Спорт

ШВЕЙЦАРИЯДАН КЕЛГЕН МЕДАЛЬ

30 шілде мен 1 тамыз аралығында Швейцария елінің Домдидер (Domdidier) қаласында ардагер палуандар арасында еркін күрестен XIX Әлем чемпионаты өтті.

Чемпионатқа 37 мемлекеттің ардагер палуандары қатысты. Ал біздің елдің намысын Қазақстан құрама командасына 7 облыстан жиналған 12 палуан қорғады. Олар олжалы оралды, осы жолы спортшыларымыз 2 алтын, 3 қола медальға ие болды.

Алтын медальдар — 85 кг салмақта белдескен шымкенттік Асқар Құлышев пен 76 кг салмақта бәсекеге түскен қостанайлық Игорь Заднепрямыйға бұйырған несібе.  Ал қола медальдың бірін 97 кг салмақта 4 спортшымен белдескен ақтөбелік палуан Қуаныш Мырза иеленді. Ол әуелі Армениядан келген әлем чемпионы Шероянмен белдесіп, 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Одан соң ирандық палуанның да жауырынын жерге тигізген. Ресейден келген Шешенстан спортшысымен тең түсіп, жеребеде жеңістен қағылған. Ақтық белдесуде түрік палуанын жеңіпті. Тағы екі қола медальды Қостанай мен Өскеменнің спортшылары иеленген.

Ақтөбеден барған ардагер палуан Әнуар Өксімбаев (85 кг) бірінші кездесуде

американдық палуанмен күресіп, жарақат алып, әрі қарай жарысты жалғастыра алмапты.

2004 жылы еркін күрестен Әлем чемпионы болған ардагер палуан Қуаныш Мырза содан бері ірі жарыстардан, чемпионаттардан қалған емес. Әрі ол сол жарыстарға қатысуға мүмкіндік беріп, қаржылай қолдау көрсететін облыс әкімшілігі мен облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына да алғысын айтады.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button