Басты жаңалықтарӘлеумет

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды

Қоғамдық қабылдау

«Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында қалалық мемлекеттік мекемелердің басшылары, банктердің өкілдері қоғамдық қабылдау күнін ұйымдастырды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, қалалық білім бөлімі, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі, көші-қон полициясы қызметі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Ұлттық Банктің Ақтөбе филиалының қызметкерлері, басқа да бірқатар мекемелердің мамандары тұрғындарды қабылдап, кеңес беріп жатты.

Қабылдауға келген қала тұрғындары негізінен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қызметкерлерінің қасына көп жиналыпты. Бәрінің мұңы ортақ — баспана. Біз де мамандарды сөйлетуге тырысып жатырмыз.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалының өкілі Мақсат Зайтовты әңгімеге тарттық.

— Тұрғындар неге осы жерге көп жиылған?

— Қазіргі таңдағы сұранысқа ие, ең өзекті мәселенің бірі — «Бақытты отбасы» бағдарламасы. Бағдарлама мақсаты — мейлінше баспанаға шын зәру отбасыларды қамтамасыз ету. Оған қоса бұл ипотекалық несие бұрын-соңды болмаған ең тиімді жеңілдікпен, анығы, жылдық үстемесі 2 пайызбен беріледі.

— Бағдарлама бойынша кімдер баспанаға үміткер бола алады?

— Бағдарламаға мынадай үш санатқа жатқызылатын адамдар қатыса алады: ең әуелі 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Екіншіден, кәмелеттік жасқа толмаған баласы бар толық емес отбасылар, яғни жалғызбасты әке немесе ана болуы мүмкін. Үшіншіден, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар. Ең басты талаптардың бірі — осы, баспанадан үміткер ең әуелі осындай санатта болуы қажет. Бұлар әкімшілікте үйдің кезегінде тұруы қажет. Үміткерлер облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин көшесі, 2-үйде орналасқан 28-кабинетке барып, жолыға алады. Біздің банк қызметкерлері әкімдік берген тізім бойынша жұмыс істеп отыр.

— Үміткерлерге қандай талаптар қойылады?

— Бағдарлама бойынша баспанаға ең мұқтаж адамдар қатысуы тиіс болғандықтан, табыс көзі бойынша да бірнеше талаптар бар. Мәселен,  табыс адам басына шаққанда 42500 теңгеден аспауы қажет. Мысалы, жалғызбасты ана бір баласымен тұратын болса, онда 42500 теңгені екіге көбейтеміз, сонда табысы 85 мың теңгеден аспауы тиіс. Ал жалақысы 84 мың теңге болса, бағдарламаға қатысады, ал жалақысы 86 мың теңге болса, онда қатыспайды. Көпбалалы отбасылар бойынша табыс көзі былай шешіледі. Мәселен, төрт бала және екі ересек адам болса, бір отбасында алты адам, бұл жағдайда отбасының табысы 255 мың теңгеден аспауы тиіс. Бір үйдің бағасы 6 млн теңге болатын болса, онда отбасының  кірісі 56 мың теңгеден кем болмауы керек. Әрине, басқа несиесі болмаса. Сондай-ақ үй алғысы келетін азаматтарда қазіргі таңда өтелмеген қарызы болмауы тиіс.

— Қазіргі таңда  бағдарламаға қанша адам қатысып жатыр?

— Бұл бағдарламаға осы шілде айынан бастап бізге жолдамамен келіп жатыр. Қазіргі таңда 200-ге жуық адам келді. Солардың құжаттарын қарап жатырмыз. Қазірде баспанаға мұқтаж отбасылардың төлем қабілеттілігі тексеріліп жатыр.

— Несие қанша жылға беріледі?

— Несие бізде 19 жылға беріледі. Бастапқы 8 жыл бойы 31600 теңге төлеп отырса, қалған 11 жыл 18900 теңгеден төлейді. Бұл — ең тиімді жеңілдетілген пайыздық үстемемен беріліп отырған несие. Баспанаға қолы жетпей жүргендерге беріліп отырған зор мүмкіндік.

— Сонда қанша пайызбен беріледі?

— Ипотекалық несие бұрын-соңды болмаған ең тиімді жеңілдікпен, яғни жылдық үстемесі 2 пайызбен беріледі.

— Үміткерлерге ұсынылатын үйлер салынып жатыр ма, әлде өздері қалаған үйін ала ала ма?

— Ең бастысы, Ақтөбе облысы бойынша үйдің құны 10 миллион теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан,  жергілікті әкімшіліктен бастапқы жарнаға көмек ретінде тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндік бар. Егерде үміткер әкімшілік тарапынан осындай көмек алатын болса, онда ол тек «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйді ғана алуға құқылы. Анықтап айтсам, қазіргі таңда әкімшілік сертификатымен келген үміткерлерге «Нұр сити» аумағындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйлер ғана ұсынылып жатыр. Ал егер үміткер әкімдіктен ешқандай көмек алмаса, онда қалаған, таңдаған үйін алуына болады.

— Аудан орталықтарында тұратындар да осы бағдарламаға қатыса ала ма?

— Әрине. Бағдарламаға тек қала тұрғындары ғана емес, аудан орталықтарында тұратын азаматтар да қатыса алады. Ол үшін олар жергілікті әкімшілікке барып, баспана алуға кезекке тұруы тиіс. Егер бұрын-соңды тіркелген болса, онда әкімшіліктен алған жолдамасымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» филиалдарына барып, кеңес алып, әрі қарай құжаттарын реттейтін болады. Бұл жерде де клиент үйді аудан орталығынан ала ма, әлде облыс орталығынан ала ма, өз қалауы. Ол жағына ешқандай шектеу қойылмаған.

