Жаңалықтар

Тоқтап тұрған жобалар жан-жақты зерттелуі қажет

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерімен кездесті. Өзен арналарын бекіту, кеңейту мәселелері жөнінде өткен отырысқа Экологиялық реттеу және  бақылау комитетінің төрағасы Ахметжан Пірімқұлов,  Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің  төрағасы Қайыр Рыскелдинов, Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мұрат Бейсенов және  облыс әкімдігінің өкілдері, Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қатысты.

Жиын барысында арнайы  құрылған жұмыс тобы Қарғалы, Сазды, Елек, Жаман-Қарғалы, Бұтақ, Песчанка, Жіңішке, Тамды   өзендерінің арналарын кеңейту, бекіту жобалары әлі де зерделеніп жатқандығын жеткізді.

Жұмыс тобы ең алдымен тұрғындарға қауіп төнбеуін  басты назарда  ұстайды. Себебі, 2017 жылы орын алған су тасқынынан 450 млн теңгеден астам қаржыға  шығын келген болатын.

Оңдасын Оразалин мамандарға  қазіргі таңда тоқтап тұрған жобалар жан-жақты зерттелу қажеттігін айтты.

«Аймақ басшысы ретінде  мен үшін тұрғындардың  пікірі маңызды. Республика көлемінде көтеріліп отырған мәселеде олардың ойына құлақ асқанымыз жөн. Өздеріңізден маман ретінде жан-жақты зерделеулер мен нақты шешім күтеміз», —деді Оңдасын Оразалин.

Жауапты мамандар қандай шешім болмасын  қоғам белсенділерімен, жанашыр азаматтармен келісе отырып бір шешімге келетіндерін айтты.

Өткен маусым айында  Ақтөбедегі алты  өзенге  жүргізіліп жатқан кеңейту, арналарды бекіту  жұмыстары ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің шешімімен тоқтатылған болатын.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button