Басты жаңалықтарМәселе

Ысырапшылдық — Алла сүймейтін іс

[divider]

[dropcap][/dropcap][checklist][/checklist][starlist][/starlist]

«Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі — орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді».

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан.

Қазір мақтанқұмарлықтың жетегінде немесе «қайткенде жұрттан қалмауға» тырысып, ақшаны орынсыз шашатын дарақылық кейбіреулер үшін өмір салтына айналып бара жатқандай көрінеді.

Айналамыздағы банктен үсті-үстіне несие алып, қарызға белшеден батып, титықтап жүргендердің бір бөлігі — осы жолдағы жандар. Әрі-беріден соң, біз баланы да кәдімгі арзан телефон алуға көндіре алмайтын болдық. Ата-анасы айлықтан айлыққа әзер жетіп жүрсе де, баланың қолында — қымбат смартфон.

Той, мерейтой, туған күн, университет бітірген, мектеп бітірген, т.с.с. себептермен ұйымдастырылған салтанаттар шығыны қоғамда үлкен мәселеге айналды.

ҚР Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, бүгінгі күні елімізде тұтынушылық мақсаттағы әр оныншы несие той жасау үшін алынады екен. Өз тойын жасау үшін несие алып, отбасылық өмірдің есігінен миллиондаған қарыз арқалап аттайтын жастар көбейді.

Өзімізге өзіміз жасап алған тағы бір қиындық — жыл сайынғы мектеп бітіру кештеріне, мұғалімдерге сыйлыққа жиналатын ақша. Ақыр соңында бұл ата-аналарды да, түлектерді де үлкен уайымға салып, сенделіске түсірді. Бір жақсысы, кейінгі жылдары бұл мәселенің нүктесін қоюға ҚР Білім және ғылым министрлігі араласып келеді.

Тойды былай қойып, тіпті қаза үстінде де көп ысырапқа жол берілуін жөнсіздікке қоспайтын болдық. Бұрын кісі өліміне, яғни қайғылы жағдайға байланысты жайылған дастарқан жұпыны болуы тиіс деп саналса, қазір той мен садақаның дастарқанында айырмашылық қалмады. 2017 жылы бұл іске Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі араласты. Сөйтіп, «Жаназа және жерлеу мәселелері» атты жаңа пәтуа шығарып, сол арқылы садақа мәзірін бір ізге түсіруге тырысты. Жұрт жапа-тармағай құптай кетпесе де, жақынынан айырылған сәтте көл-көсір дастарқан жаюға шамасы жетпейтін отбасылар үшін бұл үлкен қолдау екені даусыз.

Жалпы, түрлі жиын-той, құдалық және садақа шығындарына байланысты «көрпеге қарай көсілуді»мүлде естен шығарған тек біздің жұрт емес, бүгінде бұл бүкіл Орталық Азия елдеріне ортақ дертке айналған.Екі-үш жыл шамасында Тәжікстанда осыған байланысты «Салт-дәстүрлерді тәртіпке келтіру» туралы заң да қабылданды. Бұл заң бойынша, үйлену тойында екі жақтан шақырылатын қонақтар санын 150 адамнан асыруға тыйым салынған. Той үстінде күйеу жігіт пен қалыңдыққа немесе олардың ата-анасына қымбат сыйлық ұсынуға болмайды. Ал тойдан кейін құдалар жағы қонаққа шақырса (біздегі «тәтті шайдың»бір түрі болса керек), меймандар санын 15 адамнан асырмау керек. Садақаларда мал союға  рұқсат етілмейді. Осы заң талаптарын бұзған адамға айыппұл салынадыжәне айта кету керек, лауазым иелеріне салынатын айыппұлдың мөлшері қарапайым адамдармен салыстырғанда 2-2,5 есе артық етіп бекітілген.

Біз ғасырлар бойы саудаға, яғни ақшаның қадірін білуге, қолдағы барын бағалауға дағдыланған деп санайтын көршілеріміз — өзбектер де той-садақаға шашылуға келгенде өзімізден қалыспайтын болып шықты.Бұған дәлел — өткен жылы Өзбекстан парламентінде де той-садақаға кететін шығынды азайту, қонақтар санын шектеуге қатысты заң қабылдау мәселесі көтерілді. Өзбек елінің басшысы Шавкат Мирзиеев те бір жиында осы мәселеге байланысты лауазым иелеріне: «Сән-салтанат үшін текке кетіп жатқан артық ақшаға неге мұқтаж жандарға 20 келі ет апарып беру немесе олардың үйлерін жөндеп, теледидар әперу туралы ойламайсыңдар?» — деп шүйлікті. Ал тағы бір сөзінде 4 қызы бар адамның сол қыздардың ұзату тойына қаражат жинаймын деп жүріп, денсаулығына қарауға, дәрігерге баруға ақша таба алмайтынын, сонда да қарызға белшеден бататынын, мұндайға жол бермеу керектігін айтқан.

Өзбекстан парламентінің депутаттары осыған байланысты заң жобасын қарағандарымен, қорытындысында, бұл мәселеге қатысты заң шығарылмайтынын, бірақ насихат жұмыстарының қолға алынатынын мәлімдеді.

