Жаңалықтар

Көмек көрсеткіңіз келсе, хабарласыңыз!

Брифинг

Оқушылардың бірде-бірі мектептен қалмауы тиіс, жағдайы болмаса, қамтамасыз етілуі керек. Бұл — биыл он бірінші жыл қатарынан өтіп отырған «Мектепке жол» акциясының ұраны. Мемлекет басшысыныңтапсырмасымен Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 3 шілде мен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық аймағында жалпыреспубликалық «Мектепке жол» акциясы өтіп жатыр. Осыған орай облыстық әкімдікте облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.

Аталған акцияға жыл сайын біздің өңір де белсенді қатысып келеді. Былтыр облыстағы кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен меценаттар мектеп жасындағы 22 176 оқушыға 205 964 800 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіпті. Бұл туралы облыстық білім басқармасының адамгершілік рухани тәрбие, өзін-өзі тану және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы Райхан Нұрхожаева айтып берді.

  • Акция басталғанына екі аптадан асты. 15 күн ішінде облыс бойынша 3290 балаға 21 102 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді. Атап айтсақ, 228 мектеп формасы, 198 спорттық костюм, 241 аяқ киім, оқу құралдарына толы 273 оқушы сөмкесі сатып алынды. Оқу жылы соңында облыста көмекке мұқтаж 16 мыңнан астам бала бары анықталды. Оның 7 мыңнан астамы — қаланың үлесінде. 1 қыркүйекке дейін осы оқушыларды мектепке қажетті киім, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, — деді Райхан Нұрхожаева.

Аталған акцияға Шалқар, Темір, Мұғалжар, Хромтау, Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласының әкімшіліктері ерекше атсалысып, кәсіпкерлер мен кәсіпорындарды жұмылдыра білді. Демеушілер қатарынан көрінген «Қазхром» трансұлттық компаниясы АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «ҚазақОйлАқтөбе», «ҚазТрансОйл», «ҚазТрансГазАймақ» кәсіпорындары, «Қазақстан Халық банкі», «Сбербанк» ұжымдары, «Шаңырақ» қоғамдық қоры және Nur Otan партиясы Ақтөбе филиалы облыстық білім басқармасы берген тізім бойынша, оқушылардың үйлеріне барып, алдын ала жағдайын көріп, материалдық көмектерін көрсетті.

Әлеуметтік себептер бойынша мектепке бармай жүрген оқушылар туралы ақпаратты білсеңіз немесе осындай топтағы балаларға көмектескіңіз келсе, облыстық білім басқармасының 8 (7132) 55-17-92 сенім телефонына хабарлауыңызға болады. Ізгілік шарасына қатысып, көмек көрсетуге облыстың барлық тұрғындарын атсалысуға шақырамыз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button