Басты жаңалықтар

Жеті жасар бала «қарындасымды құтқара алмадым» деп өкініп жүр…

Өзекті

Биыл қаңтардан басталып, бірнеше кезеңмен жүзеге асқан «Жусан» операциясы арқылы жат ағымдардың жетегіне еріп кеткен ондаған отандасымыз бен олардың балалары Сириядан елге қайтарылды. Бірінші операция барысында — 30, одан соң — 156, үшінші жолы тағы 171 балаға бейбіт өмірдің есігі айқара ашылды.

Құзырлы органдар «Жусан» операциясының басты мақсаты да осы — жазықсыз балаларды елге жеткізу болғанын мәлімдеген еді. Ал ересектерге келсек, олардың бір бөлігінің —ер адамдарменбірен-саранкеліншектіңүстінен қылмыстық іс қозғалып,бірден қамауға алынған. Қалған әйелдермен балалар алдымен Ақтау қаласындағы оңалту орталығына жеткізілген. Соғыс өртіне оранған Сирияда бірнеше жыл тұрып, тарс-тұрс оқ пен оттың, автомат асынған содырлардың ортасынан, үрей құшағындағы әлемнен келген оларды енді жаңа өмірге бейімдеу үшін, теолог және психолог мамандар іске тартылған.

Солардың бірі — «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы директорының орынбасары Төлеген Талдыбаев.

Оның айтуынша, Сириядан оралған келіншектердің арасында ақтөбеліктер аз. Көпшілігі — Батыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды өңірлерінің және оңтүстік облыстардың тұрғындары.

— Сириядан оралған әйел адамдардың басым бөлігі — күйеулерінің жетегінде кеткендер. «Ол жақта шариғат заңдарымен өмір сүруге жағдай жасалған, сондықтан солай қарай көшіп бару қайырлырақ болады, яғни ұнамды іс» — дегенге сенгендерін айтады. Кейбіреулерінің басы бос (тұрмысқа шықпаған немесе ажырасқан) болғанмен, олар да интернет арқылы танысып, «түсініскен», «Сирияға кел, осы жақта некелесіп, үй боламыз» деп ұсыныс жасаған адамдардың шақыруымен кеткен, — дейді Төлеген Талдыбаев.

Өкінішке қарай, әйел, бала-шағаларын жат елге ертіп кеткен жандарҚазақстанда да халықтың дені мұсылман екенін, мыңдаған мешіттің жұмыс жасап тұрғанын, дінді ұстануға ешқандай қысымның жоқтығынойлап, саралап жатпаған. Бұған қарсы уәж көп жағдайда орамал мәселесімен байланыстырылған: «Жұрт әйелдердің орамал тартқанына наразы», «Орамал тартқан әйелді еш жерге жұмысқа алмайды», т.с.с. Олар көпшілік наразылығының орамалға еш қатысы жоқтығын, мәселе — сол орамалды жат елдің ұлттық дәстүрі үлгісінде тағудың, қара жамылудың қатерлі діни секталардың элементі ретінде қабылданатындығында екенін қаперге алмаған. Шындықты әлеуметтік желілер арқылы бастарын айналдырған «ұстаздарының» үгіт-насихатынан ғана іздеген. Сөйтіп, Сирия асып кете барған.

— Жергілікті халық оларды құшағын жайып қарсы алған жоқ. Бұл — халықтың бір бөлігі ресми биліктің, екіншісі оппозицияның жағына шығып, Сирияда азаматтық соғыс басталған уақыт. Сириялықтар бұл қақтығысты үшінші бір күштердің пайдаланып кетуге ұмтылуын, әрине, құптамаған. Дін атын жамылған ұйымдардың ұраны — халифат құру еді. Ал Сирияның ресми билігіне де, елде демократиялық бағыттағы өзгерістердің болуы керектігін алға тартқан оппозицияға даешқандай халифаттың керегі жоқ. СондықтанСирияға кеткен отандастарымыз екі жақ та жау санаған күштердің қатарында болды, ал барғаннан соң, қателіктерін түсініп, соғысудан бас тартқандары лаңкестердің қаһарына ілігіп, жазаға ұшыраған, бала-шағалары босып кеткен. Аштықты, жоқшылықты, бейбіт өмірде түске де кірмейтін қиындықтарды бастан кешкен. Олар адасты, адасқандарын кейін түсініп, ниеттерін туған елге қайта бұрды, еліміз де олардан сырт айналған жоқ. Оның үстіне, «Жусан» операциясы барысында құтқарылғандардың басым бөлігі — балалар, — дейді Төлеген Талдыбаев.

«Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді». Патшалық Ресейдің, кейіннен Кеңес билігінің қысымы, қазақ жерінде ұйымдастырған қанды қырғындары салдарынан, қазақтар ата қоныстың «сайынан сайғақ құрлы пана таппай», жан-жаққа босып кеткен замандарболған. Дәл бүгінгі күні де Жер бетінде жапа шексе, барып паналайтын елі жоқ, тәуелсіздікке зар болып отырған халықтар бар. Ал ел аман, жұрт тынышта, бейбіт өмірді тәрк етіп, Сирия асқан отандастарымыз дін жолында сабырдың керектігін ескермей, жат пиғылды саяси күштердің қақпанына өздері барып түсті. Бастапқыда Сирияда оларға қамсыз өмір сүруге мүмкіндік берілген. 2013-2014 жылдары ДАИШ Сирияның көп бөлігін басып алып, сол жерлердегі (мысалы, Пальмира қаласында) көне ескерткіштерді жарып, тонап, жоқ қылып жіберді. Міне, осы аумақтарда әлемнің түрлі елінен келіп, ДАИШ-тың қатарын толықтырғандарға «тегін үй» берілген, әр отбасына ай сайын ақша бөліп тұрған. Болашақта «халифат» құрылғанда ДАИШ мүшелері мен олардың отбасыларына үлкен жеңілдіктер жасалатыны туралы уәделер үйіп-төгілген. ДАИШ құрамында соғысқан лаңкестер әлемнің әр түкпірінен, кейбір деректер бойынша80 елден жиналған. Сириядан оралғандардың сөзіне қарағанда, солардың ең қадірсізі, ең қорғансызы — ТМД елдерінен барғандар болыпты. Оларды лаңкестер ең алдыңғы шепте ұстап, қарулы қақтығыстарда тірі қалқан ретінде пайдаланған. Өз ойларында «әділдік жолындағы» соғысқа аттанған қандастарымыз ақыры осындай зұлымдыққа мойынсұнуға мәжбүр болып, кейбірі сол алдыңғы шепте оққа ұшқан. Ал олардың қазасынан кейін, елден ілесіп барған әйелдері бірнеше рет тұрмысқа шығуға мәжбүр болған.

2016 жылдың күзінен бастап Сирия үкіметі жағындағы халықаралық күштер ДАИШ-қа қарсы белсенді қимылдарға көшті. Кейінірек бұған Сирия оппозициясын қолдап отырған халықаралық күштер, Ирак пен күрдтердің ұйымдары қосылды. 2017 жылы ДАИШ ұйымы бұрын басып алған жерлерінің 90 пайызынан айырылған.

Сол қанды қырғындарда, жан-жақтан жауған оқтың арасында ана баладан, бала анадан айырылып қалған сәттер болған.Аштан өлгендер де бар.

— Ақтаудағы оңалту орталығына ақида, әдеп, хадис методологиясы пәндерінен дәріс оқуға шақырылған едім. Сириядан оралғанәйелдерменжұмыс істеу бастапқыда оңай болған жоқ. Бастарынан өте ауыр жағдайлар өтіп, көңілдері күпті, жүректері шайлығып келген жандар ғой, әр сөзге шүйлігіп, бізге сенімсіздікпен қарайды. Өзің де сабырға жүгініп, оларды да сабырға шақыра жүріп, уақыт өте келе ғана ортақ тіл табысудың сәті түсті. Дәрістер барысында көпшілігі өздерінің қателескендерін түсініп, ақыл-кеңес те сұрайтын болды. Өткен қиыншылықтардытез арада ұмыту мүмкін емес. Бастапқыда кейбіреулері қолдарына түскен ыдысқа су толтырып алып, жинай берген. Өйткені Сирияда қатты су тапшылығын көріп, сондағы уайымдарынан арыла қоймаған… Көпшілігінің тағдырымен жақынырақ таныстым. Құйттай балалар тіпті көз алдында снаряд жарылып, жақын адамының басы ұшып кеткенін декөрген. Жеті жасар ұл бала өзінің қарындасын құтқара алмағанын айтып, өкінумен болды. Әке-шешесі өліп, қасында қарындасы қалған екен. Бомбалау басталғанда қарындасы жүгіріп кеткен де, бұл одан көз жазып қалған. Қарындасы жүгірген жақ қауіпті болып, оның артынан ұмтылған баланы қасындағы ересектер ұстап үлгерген сияқты. «Мені үлкендер жібермеді, әйтпесе қарындасымды құтқаратын едім», — дей береді. Менің байқауымша, Сириядан келген әйел адамдар бейбіт өмірге, еңбекке тезірек араласып, қоғамның толыққанды мүшесі болуға асығады. Әрқайсысының балалары бар. Бірақ баспанасы жоқ. Олардың құжаттарын реттеу, мамандыққа оқыту секілді мәселелер мемлекет тарапынан шешіледі. Ең бастысы, оларға жақындары тарапынан психологиялық тұрғыдан қолдау, қамқорлық керек, — дейді Төлеген Талдыбаев.

Қазір Сириядан келген әйелдер мен балаларды оңалтуға, қоғамға бейімдеуге бағытталған жұмыстармен мемлекеттік органдар, сондай-ақ «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығының, «Жарық» ақпараттық-кеңес беру орталығының және «Шанс» қоғамдық бірлестігінің мамандары айналысып жатыр.

Ал көпшіліктің бұл мәселеге көзқарасы әртүрлі, соның ішінде түрлі қауіп те айтылып жатыр.

Осыған байланысты маманның пікірі:

— Сириядан Ақтөбеге келген 30 адамның үштен екісінен астамы — балалар. Олардың ең үлкені — 14 жаста, ал басым бөлігі — 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Олардан қауіп күткеннен гөрі, жанашырлықпен қарап, дұрыс тәрбие беруге көңіл бөлген жөн емес пе? — болды…

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button