Басты жаңалықтарМәселе

Мылқау азаматтарға жұмыс неге аз?

Ақтөбелік Елубай Каршигин — туабітті мылқау. Ол — Ақтөбе қаласындағы №7 арнайы (түзетім) мектебінің түлегі. Осыдан төрт жыл бұрын сол мектепті үздік бітірген. Қолына орта білімді тәмамдаған куәлікпен бірге, шаштараз біліктілігі бойынша сертификат та берілген. Алайда Елубай төрт жылдан бері жұмыссыз отыр.

 Жұмыс жасайтындар көрсеткіші — 28 пайыз 

Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында мылқаулар мәселесі үнемі тасада қалып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде құлағы нашар еститін және мүлде естімейтін 18 мыңнан астам азамат бар. Алайда биліктегілер олардың құқықтарының сақталуына бірнеше конвенция мен заң кепілдік беретінін айтқанмен, жағдай мәз емес. Мылқаулардың, әсіресе, осы топтағы ер-азаматтардың көпшілігін әлеуметтік мәселелер алаңдатады. Елубай секілді жұмыс таппай, үйінде отырған жігіттердің қатары көп. Себебі бұл топтағы азаматтарға қоғамда ұсынатын жұмыстың да тізімі шектеулі. Мамандардың айтуынша, көбінесе мылқау ер-азаматтарға аяқ киім шебері, ал қыз-келіншектерге тігіншілік жұмыс қана ұсынылатын көрінеді. Орталық мамандары бұл топтағы мүгедектерді жұмысқа орналастырумен  айналысқанмен, көп жағдайда жұмыс берушілер тарапынан мәселе туындап жатады. Яғни олар мұндай адамдармен қағаз арқылы жазысып отыратын уақыттың жоғын алға тартып, жұмыстан босатуға мәжбүр болады екен.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, елімізде есту қабілеті бұзылып, мүгедек ретінде танылған 18,4 мың адамның 28 пайызы — 5,2 мыңы ғана жұмыс жасайды. Естіп, сөйлей алмайтын 4,7 мың адамның мыңнан астамының ғана жұмысы бар.

Елубайдың қадамы

Темір ауданының Шұбарши ауылында туған Елубай Каршигиннің жасы 23-те. Есту, сөйлеу қабілеті бұзылған бала 7 жасында Ақтөбе қаласындағы №7 арнайы (түзетім) мектебіне оқуға қабылданады. Қатарынан бір жыл кеш барған Елубай білімге деген құмарлығымен көзге түсіп, құрбыларының арасында озық ойымен дараланады. Әпкесі Айнұр Каршигинаның айтуынша, інісі  мектепті үздік тәмамдаған. Ол Елубайдың ұстазы Назгүл Әубәкірованың осындай ерекше балаларды оқытудағы тәжірибесіне, оларға деген қамқорлығына өз ризашылығын білдіреді. Ұстазы мектепте Елубайдың шаштараз біліктілігі бойынша курста оқуына бар күш-жігерін жұмсаған.

Төрт ағайындымыз. Ініміздің туабітті осындай аурумен дүниеге келгені жанымызға қатты батады. Алайда біз бауырымыздың қатарынан қалмай, өмірге бейімделуі үшін қолымыздан келгенше қолдау көрсетуге тырысамыз. Ол мектепті үздік аяқтады. Ақтөбе қаласындағы арнайы мектепте оқыған кезде көзге түсіп, ұстаздарының алғысына бөленіп жүретін. Төрт тоқсанда бір рет ауылға келгенде сағынысып көрісетінбіз. Қалада мектеп жанындағы интернатта жатып оқыды. Биыл мектепті тәмамдағанына төрт жыл болды. Содан бері  інім жұмыссыз, ауылда жүрді. Қалада ешбір жер оны жұмысқа қабылдамады. Пәтер кезегіне тұру үшін де қалада тіркеуде болуы қажет. Қазіргі кезде  ауру адам түгілі, сау адамның өзін туыстары уақытша тіркеуге тұрғызбайды. Елубай ауылда жүргенде  даланың шаруасын жасап келгені болмаса, көп уақытын үйде жалғыз өткізетін. Себебі оның жан дүниесін, ішкі сырын түсінетін адам жоқ. Соңғы кездері інім ашуланшақ бола бастады. Тіпті, ызақорланып анамның киімдерін қайшымен қиып тастаған кездері де болды. Содан екі жыл менің қолымда тұрды. Үйде менен ғана ығатын әрі оның тілін мен ғана аздап түсінетінмін. Елубай қалада тұрғанды қалайды. Себебі, ол жақта өзі сияқты құрбылары, бірге оқыған достары бар. Үйде болған кезде телефонмен әлеуметтік желінің бейнежазбасы арқылы өзі сияқты жандармен ым-ишара арқылы тілдесіп жатады. Сондай кезде  көңілі көтеріліп, рахаттанып қалатын. Ауылда оның тілін түсінетін ешкім болмады, сондықтан біздің ортамызға үйренісе алмады. Мылқау адам бұл жағдайды ешкімге айта алмайды, тек ішінен тынады, — дейді Айнұр.

