Басты жаңалықтар

Арыстық балалар — Ақтөбеде!

Жазғы демалыс маусымы — балалар үшін ерекше қуанышты сәт. Облыста балалардың демалысын тиімді өткізу, оларды лагерьмен қамту — жыл сайынғы дәстүрге айналған шара. Ал биылғы жылдың ерекшелігі — 15 шілде — 3 қыркүйек аралығында қала сыртындағы «Шұғыла» лагерінде Арыс қаласынан келген 200 бала тегін демалатын болады. Бүгінгі күні арыстық балалардың алғашқы легі лагерьде демалып, уақыттарын көңілді және тиімді өткізіп жатыр.

 «Шұғылада» арыстық 79 бала демалып жатыр

 Қала сыртында орналасқан «Шұғыла» сауықтыру лагері екі жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жаз айларында әр ауысымда 300 баланы қамтитын сауықтыру лагері бүгінде 4-ауысымын бастап кетті. Қазір мұнда Арыс қаласынан келген 79 бала демалып жатыр. Алдағы аптада лагерьге арыстық тағы 20 оқушы келеді.

«Шұғыла» сауықтыру лагерінің басшысы Райымбек Байшағановтың айтуынша, мұнда балалардың демалуына барлық жағдай жасалған. Лагерь аумағында балалардың емін-еркін ойнауына арналған арнайы алаңдар, бөлмелер жабдықталған, демалушылар ойын-сауық құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Демалушы балалар үшін лагерьде әртүрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Сондай-ақ мұнда балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар қабылданған.

— Бүгінгі күні лагерьде 6 тәрбиеші, 13 тәлімгер жұмыс жасайды. Олардың дені —педагогикалық мамандық иелері. Бір топқа екі не үш тәлімгер жетекшілік етеді. Жалпы лагерьге 7-14 жастағы оқушылар қабылданады. Биыл лагерь 3 маусымнан бастап өз жұмысын бастады. Міне, 15 шілдеден бастап төртінші ауысымды бастап кеттік. Осы ауысымда біздің лагерьге Арыс қаласынан 79 бала келді. Біз оларды облыстық білім басқармасының мамандарымен бірге теміржол вокзалынан сән-салтанатпен күтіп алдық. Балалардың көңіл күйі керемет, лагерьге тез үйренісіп кетті. Негізінен, бір ауысымда балалар 12 күн демалса, арыстық балалар 24 күн тегін демалады. Ал келесі ауысымда Арыс қаласынан 100 бала келіп, біздің лагерьде демалатын болады. Қазіргі таңда лагерьде 4-ауысымда 285 бала бар, — дейді Р.Байшағанов.

Оның айтуынша, лагерьде қолөнер, спорт, би үйірмелері жұмыс жасайды. Ауысым сайын түрлі тақырып бойынша балаларға көптеген шаралар ұйымдастырылып, демалушылар өз уақыттарын қызықты өткізеді. Атап айтсақ, тәрбиешілер мен тәлімгерлер балаларға арнап «Тәлімгер-шоу» кешін өткізсе, демалушылар тәлімгерлерімен бірге «Бәрінен үздік» фестиваліне қатысады. Сондай-ақ балалар «Ауылымды сағындым», «Екі жұлдыз», «Кинопремия «Оскар», «Станса сайын», «Әрқайсысымыз ержүрекпіз!», «Шұғыланың ханзадасы мен ханшайымы», «Үрей түні», т.б. іс-шараларға қатысып, өздерінің өнерлерін көрсетеді.

— Қазір 4-ауысымда балалар 12 күн бойы спорт тақырыбы бойынша әртүрлі шараларға қатысып, өздерінің шеберліктерін көрсетеді. Сондай-ақ оқушыларға бассейнде жүзуден жарыс өткізетін боламыз. Балалар экскурсияға шығып, шағын алаңдарда топ-топ болып өздері жарысып, күштерін сынайды, — дейді лагерь басшысы.

Айта кету керек, «Шұғыла» лагерінде жаңадан салынған бассейн жұмыс жасайды. Оған бір мезгілде 20-25 бала түсе алады. Бассейннің жалпы ауданы — 60 шаршы метр. Ал лагерьдің жалпы аумағы — 7-8 гектар. Сондай-ақ лагерь аумағында 5 корпус бар. Арыстық балаларға жаңадан салынған корпус берілген. Онда барлық жағдай жасалған.

