейді кәсіпкер.

Ал бордақыда тұрғандардың күтімі тіптен ерекше. Қараша айынан бастап жылы  қорада өсіріледі. Жем, шөп әлсін-әлсін беріледі. Әртүрлі минералды тұздар да қашанда қастарында тұрады. Күтімі жақсы болған соң әр ірі қара күн сайын 1-1,4 келі салмақ қосады екен.

Ресейліктер тарапынан да сұраныс бар

 Шаруашылықтың негізгі тұтынушылары — «Табыс» коммуналдық базары, Хромтаудағы «Аманат», «Шерхан» кемпингтері, «Гавр колбаса» цехы және облыс орталығындағы «Ұлытау» мейрамханасы. Сонымен қатар жеке адамдар соғымға, той-садақаға алады.

Шаруа қожалығы мамыр айынан бері 15-20 күн сайын Иранға ірі қара экспорттап жатыр. Малды тірілей салмақта алады. Келісі — 750 теңге. Ирандықтар талабы — ірі қараның салмағы 400-500 келі болуы керек.

Ирандық кәсіпкерлер бізді өздері іздеп тапты. Олар ірі қараны Иранға пойызбен әкетуде. Арнайы екі вагонға тиейді. Оның ішінде малдың азып, арықтап кетпеуі үшін барлық жағдай жасалған. Температура да, жем-шөп те, тазалық та талапқа сай, — дейді Бақытжан Ержанов.

Ол ресейліктер тарапынан да сұраныстың көп екенін айтады. Әсіресе, Мәскеу қаласындағы мейрамханалар көбірек тапсырыс береді екен.

Кәсіпкердің асылтұқымды бұқаларына да сұраныс жеткілікті. Биыл ірілі-ұсақты шаруа қожалықтарына 110 бас бұқа сатыпты. Сондай-ақ 102 шаруашылыққа 240 бас бұқаны 3 айға жалға беріп отыр.

Жалпы Ақтөбеде мал бордақылау кешені екеу-ақ: «Жантізер» және «АкТеп» серіктестігі. Мұндағы мал бордақылау кешенінде  мал сою пункті бар. Онда тәулігіне 20-22 бас ірі қара сойылады. Сонша малдың еті сыятын мұздатқыштар да  бар. Әбден мұздатқан соң тұтынушыларға таратылады.

Мал бордақылау кешеніне тірілей салмақта  баспақтар сатып алынады. Келісін 650 теңгеден қабылдайды. Оларды 8-10 ай бағып, салмағын 400-500 келіге жеткізіп, тұтынушыларға сатады.

Мемлекет қолдауы

Кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқаны үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау, көмек көп көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.

Ірі қараны экспорттағанымыз үшін әр келісіне 200 теңгеден субсидия аламыз. Асылтұқымды бұқа сатып алып жатырмыз. Оның әр  басына 150 мың теңгеден беріледі. Жыл сайын мемлекет тарапынан бөлімшелеріме ұңғыманы (скважина) тегін қазып береді. Биылдың өзінде 9 ұңғыма қазып беруде. Несие алмаймын. Өз қаражатыммен үйлестіріп отырмын. Бүгін 2 «Белорусь» тракторы, бір шөп шабатын шалғы сатып алдым. Сатып алынған ауыл шаруашылығы техникасының ақшасының 25 пайызын Үкімет қайтарып береді, — дейді Бақытжан Олжабайұлы.

Қазір шаруа қожалығы ірі қараның аналық басын 2500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінде мұнда 1670 сиыр бар.

Болашақта сиырдың басын 2500-ге жеткізсек, кем дегенде 2000 бұзау аламыз. Бұл межеге жетсек, жыл сайын барлық шығынды алып тастағанда 300-400 миллион теңге пайдаға кенелеміз. Ал қазір шаруашылықта әлі де шығын көп. Біздің қазіргі пайдамыз — ұрғашы төлді алып қалып отырмыз. Өткен жылдан қазір 450 ұрғашы төл бар. Сол 3 табын — біздің пайдамыз, — дейді шаруашылық басшысы.

Малшылар еңбегі лайықты бағаланады

Кәсіпкер мал бағу, өсірудің оңай еместігін айтады. Басқаны айтпағанның өзінде ауа райының қолайсыздығының өзі үлкен қиындық туғызады. Малшы табу да мәселе.

— Шаруашылықтың басы-қасында үнемі өзім жүріп, бақылауға алуға тырысамын. Біреуге бақтырып, пайда көру мүмкін емес. Өзім тікелей басқарамын, сенімді, жанашыр бауырларым бар, — дейді Бақытжан Ержанов.

Шаруа қожалығындағы 8 бөлімшені 8 жетекші басқарады. Олардың әрқайсысының «Нива» көлігі, мотоциклі, тракторы  бар. Жұмысшыларына бақылау жасап тұрады. Жалақылары — 120-140 мың теңге. Отбасыларымен сонда тұрады. Жолдастарына аспаз болғаны үшін 30 мың теңгеден төленеді. Сондай-ақ, әрқайсысында 5-10 бұзаулы сиырдан бар. Өнімі тегін пайдаланылады. Тамағы, соғымы, жұмыс киімі, отыны, көлігі тегін.

