Экономика

Инвестициялық тартымдылық артады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Protecting Business and Investments» жобалық кеңсесі аясында өңірдегі әрекет етуші және инвестициялық жобаларды жүзеге асырушы инвесторлармен кезекті кездесуін өткізді.
Облыс әкімдігінде өткен кездесуге отандық және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, облыстағы даму институттарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысы инвесторлар үшін қызмет етуге өте қолайлы аймақ екенін атап өтті.
Өздеріңізге белгілі, жақында Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Президент экономика секторына инвестиция тарту жұмыстары жергілікті биліктің жұмысында ерекше басымдық болып табылатынын атап өткен еді. Біздің тарапымыздан осы бағытта жұмыс күшейтілетін болады. Өңірдің қолда бар әлеуетін және қолайлы инвестициялық ахуалын ескере отырып, салалық басқармаларға, «Қазақ Инвест» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өңірлік өкілдігіне, «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы басшылығына облысқа  инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты жандандыруды, сондай-ақ осы фронт-кеңсе алаңын пайдалана отырып, инвестициялық жобалардың кедергісіз іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу үшін құрылған «Protecting Business and Investments» жобасының фронт-кеңсесі өңірімізде екінші жыл жұмыс істеп келеді. Жобаның басты мақсаты — инвесторларды кәсіпкерлік қызмет аясында кездесетін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінен қорғау, сондай-ақ инвестициялық бизнес-климатты жақсарту.

Фронт-кеңсе ашылған сәттен бастап инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу бойынша 24 келісімге қол қойылды. Мұны өңірімізде осы бағытта жасалып жатқан жұмыстардың бір нәтижесі деп айтуға болады. Сонымен қатар «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты — сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту, осы құбылысқа теріс көзқарасты қалыптастыру, азаматтардың мемлекеттік билік институтына деген сенімін арттыру. Менің ойымша, жоба оң нәтижелер көрсетуде, — деді облыс әкімі.

Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті қолдау шараларын маңызды бағыт ретінде айтқан болатын. Ол бұл орайда отандық бизнесті қолдау, кәсіпкерлердің жолына көлденең тұрып, негізсіз тексерулермен матап, алымдармен қанап, рейдерлікпен айналысатындарды қатаң жазалау керектігін айтқан болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз сөзінде инвестиция тарту бойынша жұмыс жергілікті биліктің ерекше басымдығы екенін атап өткен еді. Кездесуде облыс әкімі жиналғандарға Президент жүктеген осындай тапсырмаларды айта келе, жергілікті билік тарапынан бұл бағытта жұмыстың күшейтілетінін жеткізді.

Бүгінде облыста бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірімізде инвестиция тарту өсімі 102 пайызды құрады. Есепті мерзім ішінде облысқа 210 миллиард теңгенің инвестициясы тартылыпты. Оның 30 пайызы — сыртқы инвестиция.

Соңғы кездері елімізде инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасаудың кешенді жұмыстары жүргізіліп жатыр. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес, заңнамаға өзгертулер енгізіліп, көші-қон және визалық режим оңайлатылған, рұқсат беру, салық салу және кедендік бақылау жүйелерінде едәуір өзгерістер орнаған.

Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Мирлан Мұхамбетов басқосудың маңыздылығына тоқтала келе, осындай жобаға қолдау танытып, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға ықпал еткені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.

Мұндай жоба ел аумағында жүзеге асырылып жатыр. Жақында Мемлекет басшысы осы бағытта жұмысты жандандыру турасында бізге нақты тапсырмалар жүктеді. Біз бұл бағыттағы жұмысымызды жаңа қарқынмен жалғастыратын боламыз, — деді М.Мұхамбетов.

Басқосуда департамент тарапынан атқарылған жұмыстардың барысы тыңдалды. Кездесу барысында «Ақтөбе мыс компаниясы», «Newmay Ceramics» сияқты компания өкілдерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Анар Даржанова биыл сәуірде Кәсіпкерлік кодексіне өзгеріс енгізілгенін, онда инвесторларға «бір терезе» қағидасы бойынша қолдау көрсету белгіленгені жөнінде айтып, осыған байланысты тамызда еліміздің батыс өңірлері бойынша Орал қаласында  үлкен шараның өткізілетінін хабарлады. Бүгінгі күні аталған шараның бағдарламасы белгіленген. Онда инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау шаралары, атап айтқанда, жер бөлу, салық, қаржылай көмек, адами капитал бойынша барлық мәселелер қарастырылмақ.

Жиын соңында аймақ басшысы өңірімізге инвестиция тарту жұмыстарына жергілікті билік барынша жан-жақты қолдау көрсетіп, ерекше басымдық танытатынын атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button