Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Балалар және жазғы демалыс

Біздің облыста ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы бастамаларды жүзеге асыру мақсатында балалардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Облыс оқушыларының 96 пайызы жазғы демалыс кезінде лагерльерде тынығып, еліміздің және облыстың киелі жерлеріне саяхат жасайды.

Биыл оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 283 миллион теңге бөлінді. Каникулды тиімді өткізуді мақсат еткен жұмыстар екі негізгі бағытқа бөлінеді: сауықтыру және еңбекпен қамту. Жалпы саны 130 мың бала лагерьлерде тынықса, 114 850 оқушы еңбекпен қамтылады. Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат жасайтын балалардың саны — 15 мың.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен осы бағыттағы жұмыстар туралы әңгімелескен едік.   

Киелі жерлерге саяхат

  • Үкімет басшысының «2016-2019 жылдарға арналған жазғы каникул кезеңінде балаларды сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» өкімін орындау мақсатында көптеген игі шаруалар қолға алынып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар үшін бюджеттен қаражат бөлінді, демеушілер де көмектесуде. Лагерьлерде тынығатын балалардың саны — 130 мың. Нақтырақ айтсақ, қала сыртындағы лагерьде 18 мың оқушы демалады. Облыс бойынша 303 мектептің жанынан лагерьлер ашылып, онда 61 мың бала тынықты. Сондай-ақ, 166 шатырлы лагерьге 19 мың, ата-аналар есебінен 32 000 оқушы демалады, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Оның айтуынша, еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайтын оқушылардың саны артып отыр. Былтыр 14 мың бала экскурсия жасаса, биыл 15 мың оқушы туған өлке, өскен өңір, туған ел туралы дүниетанымын кеңейте түседі. Саяхатты ұйымдастыру негізінен демеушілер мен ата-аналардың қолдауымен іске асырылуда.

  • Еліміздің Тұңғыш Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында еліміздің киелі жерлеріне 6400 оқушы саяхаттайды. Олар Түркістан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарына барады. Сондай-ақ, 8600 оқушы облысымыздың киелі жерлеріне енген мекендерді аралап, тарихымен танысады. Бұл оқушыларды Ақтөбедегі республикалық деңгейдегі 10 нысанды, өңірлік деңгейдегі 34 нысанды аралату жоспарланып отыр. Маусым айында 6830 бала экскурсиямен қамтылды, — дейді басқарма басшысы.

Рухани жаңғыру және эстафеталық жоба

Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстардың енді бірі — танымдық-эстафеталық жоба. Бұл туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

  • «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы негізінде «Туған өлке» бөлімі бойынша да кешенді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы мектептер шаһардың 150 жылдығына орай танымдық-эстафеталық жобасын жүзеге асырды.

Жобаның мақсаты — мәңгілік елдің ертеңі саналатын жас ұрпақтың бойына  ұлттық құндылықтарды меңгерту арқылы,  туған жердің тарихы мен танымал тұлғалардың өнегесі арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Эстафеталық жоба екі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Әуелгі «Тарихи мұралар — шежірелі сырымен дараланар» бағыты бойынша саяхатшы оқушылар жоспарланған ауданның тарихын, тыныс-тіршілігін, тарихи ескерткіштері мен мәдени мұраларын танып-біліп, жинақтау, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Ал «Елінде ісі еленген, есімі даңққа бөленген» бағытында балалар облыстың дамуына өз үлестерін қосқан туған жердің танымал тұлғалары туралы мәліметтер жинақтады.

Жобаның салтанатты ашылу шарасында алғашқы эстафетаның ауыспалы символы №24 лингвистикалық мектеп гимназиясы мен  №51 гимназия оқушыларына табысталған болатын. Екі мектептің оқушылары Шалқар ауданына экскурсияға барып, ауыспалы символды №25, №30 орта мектептерінің оқушыларына табыстап, олар Қобдаға барып қайтты.

Эстафеталық жобаны әрі қарай №13, №18, №29, №34,  №4, №19, №28, №72 және Белагор мектептері жалғастырып, олар Мәртөк,  Мұғалжар,  Хромтау ауданына экскурсияға барды.

  • Сәуір айында танымдық эстафеталық жобаның жабылу салтанаты «Мәңгілік елдің қаласы, Ақтөбем — қазына даласы!» тақырыбында өтті. Бұл шараны әрі қарай республика көлемінде жалғастыру үшін эстафеталық символ  Тараз қаласы мен Мұғалжар ауданының білім беру мекемелеріне берілді, — дейді Ләззат Оразбаева.

ӘСЕРЛІ САЯХАТ

Лунара СУРАЕВА, 6-сынып оқушысы:

  • Мен Қарғалы ауданындағы №2 Бадамша орта мектебінде оқимын. Жазғы каникул қызықты өтіп жатыр. Әсіресе, еліміздің астанасы — Нұр-Сұлтан қаласына саяхатым ерекше әсерлі, есте қалар демалыс болды.  Елорданың көрікті жерлерін аралап, сән-салтанаты келіскен зәулім ғимараттарға таңырқап, тамсанумен болдық. Астанамыздың ажарын аша түсетін сәулетті нысандар — «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық мұражай, «Астана Опера» опера және балет театры және  тарихи ескерткіштерді тамашаладық.

Әділжан ӘКІМЖАНҰЛЫ, №3 Шұбарқұдық орта мектебінің 7-сынып оқушысы:

  • Кең-байтақ қазақ даласында киелі жерлер көп. Темір ауданындағы бір топ бала Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан және Шымкент қалаларының көрікті жерлеріне саяхат жасап келдік. Саяхат барысында Қожа Аxмет Яссауи, Арыстан баба кесенелерін және мұражайларды араладық. Сондай-ақ Шымкент қаласынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан қасиетті Қазығұрт тауына бардық. Тауға шықтық. Асан қайғы бабамыз, көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев жыр арнаған таудың тарихына қанықтық.

Мектеп туризмі

Тұңғыш Президенттің Жолдауын іске асыру мақсатында «Өз жеріңді танып біл» атты мектеп туризмін жандандыру бойынша балалар-жасөспірімдер туризмін дамытудың   2019 жылға арналған жол картасы әзірленген болатын. Жол картасы негізінде маусым айында Батыс Қазақстан облысының оқушыларына арналған «Құтты мекен — Ақтөбе» экскурсиялық турын өткізу жобасы дайындалып, оларға облысымыздың мәдени-тарихи орындары таныстырылды. 16-18 шілдеде біздің облыстағы аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары Маңғыстау өңіріне саяхат жасайды. Сонымен бірге әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 15 мың баласы және  девиантты мінез-құлықты және қолайсыз отбасының 700 баласы  демалыс түрлерімен қамтылады.

Өткен жылы ерекше балаларға арналған жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» лагері ашылған болатын.  Биыл маусым-тамыз айларында аталған лагерьде 7-15 жастағы білім алуға ерекше қажеттіліктері бар 288 бала демалады.

P.S.

«Эни С.п.А.» концернінің «Аджип Каспиан Си Б.В.» еншілес компаниясының ұйытқы болуымен тамыз айында Қазақстан балалары үшін Италияның Чезенатико қаласында орналасқан жазғы сауықтыру лагеріне демалыс ұйымдастырылады. Оған біздің облыстан 20 жетім бала баратын болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button