Жалпы шаруашылықта 80 жұмысшы еңбек етеді. Оның 65-і — тұрақты. Қалғаны маусымдық жұмыстар кезінде көмектеседі. Орташа жалақы — 80 мың теңге.

Мұнда жұмысына тиянақты, мал басын көбейткен жұмысшылардың еңбегі лайықты бағаланады. Мысалы, Бақытжан Олжабайұлы шаруашылық басқарушысы Манарбек Әбжановқа Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданнан 2 бөлмелі пәтер алып беріпті. Әр 100 бастан (қой, сиыр, жылқы) 90 төлден алғанға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы беріледі екен. Былтыр Қалыбек Шоймановқа 1 миллион теңге тарту етіліпті.

— Шаруашылықтағы әр адамның еңбегі бағалы. Бәрі де мақтауға лайық. Малшылар да, мал дәрігерлері де,  менеджерлер де өз ісінің шеберлері. Аға менеджер Мират Қазмағамбетов, көмекшісі Темірлан Рахатовтың да өнім сатудағы еңбегі зор, — дейді кәсіпкер.

Жылқының тектілігі

— Сонша адам жұмылып  еңбек етіп, тату-тәтті, берекелі тірлік кешіп жатқандықтан да болар, мал басы кеміп, шығын болған емес. Жыртқыш аңдар да бұл маңға келуге жүрексінетін секілді. Канаданың қар шанасы бар. Оның даусының өзі зор. Аң-құстың зәресін алады. Даусының қаттылығы соншалық —қасқырдың өзі қорқып, бұл маңайға жоламауға тырысатын болуы керек. Өйткені біздің шаруашылықтың территориясынан қасқырды өте сирек кездестіреміз. Анда-санда ізін көрсек, сол күні іздеп тауып, көзін құртамыз, — дейді Бақытжан Ержанов.

Жылқы әзірге бір шаруашылықта өсіріледі.

— Жаздың күні жылқыны өсіру тіптен жеңіл. Шаруашылық маңында ұзындығы — 130 метр, ені  14 метр көлеңке бар. Күндіз аптапта сол жерді саялайды. Көлеңкеден 100 метр қашықтықта 2 ұңғыма бар. Оның суы үлкен шыныпластиктен жасалған астауларға құйылады. Суы сап-салқын. Ұңғымадан су әлсін-әлсін құйылады. Аққан судың дауысын естіп жылқылардың өздері су ішуге келеді. Сосын қайтадан көлеңкеге кетеді. Көлеңкенің дәл маңындағы сайда да су бар. Жылқының тектілігі соншалық сай жақын болса да оның лай, лас суын ішпейді, — дейді шаруашылық басшысы.

Ол тамыздың 5-15-і аралығында қойларды төлдерінен айыратынын айтады. Биыл шаруа қожалығы 1200 саулықтан 1100 қозы алыпты. Соның 200-ін мал басын көбейтуге қалдырып, қалғанының келісі 1650-1700 теңгеден сатылады. Марқаның етін тұтынушылар таласып әкетеді екен.

Мәселе: Суармалы егістік және жайылым 

Қазір шаруашылықта 60 мың гектарға жуық жер бар. Оның басым бөлігі — 48-50 мың гектары — жайылым, 6-7 мың гектар — шабындық жер. 4 мың гектар жерге судан, 500 гектар алқапқа арпа өсіреді.

— Егін егуге ауа райы қолайсыз. Сол себепті суармалы егіншілікпен айналысқым келеді.  Іргеміздегі Абай ауылының маңында үлкен бөгет бар. Онда 25 миллион текше метр су сақталады. Ал біздің шаруашылықтағы   мың гектар егістікке керегі 3-ақ миллион текше метр су.  Мың гектар жерге су тарту үшін кем дегенде 1 миллиард теңге қажет. Мұндай қаржыны таба алмаймыз. Атқарушы билік бөгеттен су тартып берсе деген өтінішіміз бар. Егістік жер бөгеттен 500-ақ метр қашықтықта орналасқан, яғни су тартуға қолайлы.

Тағы бір мәселе, жайылым аздық етеді. Негізі бір ірі малға — 12 гектар, қойға — 5 гектар жер тиесілі. Бізде ірі қара, түйе, жылқы бәрінің жайылымының көлемі 5200 гектар. Шаруа қожалығы Алға, Мұғалжар аудандарымен шекаралас орналасқан. Бізге осы аудандардың аумағынан 30 мың гектар жайылымдық жер берілсе деген де өтінішім бар, — дейді Бақытжан Ержанов.

P.S.

Іскер басшы, тәжірибелі кәсіпкер Бақытжан Ержановтың ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі мемлекет тарапынан да лайықты бағалануда. 2015 жылы мемлекеттік марапат — «Құрмет» орденінің иегері атанды. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button