Спорт

«Пронет» клубы жас футболшыларды  даярлайды

Сенбі күні Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің спорт кешенінде  «Пронет» футбол клубының жүлдесіне арналған жарыс өтті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайысқа 10 команда қатысты.

Шараның ашылу салтанатында облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов жиналғандарды құттықтады.  Басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықов пен облыстық футбол ассоциациясының бас хатшысы Асхат Қалжанов жас футболшыларға жеңіс тіледі. «Пронет» футбол клубы өткен жылы ақпан айында құрылыпты.

— Клубтың бір жылдығына арнап қалалық жарыс өткізіп отырмыз. Мақсат — балаларды спортқа, футболға баулу.  Бірінші жыл болғандықтан қала аумағын қамтыдық.  Келер жылы жарыстың ауқымын кеңейтіп, көрші облыс, тіпті көрші елдерден команда шақыру жоспарымызда бар.

«Ақтөбе — футболдың қаласы» деп бекер айтылмаған, балалардың футболға деген қызығушылығы өте жоғары. Жарысқа белсенді түрде қатысып жатыр, — дейді «Пронет» футбол клубының директоры  Әнуар Қазбаев.

Қазіргі күні клубта 5 жастан бастап 14 жасқа дейінгі 60 бала бар. Балалар жас ерекшеліктеріне байланысты аптасына үш рет жаттығады. Клубтың жаттықтырушысы Талғат Орынбасаровтың айтуынша, ақтөбелік оқушылардың футболға қызығушылығы өте жоғары. Бірақ қалада футбол клубтары жетіспейді.

Былтыр Әнуар Қазбаев және өзге де достарымызбен бірлесе отырып, осы клубты аштық. Мақсат — балалардың бос уақытын тиімді өткізу, оларды спортқа, футболға баулу. Ойынның алғашқы әліппесінен бастап, командада қалай ойнау керектігіне дейін үйретіледі. Қабілеті барларды «Ақтөбе» футбол орталығында  ойнауға ықпал етеміз. Біздің бір мақсатымыз да — осы. 

Болашақта «Пронет» клубын үлкен клубқа айналдырғымыз келеді, — дейді Талғат Орынбасаров. Талғаттың өзі «Ақтөбе» футбол командасының екінші құрамында ойнаған. Қазір әуесқой ойыншы.

Жарысқа командалар тыңғылықты дайындалыпты. Күннің ыстығына қарамастан балалар ерекше құлшыныспен ойнап жүр. «Пронет» клубында жаттығып жүрген Дами Талғат футбол сүйікті спорты екенін айтты.

— Осы клубта жаттығып жүргеніме бір жыл болды. Келгелі көп нәрсені үйрендім. Қазір командада жартылай қорғаушымын. «Ақтөбе» футбол командасының жанкүйерімін. Ойындарынан қалмаймын. Болашақта мен де сол команданың құрамында ойнағым келеді, — деді. Ал «Авиатор» футбол клубынан келген Ярослав Шуригин жарыс қызықты өтіп жатқанын айтты.

— Қаладағы №29 орта мектепте оқимын. Футбол ойнағанды жақсы көремін. Сайыс қызықты өтіп жатыр. Болашақта мықты футболшы болғым келеді — деді ол.

Жарыста балаларын қолдауға келген ата-аналар да көп болды. Зейнет жасындағы  Ықылас Шамұратова немересінің ойынын тамашалау үшін Алға ауданынан  арнайы келіпті.

— Немерем Мағжан Рахманов Алғадағы «Ақтөбе» футбол орталығының филиалында бес жылдан бері жаттығып жүр. Өзіміз Бестамақ ауылында тұрамыз. Аптасына үш рет футбол үшін  Алғаға апарамын. Немеремнің бар ойы — футболшы болу. Жаттығудан қалмайды, — деген Ықылас әже балаларға сәттілік тіледі.

Үш күнге созылған сайыста командалар өз мүмкіндіктерін көрсетті. Нәтижесінде бірінші орынды «Ақтөбе» футбол орталығының Алға филиалы алса, екінші —  «Ақтөбе-09» футбол орталығы, үшінші — «Пронет» футбол клубы, ал төртінші орынды «Жастар» футбол мектебі иеленді. Сондай-ақ Махмұт Сәбитов —  «Үздік қақпашы», Қанат Еркебаев — «Үздік қорғаушы», Ұлан Ешниязов — «Үздік туринир ойыншысы», Әмин Даутов — «Үздік мерген», ал Ислам Әділханов «Көрермен көзайымы» номинациясын жеңіп алды. Сайыстың жеңімпаздарына ақшалай сыйлық пен сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ жарысқа қаладағы «Эвалюшен» фитнес орталығы, «Арман» barbershop шаштаразы, «Үміт оты» қайырымдылық қоры мен  «Шалқар су» серіктестігі демеушілік көрсетті.

«Пронет» футбол клубы туралы толық мәліметті  @fcpronet_aktobe инстаграм парақшасынан білуге болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button