Мереке

Жәрмеңке концертке жалғасты

Қобда өзенін жағалай қонған қобдалықтар өткен аптада қос мерекені атап өтті. Елорда күні мен Ұлттық домбыра күніне орай аудан орталығында бірқатар мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.

Шаралар таңсәріден аудан орталығындағы Астана көшесінде ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Ауыл-аймақтардан келген шаруа қожалықтары аудан орталығының тұрғындары мен қонақтарына ет-сүт өнімдерін әкелді. Өзеннің балығы мен құнарлы топырақта өскен көкөністер де қойылды бұл жәрмеңкеге. Қысқы мал азығын іздегендер де өз керегін осы жәрмеңкеден тапты.

Ал дәл осы сәтте «Отан-Ана» саябағында «Ұлттық спорт — ел шежіресі» атты шара ұйымдастырылып, жастар арасында садақ ату мен тоғызқұмалақтан сайыс өтті. Ауыл ақсақалдары мықтыны анықтап, жеңімпаздарға өз баталарын берді. Ал веложарыстан аудан тұрғыны Арман Кенжалин өзінің нағыз велошабандоз екенін көрсетіп, жүлделі бірінші орынға ие болды.

Саябақтың бір бөлігінде спорттық сайыстар ұйымдастырылса, енді бір аумағында ұлттық аспаптар көрмесі қойылды. Келушілерге домбыра, жетіген, қылқобыз секілді ұлттық аспаптардың тарихы туралы аңыз-әңгімелер айтылып, музыка мектебінің оқушылары өз өнерлерін көрсетті.

Бұл күні аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына өз үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар мен жастарды Алғыс хатпен марапаттады. Ал мерекеге орай ұйымдастырылған жарыс жүлдегерлеріне естелік сыйлықтар табыс етілді.

Саябақ төрінде өткен  «Жайнай бер, жаңа Нұр-Сұлтан» атты салтанатты шара көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлап, Елордаға арналған әндерге ұласты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button