Тарих

Шабағанның перзенті еді…

Біз алдыңғы буын ағаларды құрметтеп өстік. Солардың берген бағыты, айтқан ақылдары ізінен ерген кейінгі інілерін ілгеріге бастады. Олардың өмір тәжірибесі, күнделікті тіршіліктегі тәлім-тағылымы таптырмас қазына іспетті еді. Өйткені олар қаймағы бұзылмаған қарттарымыздың алдын көрді, олардың аузынан дала дәрістерін тыңдады.

Сондай ағалардың бірі Әліби Қойлыбаев болатын.

Ол қазақ халқының аса бір қиыншылыққа душар болған сонау отызыншы жылдардың басында дүниеге келген. Әркімге де өз туған жері Мысыр шаһары ғой, дегенмен сонау Ырғыздың ырысты өңірі саналатын Шабаған ол кісі үшін аса ыстық екенін бұрыннан байқайтынбыз.

Қазақтың керемет ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың:

Күлуші еді  «Күңіреншек деп шал адам»,

Кешір мені, Жарөткел мен Шабаған!

Сағынады шабағын да Ырғыздың

Шырқап бүгін шалғай кеткен шағалаң! —

деген өлең жолдары арқылы да біздің буынның жадында Шабаған атауы жылыұшырап тұратын.

Ал өзіміз сыйластықта болған Әліби ағамыздың өмір тарихы арқылы сол мекенге тіпті жақындай түскендей болдық…

Бала үшін өмірдегі бағдаршы да, үлгі де — асқар тау әкесі. Әлекең үшін әкесі Қойлыбай Белесовтің орны бөлек болғандығын өзі де жиі айтып отыратын. Олай болатын да жөні бар. Өйткені сексен жеті жыл ғұмыр кешкен сол кісі жастайынан бір шаңырақтың немесе әулеттің ғана емес, жалпы сол өңірдің алға ұстанатын адамы болған.

Қолымызға түскен деректе көрсетілгендей, Ырғыз аудандық «Колхозшы» газетінің 1947 жылғы санында «№53 Темірастау сайлау округінің сайлау алдындағы округтік мәслихатына қатысушы еңбекшілер өкілдері И.В.Сталин, В.М.Молотов, Н.М.Шверник және Қойлыбай Белесов жолдастарды еңбекшілер депутаттары Ақтөбе облыстық Советінің депутаттығына кандидат етіп ұсынуды бір ауыздан қуаттады» деп жазылыпты. Ол кезде Мемлекет басшыларының аты-жөні мұндай сайлауларда тізімге құрметпен енгізіледі де, ал нағыз халық қалаулысы солардың арасында аталады.

«Шабаған» колхозындағы берсиевші звеносының жетекшісі, суармалы тарыдан мол өнім алған колхозшының осындай құрметке ие болуы заңдылық та, бір жағынан, еңбектің ескерілуі.

Мұны былай қойғанда, Қойлыбайдың азамат ретінде атқарған істері де аз емес екен. Соғыс жылдарында ауылдағы әр шаңырақты қамқорлап, күйі нашарларға қол ұшын созған. Еңбек етуге әлі келетіндердің басын біріктіріп, ауыл сыртына алып шығып, жерге дән сепкізеді. Өзі кетпенін қолынан тастамай, тары егістігінің басына түнейді, сөйтіп, ел ырысын еселейді.

Осындай әкеден үлгі алған Әліби ағамыздың алға тартылған тура жолдан ауытқуға мүлдем хақы жоқ еді. Сондықтан да ол есін білгеннен еңбек деген құдіреттің мәнін терең түсініп, ой мен сананы осы ауқымда орнықтыра біледі.

Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, елге білікті маман боп оралған оны сол уақыттағы Қарабұтақ ауданының беделді бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов МТС деп аталатын салмақты мекеменің бас мал дәрігері етіп жібереді. Үш-төрт жыл өзін көрсетіп, тәжірибе жинақтаған соң  «Қарабұтақ» деп аталатын кеңшардың бас малдәрігерлік қызметі тізгінін ұстайды. Көп ұзамай аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтеріне көтеріледі.