 

Ал тұрғындар не дейді?

Ақжар-2 ауылы жағындағы саяжайда тұрып жатқан көпбалалы ана  Лаура Құдайбергенова жеті баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырғанын, қазіргі таңда «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үй алуға талаптанып жүргенін айтып берді.

— Балаларға жәрдемақы аламын. Жұмыста жоқпын. Балалар кішкентай. Әкімдіктен тұрғын үйге сертификат алдым, барлық құжаттарымды дайындап, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үй алуға талаптанып отырмын. Бір өкініштісі, енді үй жоқ. Таратып айтсам, мен сияқты әкімдіктен сертификат алған адамдар тек «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы салынған үйлерден ғана баспана алуға құқылы екен. Сөйтіп, арнайы мамандармен бірге «Нұр сити» аумағынан үй қарадым. Тек 8-9 қабаттағы үйлер ғана қалыпты. Мұндай жоғары қабаттан алуға жүрексініп отырмын. Себебі, былтыр бір қызым екі жасында балалармен ойнап жүріп, бесінші қабаттан құлап кетті. Қазір соны аурухана қоймай қаратып жүрмін, оның да диагнозын анықтай алмай жатыр. Маған үй көрсетіп жүрген қызметкерлерден әлі де үш-төрт қабатты тұрғын үйлердің жоғары қабаты болса да, қарастырып берулерін сұрап отырмын, — дейді Лаура.   

Қабылдауға келген көпбалалы аналардың тағы бірі — Салтанат Жанғазина.

«Бес баламыз бар. Бәрі де 18-ге толмаған балалар. Ақтөбеге Ақшаттан қатынаймыз. Еден жуғаныма 65 мың теңге жалақы аламын. Ал күйеуім «Көктас» компаниясында слесарь боп жүр. Ең кенжеміз — төртте. Үйіміз жоқ. Ақшатта біреудің «времянкасын» жалдап тұрып жатырмыз», — деп маған ұялы телефондағы тұрып жатқан үйінің фотосын көрсетті. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының қызметкері оған «Бұрын-соңды күйеуіңіз екеуіңіздің атыңызда үй болмауы шарт», — деп әңгімесін бастап еді, «Күйеуімнің атында Аралда  әке-шешесінен қалған үй болды, күні бүгінге дейін ешкім тұрған жоқ, биыл сәуір айында ол үйді інісіне аударып берді», — деді Салтанат. Бұған қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің өкілі Ерлан Рамазанов «Аралдағы әкімшіліктен сол үйдің жарамсыз үй екенін растайтын құжат әкеліңіз, сосын сізді көпбалалы отбасы санатына тіркеп қоямыз», — деп кеңес берді.

Ақтөбе қаласының келіні Ділбархан Әминова да бұл жерге баспана үшін келіпті.

— Ата-анам Елордада тұрады. Ақтөбенің  жігітіне тұрмысқа шыққанмын. Бір көзім көрмейді. ІІІ топ мүгедегімін. Үш баламыз бар. Екеуінің құлағы естімейді. Күйеуім сол балаларды балабақша мен мектепке апаратын болғандықтан жұмысқа кірмей отыр. Ал мен өзім апарайын десем, естімейтін балаларды көтеріп жүруге тура келеді. Ал дәрігерлер маған ауыр көтерсем, көздің тамырларына зақым келіп, одан сайын көрмей қалуым мүмкін екендігін ескерткен. Әзірге тек атаулы көмек пен жәрдемақыларға күнелтіп отырмыз. Ай сайын пәтерақыға 55 мың теңге төлейміз. Баспана алудың қандай жолдары бар екенін білуге келдік, — дейді.

Ділбархан тілегіне жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова отбасында екі адамның бірінің жұмыс жасау керектігін, болмаса бағдарламаларға үміткер бола алмайтындарын алға тартып, алдағы болатын комиссия отырыстарының біріне шақыратындарын айтты.

Р.S. Қанша адам болса, сонша тағдыр. Ал бағдарлама қандай мықты болса, талабы да сондай қатты. Дегенмен баспанаға әркімнің де бар таласы…

Алайда әлі де жүрегінде иманы бар, мейірімді адамдар бар екен арамызда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалының бір қызметкері бізге мынадай өтініш айтты.

«Мысалы, Ақтөбе облысы бойынша үйдің құны 10 миллион теңгеден аспауы керек. Баспана құны 10 миллион 347 мың теңге делік. 10 миллионы жоқ үміткер табылған үйден айырылып қалмау үшін 200 мың теңгесін туған-туысқандарынан сұрастырып, жинасын дейік. Қалған 147 мың теңгесін қайдан алады? Біздің банк қызметкерлері бағдарлама бірінші рет ұсынылған кезде қамқорлық танытып, әркім әлінше қайырымдылық шарасын ұйымдастырып, көмектескенбіз. Алайда біз де үнемі көмектесе алмаймыз ғой. Осындайда, кейбір жүрегі кең, жаны жайсаң, мейірімді азаматтар демеушілік танытам деп жатса, әкімдіктен не банктен мұқтаж адамдардың тізімін алуына болады ғой. Қызмет барысында құжаттарын, жағдайын көріп отырғандықтан жанымыз ашиды», — дейді банк қызметкері атын айтпауды өтініп.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button