Денсаулық

Дәрі-дәрмектер неге рецептімен  сатылады?

Бұрын басы мен іші ауырған адам антибиотиктің түр-түрін дәріханадан еркін сатып алып, іше беретін. Ал қазір тек қана дәрігердің рецептісімен сатылып жатыр. Өкінішке қарай, еркін саудаға үйреніп қалған тұрғындардың көпшілігі жаңа талапқа бой ұсынғылары келмейді. Ал мамандар антибиотикті оңды-солды ішу денсаулыққа зиян екенін айтуда.

Сейсенбі күні редакцияға Зәуреш есімді тұрғын хабарласты. Сенбі күні тамағы бітеліп, қызуы көтеріліп, қатты ауырған. Дәріхана қызметкерлері антибиотикті тек қана дәрігердің рецептімен беретінін айтқан. Мерекеге тап келгендіктен екі-үш күн емхана жұмыс жасамайды. Ал тамақтағы инфекция асқынып кетуі мүмкін. Бұндай жағдайда не істеу керек? Тұрғынның сауалына облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің фармацевтикалық инспекторат бөлімінің басшысы  Дариға Елеуова жауап берді.

— Заң бойынша фармацевт рецептімен сатылатын дәрілерді тек қана дәрігердің нұсқауымен беруі тиіс. Бұлай болмаған жағдайда дәріханаға айыппұл салынады. Сондықтан маманның бұл қадамы орынды. Ал тамағы ауырған тұрғын жағдайы ауыр болса, жедел жәрдем шақыртуы керек немесе дәріханадан тамақ шаятын, яғни рецептісіз берілетін дәрілерді емханаға барғанша пайдалана тұрғаны жөн, — деді бөлім басшысы.

Дәріханада микробқа қарсы және гормональды препараттар, құрамында есірткі, психотроптық заттары бар дәрілер, жүрек-қан тамыр және асқазан-ішек жолдары ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектер рецепт бойынша сатылуы тиіс. Ал иод секілді сыртқы қолдануға арналған дәрілік заттар рецептісіз беріледі.

Қазіргі күні елімізде 7792 дәрілік зат тіркелген. Оның ішінде 6033 дәрілік препарат дәрігердің рецептісі бойынша берілсе, 1759 түрі рецептісіз сатыла береді. Егер дәріханада  дәрі-дәрмек рецептісіз сатылатын болса, «ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 426-бабы бойынша, дәріхана қызметкерлері жауапқа тартылады. Жеке тұлғаларға — 70, лауазымды адамдарға — 100, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 100, орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 200, ірі кәсіпкерлерге 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ рецепт арнайы параққа жазылмаса, препараттың атауы нақты көрсетілмесе, дәрігер де айыппұл төлейді. Егер қателік бірнеше рет қайталанатын болса, маман сертификатынан айырылады.  

Жеке клиникада ақысыз қызмет алудың жолы қандай?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ақтөбе облысында 62 емдеу мекемесімен келісімшартқа отырды. Соның ішінде 25 жеке клиника  халыққа белгілі бір көлемде тегін медициналық  қызмет көрсетіп жатыр. Оның 7-еуі мемлекеттік емханадағыдай барлық қызмет түрлерін ақысыз ұсынады. Мәселен, «Еуразия», «Дару», «Айгерім», «Қуаныш», «Медикер Илек», «Медикус», «Интертич», «Ақниет» секілді ірі орталықтар қордың филиалымен келісімшарт жасасқан. Олар белгілі бір медициналық қызмет түрлері бойынша тегін ем, ота жасайды. Ең бастысы, науқас ауруханаға жататын болса, өзінің аймақтық емханасынан тексеруден өтіп, жолдамасын алып, емдеу қызметтері бойынша таңдаған мекемесіне порталға тұруы қажет. Мәселен, көзіне ота жасайтын адам мемлекеттік бір ауруханадағы  кезекті ұзақ күтіп отырмайды. Емханада тексеріліп, портал кезегіне «Айгерім» немесе басқа келісімшарт жасасқан клиниканы таңдайды. Ал бұндай емдеу мекемесінде кезек бір аптаның ішінде келуі мүмкін. Себебі клиникалар бір-бірімен бәсекеге түседі. Өйткені науқас қай емхананы таңдайды, қор соған қаражат аударады.

Қазіргі күні облыста 12 мыңға жуық тұрғын жеке клиникаларда тегін емделген.

Жалпы жарты жылдың ішінде 58 мыңнан аса тұрғын мемлекет қаржысына емделген. Соның ішінде 12 мыңға жуық ақтөбелік жеке клиникаларда ақысыз ем қабылдаған. Атап айтқанда, «Дару» клиникасы 3 мыңға жуық, «Теміржол ауруханасы» 3 мыңнан аса және «Көз Жарығы» клиникасы 1200 адамды қабылдаған, —  дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалы бөлімінің сарапшысы Айгүл Жанасаева.

Сақтандыру пакеті қалай жұмыс жасайды?

2020 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Үкімет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін қызметтің тізімін бекітті. Сонымен…

Келер жылдан бастап тұрғындар екі пакет бойынша медициналық қызмет алады.  Олар — тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС).  ТМККК пакеті барлық тұрғындарға арналған, тіпті олар сақтандырылмаған болса да мемлекеттің қаржысына емделе береді, яғни алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек одан әрі қолжетімді болады. Жалпы бұл пакет бойынша жедел жәрдем көмегі, санитарлық авиация, шұғыл стационарлық көмек бар. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар мен негізгі созылмалы дерт кезінде кеңес алу-диагностикалық көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмек, жоспарлы стационар мен күндізгі стационар тегін болып қалады. Сондай-ақ, туберкулезге шалдыққандарды оңалту және паллиативті көмек тегін болады.

МӘМС пакеті медициналық көмектің қалған тізімін қамтиды. Бұл пакетте кеңес алу-диагностикалық көмек, соның ішінде қымбат лабораториялық қызметтер, ТМККК-ке кірмей қалған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы стационар мен күндізгі стационар, медициналық оңалту мен қалыпқа келу емі бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button