Басты бет » Білім » Мемлекеттік білім гранты кімге бұйырады? 

Мемлекеттік білім гранты кімге бұйырады? 

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде білім гранттарына арналған байқауға қатысушылардың құжаттарын қабылдау басталды. Құжаттарды қабылдау 20 шілдеге дейін жалғасады.

Жалпы биыл еліміз бойынша жоғары оқу орындарына 53 785 грант бөлініп отыр. Сондай-ақ, еліміз бойынша көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан түлектер үшін қосымша 5 мың грант беріледі. Сонымен қатар облыс тарапынан да үміткерлер үшін үлкен қолдау  көрсетілмек. Облыс әкімінің 100 гранты үшін де байқау ұйымдастырылады.

«Құжат тапсыруға асықпаңыз…»

Білім беру гранттары ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарына сәйкес конкурстық негізде беріледі. Байқауға биылғы ҰБТ-ға қатысқан әрі шектеулі балл жинай алғандар ғана қатыса алады. Биылғы байқаудың басты ерекшелігі — енді түлектер мамандықты емес, нақты білім беру бағдарламасы мен жоғары оқу орнын таңдай алады. Ал гранттар талапкер таңдаған жоғары оқу орнына бөлінеді.

  • Биылдан бастап мемлекеттік тапсырысты дайындап, бөлу білім беру бағдарламасының топтары бойынша жүзеге асырылады. Бакалавриат бағдарламасында барлығы 97 білім тобы бар.

Үміткер әртүрлі жоғары оқу орындарындағы 4 білім бағдарламасының тобын таңдауына болады (ҰБТ-дағы таңдау пәндеріне сәйкес). Ал грант иегері атанғанда бір ғана білім бағдарламасын таңдай алады, — дейді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры  Нұржан Бердібаев.

Қазір жоғары оқу орындары жүзеге асыратын бағдарламалардың реестрі жасалған. Сол арқылы талапкерлер өздерін қызықтырған топқа қандай білім беру бағдарламасы кіретінін және ол қай жоғары оқу орнында екенін біле алады.

ҰБТ-да негізгі пәндердің келесі комбинациясы белгіленді: 1. Математика – Физика. 2. Математика – География. 3. Биология – Химия. 4. Биология – География. 5. Шет тілі – Дүниежүзі тарихы. 6. География – Шет тілі. 7. Дүниежүзі тарихы – Адам. Қоғам. Заң. 8. Дүниежүзі тарихы – География. 9. Қазақ тілі / Орыс тілі – Қазақ әдебиеті / Орыс әдебиеті. 10. Химия – Физика. 11. Шығармашылық емтихан – Шығармашылық емтихан.

Білім беру саласының ішіндегі тиісті пәндер қатар келіп қалған жағдайда талапкерлерге оқу бағдарламасының төртке дейінгі топтарын таңдауға мүмкіндік беріледі. Мысалы, «Биология» + «Химия» пәндері бойынша жарияланған білім гранты үшін байқауда үміткердің «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту (медицина)» саласы бойынша төмендегі бағдарламаларды таңдауға мүмкіндігі бар: 1. «Мейірбике ісі». 2. «Фармация». 3. «Жалпы медицина». 4. «Стоматология».

  • Құжат қабылдау үшін университетте талапкерлерге қолайлы жағдай жасалды.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ата-аналар мен үміткерлерге құжат тапсыруға асықпау керектігін айтқым келеді. Өйткені бастапқы 2-3 күнде мұнда келуші адамдар өте көп болады. Бұл — бір. Екіншіден, құжат қабылдау аяқталуға 2-3 күн қалғанда келсе, қай білім топтарында бәсекелестік аз екенін білуге болады.

Әр күн сайын конкурсқа қабылданған құжаттар бойынша сараптама жүргізіліп, статистика жарияланып тұрады.  Статистикалық мәлімет арқылы қай мамандықта конкурсқа қатысушылар көп, аздығын біле аламыз. Сол себепті, осы мәліметтер үміткерлер үшін тиімді болмақ. Тестілеу қорытындысында аздау балл жинаған үміткер байқауға құжаттар аз қабылданған оқу бағдарламасына тапсыруына болады, — дейді проректор.

Биыл жоғары білім алуға ниет білдірген үміткерлерге 53 785 грант бөлініп отыр. Ең көп грант техникалық және педогогикалық ғылымдардың үлесінде.

Гранттар техникалық мамандықтарға көбірек бөлінгенмен, әлеуметтік сала да назардан тыс қалмапты. Қазір инклюзивті білім беру мәселесі өзекті. Сол себепті, биыл  дефектология бойынша гранттар саны артқан.
Екінші мүмкіндік: қосымша гранттар

Грант бөлудегі тағы бір жаңалық  — биыл көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан түлектер грантқа түсу үшін екінші рет конкурсқа қатыса алады. Бұл мақсатта қосымша 5 мың грант бөлініп отыр. Гранттардың қаражаты жергілікті әкімдіктерге аударылады екен. Атқарушы органдар өз кезегінде өңірдің қажеттілігін ескере отырып, нақты мамандықтардың тізбесін жасайды. Одан кейін конкурс негізінде гранттар беріледі. Біздің облыстың сұранысына сай бөлінген грант саны — 180.

Басты талаптың бірі — биылғы ҰБТ қорытындысында шектеулі балл алған және одан да көп ұпай жинаған үміткерлер ғана байқауға  қатыса алады.

  • Жалпы, осы грантқа ие болу үшін үміткерлер, ең алдымен, республикалық білім грантының конкурсына қатысып, бағын сынайды. Ал сол жалпы конкурс бойынша грантқа ие болмаған көпбалалы отбасыдан шыққан және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы талапкерлер қосымша берілген грантты иелену үшін өткізілетін байқауға қатысуына болады, — дейді проректор.

Бұл байқауға құжаттар тамыз айының 5-10-ында қабылданады. Конкурсқа қатысу үшінүміткер жергілікті атқарушы органдарға өтініш жазу керек. Қосымша гранттар ҰБТ-ның ұпай санына қарай тағайындалады. Ал жеңімпаздардың тізімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Бұл гранттың иегерлеріне 20 949 теңге көлемінде стипендия тағайындалады. Сонымен қатар демалыс кезінде жылына екі рет жол жүру өтемақысы төленеді екен.

P.S.

Республика көлемінде өткізілетін мемлекеттік білім грантын иеленбегендер үшін облыс әкімдігі тарапынан тағы бір үлкен мүмкіндік беріледі. Яғни талапкерлер үшін облыс әкімінің 100 гранты беріледі. Мұнда да өңір үшін қажетті, сұранысқа сай  мамандықтар басымдыққа ие. Нақтырақ айтқанда 100 гранттың 30-ы —педагогика, 30-ы медицина саласына бөлінсе, қалғаны әртүрлі мамандықтарға берілмек. Құжаттар 5-10 тамызда қабылданады.

Айта кету керек, облыс әкімінің гранты үшін ұйымдастырылатын байқауға ҰБТ-дан шектеулі балл алған барлық санаттағы үміткерлер қатыса алады. Талапкерлердің ұпайлары тең болған жағдайда жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған үміткерлерлер, кәсіптік-техникалық білімі бар және 1 жыл жұмыс жасағандар, «Алтын белгі» иегерлері, республикалық, халықаралық  олимпиадалардың, ғылыми жобалардың, сондай-ақ, спорттық жарыстардың жүлдегерлерібасымдыққа ие болады.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*