Жаңалықтар

Қауын-қарбыз жинауға жастарды жұмысқа шақырады

Облыс тұрғындары жергілікті шаруа қожалықтардың өсірген бақша дақылдарының өнімдерін тұтына бастады. Бұл, бір жағынан, сапалы деп саналса, екінші жағынан, қаланы өзіміздің тауармен қамтуға мүмкіндік туды.

Қала іргесіндегі «Жаңатау», «Алманов» шаруа қожалықтарына барған Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин ондағы жағдаймен танысты. Биыл 20 гектар жерге бақша салған «Жаңатау» шаруа қожалығының қарбызы мен қызанағын көпшілік жаппай алып жатыр. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ табиғи өнімдердің дәмі де ерекше.

Биыл екінші жыл егіп отырмыз. Өнім тәуір. Еңбектенсең қай істің де берекесі болады. Осы шаруаны жүргізіп отырған ұлым мен інім  алдағы уақытта балық шаруашылығын дамытқысы келеді, — дейді «Жаңатау»шаруақожалығының басшысы Роза Османова.

Ал, 90 гектар жері бар «Алманов» шаруа қожалығы қазір Оңтүстіктің үлгісімен жылыжай салып жатыр. Жылыжайдың аумағы 1 гектар. Тамыз айында тұқым отырғызып, жаңа жылға дейін қысқы өнімін беруді жоспарлауда. Ол үшін 90 миллион теңге несие алған.

Бақшасында қарбыздың екі, қауынның бес түрі бар. Сондай-ақ қызанақ, қияр, тағы басқа көкөністер саудаға шығарылады. Бүгінгі таңда барлық өнімдері пісіп, алды сатылып жатыр. Тамшылатып суару арқылы бақшасын баптаған шаруашылықтың  өнімі бітік шыққан. Бақша иесінің айтуы бойынша 300 тонна қарбыз алынбақ. Жалпы биылғы бақшадан 15 миллион теңгедей таза табыс түседі деп болжап отыр.

— Бақша өнімдерін ойдағыдай шығардық. Санаулы күндерден соң жаппай сата бастаймыз. Әзірге 15 адам тұрақты жұмыс істесе, осы маусымдық жұмысқа 30 шақты жұмысшы аламын. Күніне 2-3 мың теңгеден төлеймін. Бұған қоса бақша өнімдерін беріп отырамыз. Әсіресе, жазғы демалыста бос жүрген студент жастарды шақырамын. Олар бақша өнімдерін тереді, тасиды және сатады, — дейді Данияр Алманов.

Қала әкімі шаруақожалықтарға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтып, өнімдерін жергілікті жерде сату үшін базарлар мен сауда орындарынан орын алып беруге уәде етті.

Бізге Оңтүстіктің немесе Өзбекстаннан келетін көкөністерді тұтынғанша өзіміздің бақшадан алған көп пайда. Басты мақсатымызда облысты жергілікті өнімдермен қамтамасыз ету. Қаражат далаға кетпей, өзімізде қалады. Көптеген адам жұмысқа тартылып, кәсіптің көзін үйренеді. Сол себепті осындай тәуекелмен жұмыс істеп жатқан азаматтарға біз де көмектесеміз. Қажет болса қосымша жер де береміз. Жергілікті кәсіпкерлердің жұмысына, өнімдерін сатуға еш кедергі болмау керек, — деген қала әкімі Мавр Абдуллин сату жұмыстарын ұйымдастыруды қалалық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік саласының басшыларына тапсырды.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button