Басты жаңалықтарӘлеумет

Ақтөбе облысы жер беруде алдыңғы орында тұр

Бүгінгі күні қай өңірде де жер алып, үй салудың қарқыны өте жоғары. Қаланы айтпағанда аудан, ауылдардың өзінде жылына бірнеше аумақта жаңа үйлер пайда болып жатады.

Қазақстан Республикасы жер Кодексінің 50-бабының 2-тармағына сәйкес  елдің әр адамына 0,10 гектар жер тиесілі, яғни тегін беріледі делінген. Көп елдерден біздің артықшылығымыз — осы. Бірақ соған қарамастан жер дауы, жер үшін тиісті мемлекеттік мекемелер мен тұрғындар арасында түсініспеушіліктер біткен емес. Жерді тиімді пайдаланып жатырмызба?

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Әбдухат Мырзалинмен сұхбат осы мәселе төңірегінде болды.

— Ауыл, аудандардан гөрі қала төңірегінен тұрғын үй салу үшін жер алудың біршама қиындықтары бар. Неліктен тұрғындар жердің кезегін көп күтеді?

  • Облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін 177839 адам жер кезегінде тұр. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 144 770 адам. Енді қараңыз. Аудандарға қарағанда қаладан жер алушылардың қанша есе көп екенін. Бірақ соған қарамастан биыл 12009 жер учаскесін беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда тұрғын үй салу мақсатында 214 жер учаскесі берілді.

Ал қалған алаңдар дайындалуда. Ақтөбе облысы жер телімдерін беруде елімізде алғашқы орында.

— Өздеріне тиесілі жерді сатушылар көбейіп кетті? Бос жердің өзі 1 миллион теңгеге дейін бағаланады. Өзгенің жерін сатып алып үй салу қаншалықты заңды?

  • Міне, осындай жағдайлардың алды сотқа жетіп жатыр. Заң бойынша жер сатылмайды. Басқаның жеріне үй салмаған жөн. Әркім өзіне берілген жерді пайдалану керек. Болмаса үкіметке кері тапсырады. Бұл жерде заңымыздың тағы бір артықшылығы — 3 жылда жерді пайдаланып болмасаңыз, мүмкіндігіңізге қарай бір жыл ұзартылады.  Жерді әкімдіктің қаулысымен алған адам оны бірден сата алмайды. Өйткені жерді берген кезде 2-3 жыл мерзімге уақытша пайдалану құқығымен береді. Егер жеріңізді сатқыңыз келсе, ол жерге үй салып, техникалық құжаттарын жасатып, жекеменшік құқығын бергеннен кейін ғана сата аласыз. Ал біреудің жерін алып үй салсаңыз үлкен тәуекелмен жүресіз. Сіз салып болғаннан кейін жердің иесі айнып, үйдің жарты құнын даулап жүруі де мүмкін.  Ондайлар көрініп жатыр. Сондықтан танысыңыз немесе ағайын-туғаныңыздан алғанның өзінде абай болыңыз.

— Жердің бағасы…

  • Иә, жердің бағасы оның қалаға жақын-қашықтығына байланысты. Біздегі жер алу, берудегі проблемалардың бірі — берілетін жер уческелерінің қала маңынан қашықта болуы. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлердің тиісті коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеуі. Негізі жер учаскесін игеру мерзімі инфрақұрылыммен қамтамасыз еткен кезден бастап есептелінеді. Әкімшілік арқылы алынған жер тегін. Тек рәсімдеудегі құжаттарға төлейсіз. Жердің бағасы кадастрлық (бағалау) құнымен есептеледі. Қала маңындағы су, газ, жарық жүргізілген жерлердің құны жоғары болады. Қаланың Батыс-2, Заречный -1,2,3,4 Жаңақоныс, Ақжар 1,2 секілді қалаға жақын жерлерге сұраныс көп.

— Жер бөлгенде тұрғындар бірінің жеріне бірі кіріп кетіп жатады. Даудың басы осыдан басталады. 1 метр жер үшін соттасуға бола ма?

  • Әр үйдің арасында өрттен шығу жолы болады. Бұл міндетті. Көбі осы жерлерді қосып алады. Немесе құрылыс жұмыстарын жүргізіп тастайды. Кейде үй немесе сарай мен қора жайлар көршісінің жеріне салынып жатады. Осы екі жағдайда сот арқылы қандай нысан болса да бұзылатынын, жердің құжат бойынша иесіне қайтарылатынын ескертемін. Жасыратыны жоқ, қазақшылықпен екі метр жер үшін ешкім соттаспайды. Соттасқан жағдайда заң бойынша көршінің жеріне кірген болсаңыз жарты метр, тіпті сантиметрге дейін есепке алынады. Сондықтан сақ болу керек.  Әркім өздеріне белгіленген жердің шеңберінен шықпағаны дұрыс.

— Жер кезегінде ұзақ уақыт тұрғандар  кезектің арасына әлдекімдердің кіріп кететіндерін  айтып жатады. Бұл қаншалықты рас?

  • Жер кезегінде тұрғандардың барлығы базада тұр. Электронды түрде болғандықтан әркім қанша уақыт қалғанын, қанша адамнан кейін тұрғанын біліп отырады. Мұндай жағдайда кезексіз жер алу мүмкін емес. Бұл туралы ойламаса да болады. Кезексіз жер берген адам сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылып, қылмыстық іс қозғалады.

Жергілікті әкімшіліктің шешімімен жер учаскесі кезектен тыс тек мүмкіндігі шектеулі адамы бар отбасыларға, жетім-жесірлерге, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға беріледі.

— Жеке тұрғын үй салуға берілетін жер 3 жыл пайдаланылмаса, кері қайтарылады. Ал ауылшаруашылық мақсатта алынған жерлердің игерілмей бос жатқаны көп…

  • Дұрыс. Біз жер бермейміз. Берілген жердің пайдаланылуын қадағалаймыз. Шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер ауылшаруашылық немесе коммерциялық мақсаттағы жерлерді алып, көбіне пайдаланбай жатады. Егіншілік, жайылымдық, шабындық, мал басын өсіру, тағы басқа мақсаттарымен алынған жердің пайдаланылуы кем дегенде 50 пайыз болуы шарт. Жер алған әр шаруашылыққа түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Белгіленген мерзімде пайдаланылмаған жер өз еркімен кері қайтарылуы тиіс. Болмаса сот тәртібімен мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтарылады. Ол кезде айыппұл көлемі 200 мың теңгеден көп болады. Сот арқылы қайтарылған жағдайда 3 жыл жер алу құқығынан айырылады. Соңғы үш жылда ауылшаруашылық және коммерциялық мақсаттағы 244 учаске, 329 663 гектар жер кері алынды. Жалпы облыста 30 миллион гектар жер бар. ҚР Жер Кодексінің 43-бабына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға беруді облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандардың жергілікті атқарушы органдары, ауылдық округ әкімдері осы Кодексте белгіленген өздерінің құзыреті шеңберінде жүзеге асырады. Мемлекеттік меншіктегі жерлер ережеге сай конкурстар, аукциондар арқылы сатылуы мүмкін.Алдағы айдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма тарапынан жергілікті атқарушы уәкілетті  органдардың қабылдаған шешімдерінің заңдылығын анықтау үшін 7 аудан бойынша 21 жергілікті мемлекеттік орган және 4 жер қойнауын пайдаланушыларға тексеріс жүргізіледі.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button