Қырғыз баспасөзі де соңғы уақытта орынсыз шығынға батудың, «абырой жарыстырудың» қоғамға да, жеке адамдарға да зияны шаш-етектен екенін айтып, осы тақырыпты жиіқозғайтын болды. Мысалы, құдалық кезіндегі киіттің жұртты титықтатқанын, мұның бос шығын ғана емес, тіпті кейде араздық отын тұтатуға дейін апаратынын, сонда да болса, одан бас тартуға, әсіресе, әйелдер қауымының көнбей отырғанын айтқан журналист Сұлтан Жұмағұлов өз мақаласында: «Біздің қыз-келіншектердің бас иіп тұрып, мақтан етуге лайық қасиеттері көп. Бірақ нақ осы киіт мәселесіне келгенде,құдды бір қырғыздың әйелдері қытайдың кәсіпкерлерімен келісімшартқа отырғандай көрінеді. Миллиардтаған ақша қытайдың сапасыз тігілген, қолдан-қолға өтіп, киіттің «айналысында» ғана жүретін киімдеріне текке жұмсалып жатыр», — деп қынжылады.

Кейбір әлеуметтанушылар бүгінде Орталық Азияны жайлаған бұл құбылысқа байланысты «ысырапшылдық мәдениеті» деген терминді айналысқа енгізуді ұсыныпты. Ал, байқасаңыздар,Батыс елдеріне барып-келген отандастарымызол жақта мұндай «мәдениеттің» жоқ екенінүнемі алға тартады. Парижде болып қайтқан кәсіпкер қазақ қызы өзінің сұхбатында: «Париж бүкіл адамзат үшін сән әлемінің астанасы болғанымен, мен ол жақтан гөрі, Шымкенттің көшелерінде сәнқойлардың көбірек екенін байқадым», — дейді. Ванкуверде оқып жүрген қазақстандық студент те канадалықтардың қарапайым киінуге, қымбат киімдерге ақша шашпауға тырысатынын айтқан. Дегенмен, Батыс халықтары да тарихтың бір белестерінде ысырапшылдықты, даңғойлықты бастан өткеріп, соның зардабын шекті. Әйтпегенде, Рим империясында өмір сүрген сатирик-ақын Ювеналдың (60-127 жылдар аралығы) соңында: «Сән-салтанат бізді соғыстан да бетер титықтатты», — деген сөз қалмаған болар еді. Қазіргі «гламур» терминін орта ғасырларда Еуропа философтары мүлде басқа, яғни «өзін-өзі әспеттеу, өзін-өзі көтермелеу» деген мағынада қолданған екен. Кейіннен Еуропада озық ойлы, оқыған зиялылар, сондай-ақ, дін тарапынан «өзін-өзі керемет дәрежеге көтеру» жолындағы ысырапшылдық пен дарақылыққа қарсы насихат күшейтілген. Бүгінгі прагматизмге олар, бір жағынан, сол насихат арқылы жетіп отыр.

Ислам дінінде де ысырапшылдық Алла сүймейтін іс саналады.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұлов:

— Құранда ысырапқорлықтың күнә екені анық түрде айтылған. Мысалы, «Исра» сүресінің 27-аятында: «Шынында, ысырапқорлар — шайтанның туысы. Ал шайтан Раббыңа өте қарсы», — делінеді. Мұхаммед пайғамбар да өзінің хадисінде: «Ысырап берекетті жояды», — дейді. Сондай-ақ, қазір көпшілік той, садақаны қайткенде де көл-көсір етіп өткізу керек деп түсінеді де, сол үшін банктен несие алуға дайын тұрады. Ал, шындығында, көп өсіммен төленетін несие алу да дінімізде күнә саналады. Дінімізде де, сонымен бірге, халқымыздың дәстүрінде де үйлену тойларын көл-көсір, шектен тыс салтанатпен өткізу міндетті емес. Түрлі қиын кезеңдерде жұпыны ғана той жасап, шаңырақ құрған ата-әжелеріміз де өсіп-өніп, соңына үлгілі ұрпақ қалдырып, кейіннен молшылыққа да қолдары жетіп, берекелі ғұмыр кешкен. Ең бастысы — жұртқа жария етіп неке қию және бір мал сойып, ағайынның ақ тілегін естіп, батасын алу, — дейді.

«Той — халықтың қазынасы» деген сөз — қазір ең жиі ауызға алынатын сөздердің бірі. Расында да, солай: бұрын дәулеті тасқан байлар немесе орташа дәулетті болғанмен, артында қуанышқа (әлде, қиын жағдайға) деп жинап қойған жинағы бар жандар тойдың, әйтпесесадақаның себебімен жұртты бір жарылқап қалуға тырысатын болған.Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында: «…асты кім болса сол жасамайды, тек жуан, бай, құдіретті, күштілер ғана жасайды. Өмірде кедейдің асы деген ас болмайтын себебі де сол», — деп жазыпты.

Ал шама-шарқымызға қарамай, бас-басымызға асып-тасқан, күшті болуға ұмтылған бүгінгі тірлігіміз бізді қайда апарар екен?..

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button