Басты жаңалықтарМәселе

Еуропадағы жол салу ерекшеліктері

Еуропа мемлекеттерінің жол бюджеті қалай есептеледі? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында  Еурокомиссияның  ресми  сайтынан 2008 жылға  дейінгі Еуропарламент сессиясында бекітілген жол бюджеттерін қарап шықтық. Мұнда 28 мемлекеттің шығындары топтастырылып, ресми ақпарат Еурокомиссия сайтына орналастырылған. Бұл сайтта  ірі жобаларды ұзақ мерзімдік жоспарлау, сапа стандарты, жергілікті ерекшеліктер, бюджеттік мүмкіндіктер, жаңа жобалар қаржысы, автобандарды кеңейту жобалары, техникалық қызмет көрсету  шығындары қамтылған. Алайда Еурокомиссияның  ресми сайтынан  Еуроодақ жол бюджетінің   соңғы үш-төрт жылдағы мәліметтерін таба алмадық.

Бір шақырым жол қанша тұрады?

2010 жылдың 30 маусымында Worldhighways.com журналында Еуропа елдеріндегі  жол құрылысының толық экономикалық  есебі жарияланды. Мұнда  әр елдің жол құрылысы мен оған техникалық қызмет көрсетуге жұмсалатын  шығындары салыстырылған.

Сайттағы  мәліметке сүйенсек, 2010 жылы  Австрия 1 шақырым жол салуға –12 миллион 87 мың £  жұмсапты. Жол құрылысына көп қаржы жұмсайтын екінші ел — Венгрия. Бұл елде 1 шақырым –– 11,21 миллион £-ға бағаланған. Үшінші орында — Словакия. Мұнда 1 шақырым  жол салу –– 9,56 миллион £. Төртінші орында Чехия тұр. Чехтар 1 шақырым жолға 8,86 миллион £ жұмсайды. Данияда 1 шақырым жол 5 миллион 89 мың £ тұрады. Хорватияда 1 шақырым  –– 6,682 миллион £. Словенияда –– 7,29 миллион £. 2010 жылы Германияда 1 шақырым жол құрылысы 8 миллион 24 мың евроға есептелген. Цементті бетон жолдар салуға көшіп, оның технологиясын жетілдіруі арқасында Германияның жол бюджеті 1 шақырымға 2 миллион евроға дейін арзандады. Олар  тамаша жолдарын халқының еңбекқорлығы мен ұқыптылығының көрсеткіші,  мемлекетінің айнасы деп қарайды. Әрі мұны келешек үшін жасайды. Олар үшін  сапасыз  салынған жолдар –– ұрпақ алдындағы ұят іс.

Еуропада тауды тесіп өтетін  автомагистральдар салу өте  қымбатқа түседі. Германияда тау ішінен салынған автомагистраль құрылысының 1 шақырымы 25 миллион 99 мың евроға  бағаланады. Осыдан көрініп тұрғандай, Чехия, Венгрия мен Германияда тау ішінен жарып өтетін туннельдер құрылысы өте  қымбат.

Автобандардың 1 километрі үшін  техникалық қызмет көрсетуге  Швейцария — 178 мың евро, Германия 40 мың евро жұмсайды. Осы мақсатта  орта есеппен  Еуроодақ елдерінің  ортақ бюджетінен  1 шақырымға  2 миллион евродан шығып отыр. Еуроодақ елдерімен салыстырғанда, Ресейде федералды автомагистральдің 1 шақырымын жөндеу орташа есеппен 850 мың £ тұрады. (www.Worldhighways.com/sections/eurofile/news/European-highway-construction-costs-evaiuated/ сайтынан.

