Жаңалықтар

Жоба қайта жалғаса ма?

Қоғамда екіұдай пікір туғызған Ақтөбе қаласындағы өзендер арнасын кеңейту, тазарту мен тереңдету жұмыстары туралы мәселе тағы көтерілді. Осы мәселеге қатысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен  екі апта бұрын құрылған комиссия қалалық әкімдікте жиналды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы Ахметжан Пірімқұловтың төрағалығымен өткен «Ақтөбе қаласындағы өзендер арнасын кеңейту, тазарту мен тереңдету жұмыстарының барысы туралы» тақырыбындағы жұмыс комиссиясы отырысында 2017 жылдан бері атқарылып келе жатқан Ақтөбедегі сегіз өзенді тазалау жобасын тоқтату керек пе, әлде жалғастыра беру керек пе деген мәселе тағы көтерілді.

Айта кетейік, бірнеше министрлік пен жобалау институтының 2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу жөніндегі жобасы жасалып, мемлекеттік сараптаманың оң шешімі берілген-ді: нәтижесінде өзен айналасындағы ағаш-талдар кесіліп, нығайту дамбалары орнатылды. Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалиннің айтуынша, жоба бойынша 118,7 шақырым дамба орнатылуы тиіс, бүгінге дейін соның 30 шақырымы орнатылған. Осы жобаны жүзеге асыру үшін төрт мердігер компаниямен жалпы сомасы 6 миллиард теңгеден асатын келісімшарттар жасалған. Бұл жобаға қатысты қазір қарама-қарсы екі пікір бар: бірі «мұны жалғастырмасақ, тағы да суға кету қаупі бар» десе, екінші тарап: «жобаны жалғастырсақ, өзендер тартылып қалады» дегенді алға тартады. Осы екі пікірдің арасынан қаланың су шаруашылығының һәм тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шешім табу үшін екі апта бұрын арнайы комиссия құрылған болатын.

—  Қалалық әкімдікпен бірге өзен арнасын кеңейту жұмыстары жүрген жерлерге бардық. Жұмысты жалғастыру керек деп барлық дерлік мамандар айтып жатыр. Біз 2017 жылдың көктемінде болған оқиғаның қайталануын болдырмауымыз керек. Қазіргі уақытта Президент тапсырмасы аясында барлық мемлекеттік және құқық қорғаушы органдар өз құзыреттері аясында тексерістер жүргізіп жатыр, —деді Экологиялық реттеу мен бақылау комитетінің төрағасы Ахметжан Пірімқұлов.

Жиында барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары, экологтар, сарапшылар да өз пікірін айтты. Орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Каир Рыскелдинов жобалық-сметалық құжаттаманың дұрыстығына ескерту жасаған жоқ, тек өзен жағалауларындағы ағаш-талдарды қайта қалпына келтіру қажеттігін айтты.

Су ресурсы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Мұрат Бейсенов ағаш-талдарды кесу, өзен арналарын кеңейту, жағажайларын нығайту жұмыстарын одан әрі жалғастыру керектігін алға тартты: «Бас мердігер компаниялар қалалық әкімдік белгілеген жерге ағаш-талдарды қайта егуге дайын. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі заңнамаға сәйкес жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қажет деп санаймыз», — деді ол.

Экологтардың да өз уәжі бар. Қоғамдық ұйымдар атынан пікірін білдірген эколог Александр Мандрыкиннің айтуынша, жобаны бастапқы күйінде жалғастыруға мүлде болмайды.

А.Пірімқұлов барлық ұсыныстың міндетті түрде ескерілетінін, аталған жобаға өзгерістер енгізілетінін айтты. Соңында сөз алған қала әкімі Мавр Абдуллиннің де пікірі осыған саяды:

— Ақтөбеде болып жатқан оқиғаға бейжай қарамай, жанашырлық танытып жатқандары үшін қоғамдық бірлестіктерге алғыс білдіремін. Көп жылдар бойы бөлінбеген қаражатты алып, жұмысты жүргізбей тастауға болмайды. Үш жылға бөлінген қаражаттың сапалы жұмсалуын қадағалауға қоғамдық бірлестіктерге қосымша жүктеме береміз. Бұл жұмысты бәріміз бірге атқаруымыз керек. Жобаға өзгерістер енгізілген соң, қайта жалғасатын болады, — деді ол.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button