Басты жаңалықтар

Шалқарда екі мектеп, бір мәдениет үйі ашылды

Жұма күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің кезекті іссапары Шалқар ауданында жалғасты. Мұнда өңір басшысы бірнеше жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысып, аудандағы ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан бірқатар жұмыстармен танысты.

Жұмыс сапарын Тоғыз ауылдық округінен бастаған облыс әкімі ауылдағы 120 орындық жалпы орта білім беретін мектептің ашылу салтанатына қатысып, жаңа оқу ордасының ішін аралап көрді. Құрылысы 2018 жылдың мамыр айында басталып, пайдалануға берілген№7 мектеп жаңа оқу жылына сақадай сай.

Сондай-ақ дәл осы күні  М.Шыманұлы ауылында 60 орындық Сарықамыс негізгі орта мектебі де ел игілігіне берілді.Құрылысы 2017 жылы басталған заман талабына сай,соңғы үлгіде салынған мектепте спорт залы, асхана, кітапхана бөлмесі бар.Аталған екі мектептің ішін аралап көріп, балаларға жасалған жағдаймен танысқан өңір басшысы  аталған екі мектептің ашылуына орай, қажетті құралдар-жабдықтар сатып алуға қомақты қаржылай сыйлықтың сертификатын табыс етті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына ерекше көңіл бөлуді тапсырып отыр. Жастардың білім алу мүмкіндігін әлемдік озық деңгейге теңестіру үшін біз бар мүмкіндікті жасаймыз, — деп атап өтті өз сөзінде Оңдасын Оразалин.

Бұдан соң облыс әкімі Айшуақ ауылдық округіне қарасты Бегімбет ауылында бой көтерген Мәдениет үйінің ашылуына қатысты. 120 орындық Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы басталып, биыл ел игілігіне беріліп отыр. Жаңадан бой көтерген мәдени ошақ  жергілікті тұрғындардың ұлттық өнермен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.

Ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтаған облыс басшысы:

Халқымыздың қайталанбас озық мәдениетін заманауи үлгіде қайта түлету үшін біз мәдениетімізді, мәдениет ошақтарын дамыту жұмыстарын қолға алуымыз керек.  Болашақта әлемді аузына қаратар нағыз хас таланттар осындай орталардан шығарына сенімім мол, — деді.

Облыс әкімі бұдан кейін «Нұралы» шаруа қожалығының жұмысыментанысты.Бүгінгі таңда 460 бас ірі қара, 820 қой өсіріп отырған шаруашылық, биыл мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 60,0 млн.теңге несие алып, Ресейден 105 бас абердин-ангус тұқымды аналық алып келген. Сондай-аққазір 5000 басқа дейінгі мал бордақылауға арналған кешен салынып жатыр. Инвестиция көлемі 300,0 млн  теңгені құрайтын кешеннің құрылысы биыл аяқталмақ.Өткен жылы мал сою және ет өңдеу цехын іске қосқан. Инвестиция көлемі 147,0 млн теңге болатын кәсіпорын жылына 1000 тонна сиыр етін, 400 тонна қой етін өндіреді.

Жұмыс сапары соңында облыс басшысы аудан әкімі Бауыржан Қаниевке ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуды, қосымша жұмыс көздерін ашып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, инвестиция тартуды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button