Ресейлік экономист, экономика ғылымдарының докторы Никита Кричевский 2010 жылдардан бері әлемдегі  жол құрылыстарының шығындарын  былай есептейді. Қытайда 1 шақырым жол салу –– 2,2 миллион $, Еуроодақта –– 6,9 миллион  $, АҚШ-та –– 5,9 миллион $ Экономист 2010-2015 жылдары 1 шақырым жол құрылысына  Ресейде 17,6 миллион $ жұмсалғанын айтады. Мәселен, Краснодар мен Новороссийск автомагистральдерінің 1 шақырымы  32 миллион  $-ға бағаланған. Санкт-Петербургтегі  Батыс айналма автотрассасының 1 шақырымы 140 миллион $ тұрады. Ресейде әуежай мен қала арасын  жалғастыратын автокөлік жолдарының  салу бюджеті өте қымбатқа түседі. Ресей қалаларының ішкі жолдары  шұрқ тесік болып жатса да, федералды бюджет әуежай мен қаланы  байланыстыратын автомагистральдерден қаржы аяған емес.

Бетон жолдар

Посткеңестік елдердің жол компаниялары  тасжолдардың  шұңқыр ойықтарын  жамауды («ямочный ремонт») айрықша ұнататын болса, олардың Еуропадағы әріптестері  ойық бітеудің не екенін түсінбейді. Олар үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу –– жолды қайта салып шығумен бірдей. Жөндеу басталғанда ақауы бар тасжолдың 1 шақырымы тұтас ауыстырылады.

Соңғы жылдары Еуроодақ мемлекеттері  асфальт жолдарын жаппай  цементті-  бетонға алмастыруға қызу кірісті. Қаржыларын бірнеше онжылдыққа алға есептейтін немістер «басты  айырмашылық –– технологияда» дейді. Қатты аяз бен суыққа, ауыр көліктердің салмағына шыдас беретін, цементтелген бетон байланыстырылған  жолдар 30 жыл  жөндеусіз қызмет етеді. Қисаймайды, тесілмейді әрі  теп-тегіс. Ал жарамдылық мерзімі  15 жылға  есептелген  асфальт  жолдар уақыт өте келе  климаттық жағдай мен ауыр көліктердің салмағынан тоза бастайды.

Бетон жолдардың негізі — әктас (известняк) және цемент.

Асфальт жолдардың негізі — мұнай қалдықтары.

Немістер өз брендіне айналдырған цементті-бетон жолдарын  «бетон-бутерброд» деп атайды. Ол жақта жол құрылысына пайдаланылатын  негіз біздердікімен бірдей: құм, тастар, цемент, қоспалар. Бірақ осы негіздер үнемі жетілдіріліп келеді. «Бетон-бутерброд» былай төселеді:  ең төменгі  геожамылғы қабаты. Қатты суыққа, аязға, жаңбыр мен қарға төзімді ең төменгі  жамылғы қабат. Осыдан кейін бірінен соң бірінің үстіне  екі түрлі бетон қабаты төселіп, плиталар арасы  арнаушы шегелермен  бекітіледі. Басты мәселе – бекіткіштердің мықтылығы. Дюбелі мықты болса, бетон тақтайшалар бір-бірінен ажырамайды. Беткі жағы waschbeton қабаты. Бұл — жолдың жоғарғы бетін  арнаулы қоспалармен өңдеу жұмыстары. Соңғы жылдары қымбатқа түсетін бетон жолдар  құны асфальт жолдың шығындарымен теңесті. Себебі Германия  жол  қоспалары технологиясын үнемі жетілдіріп әрі арзандатып  келеді.

Ресей Федерациясында  неміс технологиясымен бетон жолдар төселіп жатыр. Ресейдің бізбен шекаралас облыстарының ішінде алғаш рет 42 шақырымдық бетон жол  Самарада салынды. Қала орталығынан Курумуч әуежайына баратын екіаралық тасжол тұтас бетондалды. Қаладан әуежайға қатынайтын ескі автобусқа мінсең де, жолдағы кептелістерді қосқанда, қаладан 35 минутта  сумен жүзіп барғандай жетесің. Ал Орынборда асфальт жолдар әзірше  бетон жолдарға өзгертілген жоқ. Ресей блогерлерінің жазуынша, Ресейде жол  салу АҚШ-қа қарағанда — 6 есе, Қытаймен салыстырғанда 15 есе қымбат. Қай елде болмасын, жол сапасы үнемі жұрттың көз алдында тұратыны ақиқат. Ендеше, қазіргі кезде жол салуды  атаның балаға қалдыратын мұрасы деуге болады.

                                                                            Баян СӘРСЕМБИНА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button