Басты жаңалықтарЭкономика

 «Сыбаға»: 1375 асылтұқымды ірі қара жеткізіледі

Былтыр Әйтеке би ауданындағы  шаруашылық иелері мемлекеттік бағдарлама аясында 440 асылтұқымды ірі қара сатып алды. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып жатыр.

Аудандағы шаруашылық құрылымдары мал санын көбейту, оны асылдандыру жұмыстарына басты назар аударып отыр. Сондай шаруашылықтардың қатарында «Құмқұдық», «Қарабұтақ», «Қожа» сияқты серіктестіктер бар. Атап айтсақ, бұл шаруашылықтардың малы ангус, қазақтың ақбас тұқымды ірі қараларымен толықты. Мәселен, «Қожа» шаруа қожалығының басшысы   қазақтың ақбас тұқымды 135 сиырын сатып алса, «АЖА» шаруа қожалығындағы мал сүтті бағыттағы симментал тұқымды 100 сиырмен толықты.

Мамандардың айтуынша, ауданда мал басын көбейту және асылдандыру жұмыстары биыл да жүйелі қолға алынған.

Биыл ауданға алыс-жақын шетелден 1100 ірі қара әкелу тапсырмасы берілген. Қазіргі уақытта аудан бойынша 9 шаруашылық иелерінің атына  «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жалпы саны 1375 ірі қара сатып алу үшін 1056,0 млн теңге несие рәсімделіпті. Бүгінгі күні соның 724-і жеткізілген. Атап айтар болсақ, Ресейден «Баянауыл» шаруа қожалығына — 84, «Таланды» қожалығына — 50, «Наз Мырза» шаруашылшығына 19 ірі қара жеткізілсе,  «Әділет» шаруа қожалығының иесі 24 ірі қараны Белоруссиядан сатып алды. Сол сияқты, бірқатар ірі шаруашылық құрылымдарында Солтүстік Ирландия, Австралия елдерінен әкелінген етті, сүтті бағыттағы ірі қаралар да бордақылау алаңдарында тұр. Бұл бағыттағы шаруалар «Әділ», «Ғалымжан» сияқты шаруашылықтарда да жүйелі іске асырылып жатыр. Аталған шаруашылық иелері несие қаражаттарын алып, тасымалдау жұмыстарына әзірленуде.

«Құмқұдық» — ауданда егін егумен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын бірегей құрылым. Серіктестік директоры Александр Чемоданов қазір 150-ге тарта адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бұл серіктестік Әйтеке би ауданының ауыл шаруашылығы саласының дамуына көп жылдардан бері сүбелі үлес қосып келеді. Малды сапалы азықпен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы 2887 гектарға азықтық дақыл екті. Оның ішінде 1538 га судан шөбі, 1209 га құмай және 140 гектарға сүрлемдік жүгері егілген.  Сонымен қатар 15765 гектар алқапқа дәнді дақыл егілді. Шаруашылықтың машина-трактор паркі соңғы үлгідегі заманауи техникалармен жабдықталған, соның ішінде «КСУ-1» маркалы өздігінен жүретін шөп шабу машинасы, 12 «Сase», сондай-ақ «Mega», «Vektor» маркалы комбайндар мен «Беларус» маркалы тракторлар, 4 егін кешені, тіркемелі автоматтандырылған жем-шөп үлестіргіш техникасы, жер өңдеу, мал азығын дайындау құралдары толығымен жаңартылған. Мал қоралары да талапқа сай салынған. Яғни, шаруашылық базасы қай жыл мезгілі болмасын, белгілі бір температурадағы сумен қамтамасыз етілген. Малдың салмағын өлшеуге арнайы электронды таразымен жабдықталған және шаншу орындары зоотехникалық, ветеринарлық талаптарды сақтай отырып жасалған.

— Австралиядан ангус тұқымды ірі қара алдырып отырмыз. Егінмен ғана айналысу — тәуекелділікті қажет ететін іс. Сондықтан кәсіпкерлікті бір бағытта ғана жүргізбей, жан-жақты дамытуды жөн санадық. Мал шаруашылығын дамыту арқылы жұмысшыларымызды  жыл он екі ай бойы жұмыспен қамтудың мүмкіндігі бар. Бүгінгі күні жұмысшыларымыз уақтылы еңбекақыларын алып отыр. Тағы бір артықшылығы — малды бордақылап, етке тапсырғанда кеткен шығындарды қайтарып, таяу уақытта табысқа қол жеткізуге болады. Шетелден асылтұқымды ірі қара сатып алуда «Әйтеке би»  несие серіктестігі арқылы 600 миллион теңге несие алдық. Сондай-ақ облыс, аудан әкімдіктері тарапынан үнемі қолдауды сезінеміз, — дейді А.Чемоданов.

Шаруашылық басшысының айтуынша, шетелдерден әкелінетін ірі қаралардың жерсінуі үшін де  көптеген шаруалар жасалуда. Ол үшін арнайы жемшөп пен түрлі құрама азықтар, сүрлемдер дайындалады. «Шетелден әкелінетін  малды күтіп-баптау үшін басқа шаруашылықтардың жұмысымен танысуға тура келеді. Ол үшін арнайы  мал ұстайтын алаң әзірлеп жатырмыз. Өйткені шетелдік малды күтіп-баптау ісінде өзгешеліктер көп. Алдағы кезде осы салаға басымдық бермекпіз», — дейді шаруашылық иесі.

Арнайы көліктермен әкелінетін асылтұқымды ірі қараларды Ақтөбеге жеткізудің де өз машақаты бар. Ресейден әкелгенде, ондағы мамандар малдың мұнда аман-сау жеткізілуін өз жауапкершілігіне алған. Шетелдік мамандар өзіміздің кадрларға, жұмысшыларға малды күтіп-баптауда өз кеңестерін беріп, кей мәселелер төңірегінде түсіндіріп жатады.

Аудандық ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, алдағы уақытта аумақта етті ірі қара тұқымын көбейту жұмыстарына басымдық берілмек.

— Ауданымызда мал тұқымын асылдандыру жұмысымен айналысып жатқан барлық шаруашылық тиісті субсидиялармен қамтылуда. Әсіресе, етті, сүтті, тауарлы ірі қараларды өсіргені және табынға асылтұқымды бұқа қосып, асылдандыру жұмыстарын жүргізгендері үшін төленер  төлемдер де аз емес. Оның барлығы шаруашылық иелеріне түсіндірілді. Басты бағыт — ауданда етті және сүтті бағыттағы ірі қаралар санын арттыру. Осылай аз шығын жұмсай отырып, табысты шаруашылықтар қатарын көбейтуіміз қажет. Субсидияның  төлену  тәртібі де осыны көздейді, — дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы  Айсұлтан Кеңпейілов.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button