Спорт

Сырт алаңдағы тең ойын

Премьер-Лига

«Тараз»-«Ақтөбе» — 1:1

Өз алаңында ұтылып қалған «Қайрат» бір қадам шегініп, 4-орынға сырғыды да, оны ұтқан «Ордабасы» 3-орынға көтерілді. Өткен турда көш басына шыққан «Тобылды» бұл турда сенімді түрде жеңген «Астана» 1-орынға қайтып оралды.

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда ойнады. Тең ойнады. Тіпті ұтып кетудің де мүмкіндіктері болмай қалған жоқ. Рас, әуелі алаң иелері өктемдік танытты. Олар біздің қақпаны екі рет тамаша нысанаға алып үлгерді, бағымызға қарай, екеуінде де қақпашымыз Игорь Трофимец әбжілдік танытты. Бұдан соң қонақтар атқа мінді. Ойынның сол бастапқы кезеңінде, шамамен 10-15 минуттардың аралығында, Абат Айымбетов екі рет қақпаға шүйіліп, тура соққылар жасады. Бірақ қақпашы Мұхаммеджан Сейсен қырағылық көрсетті. Сол Абат бірінші таймның бітуіне бес минут шамасындай уақыт қалғанда оң қанаттан құлдырай жетіп, қарсыластардың қорғаушыларын сәтті алдап, дәл қақпа алдына келе қалған Асланбек Кәкімовке тамаша пас тастады. Әттең, бұл ретте де «Тараздың» қақпашысы еш абыржымай, теңбіл допты теуіп қайтарды. Тайм осылай аяқталуға қалған шақта, 45-минутта алаң иелері алаңның орта тұсынан айып добын орындады да есеп ашып кетті. Абзал Таубай әуелете тастаған допты қақпамыздың оң жақ бүйірінде тіпті ашық қалған екі футболшының бірі Серж Ньюадзи бір метрдей жерден баспен ұрып, жібек торды бүлк еткізді — 1:0.

Екінші таймды ақтөбеліктер белсенділікпен бастады. Қарсыластар қақпасының маңы әбігерге толып кеткен шақтардың бірінде, 54-минутта алаң иелері ойын тәртібін бұзуға мәжбүр болды. Айып алаңының ішінде доптан алданып қалған тараздық қорғаушы Игорь Пикалкин ентелей ілгері тартқан Абат Айымбетовті шалып құлатты. Пенальти. Он бір метрлік нүктеге келген Асланбек Кәкімов салқынқандылықпен нысананы дәл көздеді — 1:1.

Ойынның екінші бөлігі бірінші таймдағы секілді аса қауіпті сәттерге толы болмағанымен де есепті өзгертудің мүмкіндіктері кезікпей қалған жоқ. Бірақ екі команда да қақпа құлпын екінші рет аша алмады.

Осы тең ойыннан соң «Ақтөбе» ФИФА мойынға артқан 12 қарыз ұпайдан толықтай құтылды.

«Тараз»-«Ақтөбе» — 1:1

Гол авторлары: Серж Ньюадзи, 45-минут (1:0); Асланбек Кәкімов, 54-минут, пенальти (1:1).

Гаврил Кан 90+3 минутта ескерту қағазын алды.

«Тараз»: Мұхаммеджан Сейсен, Михайло Йованович (Рахымжан Розыбакиев, 67-минут), Лаша Касрадзе, Берік Айтбаев, Игорь Пикалкин, Жиан Мартинс, Серж Ньюадзи, Абзал Таубай (Гаврил Кан, 85-минут), Эливелто (Неманья Суботич, 76-минут), Әлішер Сүлей, Элгуджа Лобжанидзе.

Бас бапкерВахид Масудов.

«Ақтөбе»:Игорь Трофимец, Әділхан Таңжарықов, Виталий Волков (капитан), Есен Жасанов, Рустам Темірхан, Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Асланбек Кәкімов (Рустам Сахибов, 77-минут), Ардақ Сәулет, Жамбыл Көкеев (Рустам Өксімбаев, 90+5 минут), Абат Айымбетов (Әлішер Әжімов, 90+3 минут).

Бас бапкер Александр Седнев.

6 шілде 2019 жыл. Тараз. Орталық стадион. 3000 адам.             

 

*   *   *

 

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Тобыл» (Қостанай)-«Астана» (Нұр-Сұлтан) — 0:2

«Қайрат» (Алматы)-«Ордабасы» (Шымкент) — 0:1

«Қайсар» (Қызылорда)-«Шахтер» (Қарағанды) — 2:2

«Атырау» (Атырау)-«Жетісу» (Талдықорған) — 2:1

«Ертіс» (Павлодар)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 2:1

*   *   *

 

Бұл 17-турда барлығы 15 гол соғылды. 2:1 есебі екі рет қайталанды. Ірі есеп нәтижесі тіркелген жоқ. Екі кездесу тең есептермен аяқталды.

Тура өткен турдағыдай 23 рет ескерту қағазы көрсетілді, алаңнан қуылған футболшы болған жоқ. Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Урош Витас («Ертіс») бір ойында екі гол соқты.

Шапшаң гол авторы — Иван Граф, 17-минут («Қайсар»).

«Ордабасы» командасына жеңіс әперген голды Зиги Бадибанга 90-минутта соқты.

Бұл турда ең көп көрермен (7000 адам) «Қайрат»-«Ордабасы» кездесуіне жиналды.

 

*   *   *

 

Сонымен 1-3 орын иелері: «Астана» (38 ұпай), «Тобыл» (38 ұпай), «Ордабасы» (33 ұпай). Басқа командалардан «Астананың» екі ойыны артық.

4-5 орындарда «Қайрат» (32 ұпай) пен «Қайсар» (31 ұпай) келе жатыр. «Қайраттың» басқалардан бір ойыны артық.

6-8 орын иелері өзгерген жоқ: «Жетісу» мен «Шахтер» (23 ұпайдан жинады) және «Оқжетпес» (18 ұпай).

9-11орындарда «Ертіс» (17 ұпай), «Атырау» (15 ұпай), «Тараз» (13 ұпай) тұр. Басқалардан «Ертіс» бір ойынды, «Атырау» екі ойынды артық өткізді.

Еш ұпайы жоқ (0) «Ақтөбе» 12-орында тұр. ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

 

*   *   *

 

18-тур ойындары 13-14 шілде, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

13 шілде күні «Ақтөбе» өз алаңымызда Қарағандының «Шахтер» командасын қабылдайды.

Басқа кездесулер:

13 шілде, сенбі

«Жетісу» — «Ертіс»

14 шілде, жексенбі

«Ордабасы» — «Тобыл»

«Қайрат» — «Қайсар»

«Оқжетпес» — «Тараз»

Бұл турдың ойынын «Астана» мен «Атырау» 3 сәуір күні өткізіп, елордалықтар 3:1 есебімен жеңген болатын.

 

Ертай АШЫҚБАЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button