Басты жаңалықтарМәселе

Ақтөбе жолдары қазір қандай күйде?

Посткеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда Еуропадағы сияқты  ірі жобаларды ұзақ мерзімді  жоспарлау, сапа стандарты, жергілікті ерекшеліктер, бюджеттік мүмкіндіктер, жаңа жобалар қаржысы, жолдарды кеңейту жобалары, техникалық қызмет көрсету  шығындары алдын ала талданып, бір ресурсқа топтастырылмаған.

Біздің жағдайымызда Еуроодақтағы сияқты жол бюджетін алдын ала бірнеше жылға есептеу тәжірибесі енгізілген жоқ. Жақында елімізде  Жолдар сапасын бақылау жөніндегі Ұлттық орталық құрылды. Мақсат — Еуроодақ елдеріндегідей  жол құрылысы жобаларын талдау, мәліметтерді  орталықтандыру, жол компаниялары қызметіне бақылауды күшейту. Осы уақытқа  дейін жөнделген, қайта салынған автокөлік жолдарының сапасын «Облжоллаборатория» республикалық мемлекеттік мекемесінің 14 облыс пен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы бөлімшелерінің жылжымалы жол лабораториясында тексеретін.  Жол бизнесінде жемқорлық пен сыбайластықтың  артуына  осындай «жылжымалы лабораториялар» себеп болғандығын ескерсек, бұл жұмыстың басқаша жолға қойылуы — күн тәртібіндегі өзекті мәселе.

Елбасы 2022 жылға қарай  еліміздегі автокөлік жолдарының жағдайын 90 пайызға жақсарту міндетін белгіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 23 мамырда Ақтөбеге жұмыс сапарында  облыс жолдарының 50 пайызының жарамсыздығын, жергілікті жолдарды қалпына келтіруге ел бюджетінен қомақты қаржы бөлінетінін хабарлады. Қ.Тоқаев Ақтөбе облысының әкімдігіне 2025 жылға дейін облыстық, аудандық маңызды жолдарды қалпына келтіру міндетін қойды. Бірінші кезекте   «Нұрлы жол» бағдарламасымен Ақтөбе-Хромтау, Ақтөбе-Қандыағаш тасжолдары қайта қалпына келтірілетін болды.

  • Ақтөбе облысы автокөлік жолдарының ұзындығы — 6 мың 938   шақырым. Оның ішінде:
  • Республикалық маңызы бар жолдар ––1885,8 шақырым.
  • Облыстық маңызы бар жолдар — 1 262,8 шақырым.
  • Аудандық маңызы бар жолдар — 3 789,5 шақырым.
  • Облыс аумағынан өтетін автокөлік жолдарының 3 724,25  шақырымы жақсы және  қанағаттанарлық жағдайда. Бұл –– 53,6 %.

«Ақтөбе-Атырау – РФ шекарасы» (Астрахань)

Елімізде транзиттік жолдарды қалпына келтірудің ірі жобаларының бірі — «Ақтөбе-Атырау — РФ шекарасы» (Астраханьға дейін) автомагистралін қайта жарақтандыру жобасы. Жол ұзындығы —  319 шақырым, бюджеті — 122 миллиард теңге. Негізгі қаржыландыру көзі — Азия Даму Банкі.

Қаржымен есептегенде, осы жолдың 1 шақырымы — 403 миллион 973 мың теңге, доллармен — 1 миллион 506 мың139 $, евромен — 934 мың 420 £ тұрады.

Азия Даму Банкі «Ақтөбе-Атырау — РФ шекарасы» (Астраханьға дейінгі) дәлізінің 160-220, 236-275, 275-330 шақырымдарын қаржыландыруда. Биылғы жылдың 22 мамырында «ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясы АҚ баспасөз қызметі осы халықаралық жол құрылысына мердігерлерді анықтауға конкурстық құжаттар дайындалғандығын жариялады. Құрылыс аяқталғаннан кейін ені 9 метрге кеңейтілген автомагистраль автокөліктердің қозғалыс жылдамдығын сағатына 120 шақырыммен қамтамасыз етеді. «Қазіргі кезде жолдың қайта жарақтандырылып жатқан аумағы  7-ге бөлініп, оның  бір бөлігіне  жөндеу аяқталса, 230 шақырымға созылатын  4 жол бөлігінде  құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады.

Магистральдің «Ақтөбе-Қандыағаш» бөлігі  ІІІ санаттан І техникалық санатқа көшіріліп, 4 жолақты қозғалысқа айналдыру жобасының техникалық негіздемесі бекітілді. Жолдың қайта жаңаруы Ақтөбе мен Атырау облыстары тұрғындарының қатынасына, кәсіпкерліктің дамуына, екі облыс арасындағы сауданың жандануына кең мүмкіндік ашады деп күтілуде.

Жолға жұмсалатын қаржы

 Соңғы жылдардағы облыстағы жол бюджеті:

* 2016 жылы — 9 миллиард 600 миллион теңге. Жөнделді — 99 километр.

* 2017 жылы — 16 миллиард 900 миллион теңге. Жөнделді — 302 шақырым.

* 2018 жылы — 19 миллиард 400 миллион теңге.  Жөнделді — 404 шақырым. (Мұның ішінде қалпына келтіру мен құрылыс — 84 шақырым, күрделі жөндеу — 40,3 шақырым, орташа жөндеу — 279,7 шақырым). Тағы да  2018  жылы облыстық маңызы бар автокөлік жолдарын күтіп ұстау мен жөндеуге 741,1 миллион теңге бөлініп, игерілген. Осы жұмыстарға  облыстық жолдардың 265 шақырымы биіктетіліп (грунтовое покрытие), қиыршық тас төселген. 4,5 шақырым жолдың шұңқыры бітелген.

* 2018 жылы  50*50 жобасымен  жолды орташа және күрделі жөндеуге  республикалық бюджеттен қосымша  2 миллиард 480 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 2 миллиард 403 миллион теңге бөлінді.

* 2019 жылы — 36 миллиард 700 миллион теңге бөлінді. Жоспар — 414 шақырымды жөндеу.

Өткен жылдың ірі жобасы:  «Ақтөбе — РФ шекарасы» (Орск бағыты) автокөлік жолының  50 шақырымы 2 миллиард 100 миллион теңгеге жөнделді. Осы жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенде Песчанка және  Жаман Карғалы өзендерінің бойына 2 көпір  салынды. Екі жыл бұрын басталған Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк бағытындағы  тасжолдың 307-334 шақырымындағы жөндеу жұмыстары  белгісіз жағдайда қалды.

                                                                         Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button