Жаңалықтар

Болашақ жүргізушілер жарамсыз көлікпен емтихан тапсырып жүр

Анық-қанық

Жақында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері Ақтөбе қаласындағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасына мониторинг жүргізді.

Мониторинг жұмысы практикалық емтиханды тапсыруға арналған көлік құралдарының жекелеген санаттарының жағдайын анықтауға бағытталған.

Шара барысында автодромда «В» санаты бойынша практикалық емтихан тапсыру үшін мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналып жабдықталған көлік құралы қолданылатындығы анықталды. Оның үстіне бұл көлік жарамсыз, анығы, істен шыққан. Яғни ілініс педалі, қол тежегіші, ашық түрдегі беріліс тұтқасы, қалыпты жағдай балын есептейтін автоматтандырылған датчиктері, алдыңғы бампер бекіту нүктесінен ажыратылғандығы, дөңгелектер қысымының әртүрлілігі, қисық дөңгелек секілді ақаулар табылды.

Осы жерге емтихан тапсыруға келіп тұрғандар арасында жүргізілген сауалнамадан белгілі болғандай, болашақ жүргізушілер жүргізуші куәлігін алу үшін әуелі 2600 теңге төлеп, сынама-емтиханнан өтуге мәжбүр болады. Сонымен қатар олар автоматтандырылған автодромда сынақ түріндегі практикалық емтиханды 3-9 мәртеге дейін тапсырады. Сауалнамада жаңағыдай жарамсыз көлікке отырып, практикалық емтихан тапсыру, әрине, түрлі бұзушылықтарға әкелетіндігі, тіпті бұрын көлік жүргізуде тәжірибесі бар азаматтардың өзі үшінші мүмкіндікте де емтихан тапсыру мүмкін еместігін айтып отыр.

Талдау жұмыстары екі сағатқа созылды. Бұл кезеңде сынама-емтихан тапсыруға кезек күтіп отырған адам саны 40-тан асты. Осылайша, автодром көлік құралдарының техникалық ақауларының болуы азаматтардың сенімін төмендетуге, апаттық жағдайды тудыруға, сонымен қатар осы қызметті пайдаланушының негізсіз шығындарды төлеуіне әкеліп соғады. Бұған қоса, күту залында азаматтарға арналған қалыпты жағдай жасалмағандығы анықталып отыр.

Осыған орай, аталған департамент анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына хат жолдады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button