Қазір Елубай Ақтөбе қаласындағы көп қабатты үйлердің бірінде өзі сияқты 4 жігіт болып пәтер жалдап тұрады. Арасында бірге оқыған құрбылары да бар.

Оның ойы тек қалаға кету болды. Қазір ағаларым сыртынан бақылап қана отыр. Әсіресе, Құлсарыда тұратын ағам онымен жиі хабарласып тұрады. Төрт жігіт бір жерде жұмыс жасап, жалдамалы пәтерлеріне бірге қайтатын көрінеді. Естуімізше,  ол қасындағы балалармен  бірге жеке компаниялардың бірінде жиһаз қаптаушы болып жұмыс жасайды. Қалаға кеткен алғашқы уақыттарда Елубайдан хат-хабар болмай, жан-жаққа іздеу салған кездеріміз болды. Телефонына жазған хабарламаларымызды оқығанмен, жауап қатпайтын. Қазір күн сайын болмағанмен, анда-санда ініммен телефонмен әлеуметтік желінің бейнежазбасы арқылы хабарласып отырамын. Төрт жылда  інім сияқты мылқау ер-азаматтарға жұмыс табудың қиындығын түсіндім. Ал осындай қыз-келіншектерге тігін шеберханаларында, тіпті болмаса базардан жұмыс табу әлдеқайда жеңілдеу, — дейді Айнұр.

Биыл облыста 1029 мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа орналастыру жоспарда бар. Оның ішінде, жұмыс берушілерге 325 адамды квотамен жұмысқа орналастыру белгіленген. 2019 жылдың қаңтар-маусым айларында Ақтөбе қалалық және аудандық жұмыспен қамту орталықтарына 435 мүгедек адам жұмыс іздеу мақсатында жолығыпты. Олар жұмыспен қамтудың кешенді жоспары аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған.

Саңыраулар орталыққа келмейді…

Қазір облыста есту функцияларының, «керең-мылқау» кемістігі бар 385 мүгедек тұрады. Оның ішінде, жұмысқа жарамды ІІІ топ мүгедектерінің саны — 359 адам. Соның 195-і — ер-азаматтар.

Ақтөбеде аталған санаттағы азаматтардың құқықтарының қорғалуы  мен қоғамның барлық салаларына тең мүмкіндіктердің қамтамасыз етілуіне жағдай жасауға бағытталған үйлестіру жұмыстарын «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық бөлімшесі жүргізеді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Гүлзада Алматбаеваның айтуынша,                  қазіргі таңда «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен оның оқу өндірістік кәсіпорнында, сондай-ақ осы бағытта жұмыс жасайтын «Глобал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде барлығы 60 адам еңбек етеді. Оның ішінде ер-азаматтар саны — жетеу. Негізінен бұл санаттағы ер-азаматтар өзін-өзі жұмыспен қамту бағыты бойынша қызмет көрсету, сауда саласында, сонымен қатар жеке кәсіпкерлерде, жиҺаз жасау цехтарында жұмыс жасайды.

Мамандардың айтуынша, мұндай топтағы мүгедектер арнайы орталыққа барып жұмыс сұрауға, тіркелуде құлықсыздық танытатын көрінеді. Алайда биржаға немесе сол орталыққа жұмыс сұрап барған адамнан тұрғылықты мекенжай анықтамасының сұралатынын, ол құжат мұндай топтағы адамдардың бәрінің бірдей қолына оңай тие бермейтіні бөлек әңгіме.

Елімізде мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесі Қазақстан Республикасының «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі. Алайда «керең-мылқау» кемістігі бар мүгедектер қалалық, аудандық жұмыспен қамту орталықтарына жұмыс іздеу мақсатында жүгініп, тіркелуге белсенділік танытпайды, — дейді Гүлзада Алматбаева.

Ол бүгінде облыста жұмыс жасап жүрген 200-ге тарта мүмкіндігі шектеулі жанға мүгедектердің жеке оңалту бағдарламасына сәйкес ымдау тілінің мамандары қызмет көрсететінін айтады.

Мамандар облыста мүгедектерді қолдау шараларының өз жалғасын тауып жатқанын айтады. Елубай секілді үшінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар облыста көп әрі олар жұмысқа да жарамды. Алайда олардың ай сайын мемлекеттен алатын жәрдемақыларының мөлшері де мардымсыз. Қазір үшінші топ мүгедегі 40 мың теңгеге жетер-жетпес жәрдемақыны қанағат етеді.

Бүгінде мемлекет мүгедектердің қоғамда кедергісіз өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасауға тырысқанымен, осындай мәселелер әлі де болса тасада қалып жатыр. Ал мылқаулар болса, бұл мәселемен тек іштей ғана күресіп әлек.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button