Арыстық балалар өте пысық екен, лагерьге тез үйренді. Өздеріне жаңа достар тауып, басқа балалармен тіл табысып, уақыттарын көңілді өткізуде. Балалар алты мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі. Жатын орындары мен асхана бөлмелері санитарлық талапқа сай жабдықталған. Әрбір корпустың тазалығы күнделікті қадағаланып отырады.  Лагерьде екі үлкен алаң бар. Сондай-ақ футбол алаңы, тоғызқұмалақ, шахмат ойнайтын алаңдар да бар, — дейді лагерь басшысы Райымбек Байшағанов.

Айта кету керек, арыстық балалар лагерьде тегін, ал ақтөбелік оқушылар облыстық білім басқармасының жолдамасы арқылы демалып жатыр. Жолдама құны — 52 мың теңге.

«Шұғыланың» шаттығы

«Болашақ» тобының тәрбиешісі Мұрат Сағадинов бірнеше жылдан бері лагерьде жұмыс жасайды. Ол бүгінде Арыстан келген балаларға жетекшілік етеді. Құрамында 79 бала бар «Болашақ» тобы — 4-ауысымдағы ең үздік топтардың бірі. Себебі топта өнерлі, спортқа жаны құштар, жан-жақты оқушылар көп.

  • Топта 47 ер бала, 32 қыз бала бар. Жас ерекшелігіне келсек, олардың ең кішкентайы — алтыда. Әрине, алғаш келген күні кішкентай балалар ауылын, ата-анасын сағынды. Алайда олар өз ортасына тез үйренісіп кетті. Арыстық балалардың барлығы көпшіл, мейірімді, өнерлі. Алдағы уақытта біз оларға саяхат ұйымдастырып, қаланы аралатамыз. Мұражайлар мен жаңадан салынған ғимараттарды көрсетіп, кинотеатр мен көрмелерге апарамыз. Әр іс-шара сайын кемінде 15 баланы сахнаға шығарып, олардың пікірлерін тыңдап, өнерлерін тамашалаймыз. Жалпы өнері жоқ бала болмайды. Сондықтан біз лагерьдегі әр баламен жеке жұмыс жасап, олардың барлығын қамтуға тырысамыз, — дейді Мұрат.

Бүгінде лагерьде демалып жатқан арыстық оқушылардың бірі — Мейіржан Ермекбай. Ол Арыс қаласындағы И.Журба атындағы орта мектепте оқиды. Мейіржан — үйдегі 8 баланың үлкені.

  • Мен сауықтыру лагеріне бірінші рет келіп отырмын. Лагерь өте қызықты, көңілді. «Шұғылаға» туған інім Талғат екеуміз келдік. Мұнда барлық жағдай жасалған. Лагерьде бассейнге шомылып, футбол ойнап, жаңа достар тауып жатырмын. Бұл жердің табиғаты керемет, ауасы таза, айнала жасыл желек. Балалармен тез тіл табысып, ойнап, уақытты қызықты өткізудеміз. Келген күні бізге тәрбиешілер мен тәлімгерлер шоу ұйымдастырып, үлкен концерт өткізді. Алдағы уақытта мен «Екі жұлдыз» сайысына қатысып, өз өнерімді көрсетемін, — дейді Мейіржан.

Ал 8 жасар арыстық Гүлсезім Әзіретәлі лагерьге келіп, жаңа достар тапқанына ерекше қуанып жүр. Ол Арыс қаласындағы И.Журба атындағы орта мектептің 3-сыныбында оқиды.

Мен жеті баланың ортаншысымын. Лагерьге ағам Құдірет пен әпкем Айсана үшеуміз келдік. Бізді аға-апалар, лагерьдің тәлімгерлері пойыздан күтіп алды. Шар, әртүрлі тәттілер сыйлады. Қазір лагерьде уақытымызды көңілді өткізіп жатырмыз. Үшеуміз бір топта болғандықтан, бір-бірімізге қамқор болып жүреміз. Маған «Шұғыла» лагері қатты ұнайды. Лагерьде әр күн қызыққа толы. Таңғы жаттығулар түрлі сипатта өтеді. Лагерь кезінде ұйымдастырылатын түрлі жарыстар мен эстафеталардың бәрі-бәрі көңілді өтеді. Мен би билегенді ұнатамын. Алдағы уақытта топ болып, би билейтін боламыз, — дейді Гүлсезім.

P.S. Арыс қаласында болған жағдайға қатысты өзге облыстармен қатар Ақтөбе облысы да арыстықтарға көмек қолын созуда. Соның бір дәлелі — арыстық 200 баланы тегін жазғы лагерьмен қамту. Бұл мақсатта облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің арнайы қаулысы негізінде облыстық әкімдіктің резервтік қорынан 26 млн 136 мың теңге қаржы бөлінген.   

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button