Ал Шевченко атындағы кеңшардың директоры болып тағайындалуы оған дербес жауапкершіліктің жүктелуі іспетті болатын. Он екі жыл шаруашылықты абыроймен басқарды. Сол жылдарда мен облыстағы «Қазсельхозтехника» деп аталатын мекемеде басшылық қызметте болдым. Облыстағы бүкіл колхоз-совхоздың техникасына қатысты шаруалар біздің қолымыздан өтетін. Сол ретпен де Әліби ағамызбен байланысымыз нығая түсті.

Адамның жеке басының қасиетін осындай жұмыс барысында байқайсың. Әліби ағамыз жөнінде айтқанда, ол кісінің өз жұмысын жақсы білетіндігі, бар жауапкершілікті өзіне алып, қандай мәселеде де тиянақты түсінігі, өз пайымдаулары бары сезіліп тұратын. Кіммен қарым-қатынас жасаса да, жылы жымиып, өзіне тартып, жақындата түсетін.

Беріректе Қарабұтақ орман шаруашылығы мекемесін басқарды. Оның да жұмысы аз емес-ті. Сол өңірдегі бүгінге дейін бой созып тұрған тал-теректердің көшеті Әлекеңнің қолынан өткенін білеміз.

Әлекеңнің еңбегі лайықты бағаланды деп айтуымызға болады. Кешегі күннің ең сыйлы да қадірлі марапаты — Ленин орденін кеудесіне екі рет тақты. Еңбек Қызыл Ту, Октябрь революциясы ордендері де — сол жылдардағы жұмысының жемісі.

Ал зейнет демалысына шыққаннан кейін оған «Әйтеке би ауданының құрметті азаматы» атағының берілуі ел тарапынан жасалған өлшеусіз сый іспетті еді.

Әліби ағаның өмірлік серігі Зоя апаймен жақсы ұрпақ тәрбиелегенін көпшілік жақсы біледі. Асқары мен Қайраты — бүгінде елге танымал азаматтар, екеуі де облысымыздың экономикасының дамуына лайықты үлестерін қосып жүр. Қыз балалары да әке-шеше көрген, тәлімді жандар ретінде танымал.

Жалпы Әлекеңнің ақыл-кеңесіне жүгінетіндер аз емес-ті. Әсіресе, берігірек тұста ел басқарған, аудан тізгінін қолға ұстаған бірқатар азаматтар ол кісінің алдынан өтіп, ойласып жүретінін талай байқағанбыз. Бұған ағамыздың істің жөнін айтып, біреуге бұра тартпай, тура жолды нұсқайтын адамгершілік абзал қасиеті негіз болды ғой деп ойлаймыз.

Уақыт деген реттеуші бір құдірет бар. Ол кезеңімен көнертеді, кезегімен жаңартады. Әлекеңді ерен еңбегімен елге әйгілеген жүйенің сабақтастығы үзілгесін, өткендер көнеріп, тек жадыда ғана қалды. Бірақ, сабақтастық үзілгенімен, адами көрнекілік, естілік пен парасатқа көнеру жоқ, олар ойға оралған сайын санада жарқырап көрінеді.

Ауылдың тұрмысы мен шаруашылығына ұзақ араласқан, беріле қайрат еткен адамның психологиясында сөз жоқ, қашанда шаруаның иіні тұрады. Әлекең бойына зиялылықты сіңірген жан болғандықтан, негізінен ақыл мен парасаттың иесі болды. Осы кісінің елге сіңірген елеулі еңбегін айтып отырмыз, оған, әрине, шүбә жоқ, алайда оның тіршіліктегі негізгі ұстанымы әлгі айтқандай, парасат екені айтыла бермейтін секілді. Оның ешкімнің ала жібін аттамаған, біреуді орынсыз мақтамаған да, даттамаған да, орнықты жүріп, түзу сөйлеуімен назар аудартқан зиялы ретіндегі ең үздік, ең елеулі еңбегі — өзіне лайық перзенттер өсіргендігі. Сол перзенттердің өзім көріп, танып жүрген адамгершілік келісті қалыптарынан да, үлкенге де, кішіге де ізеттіліктерінен Әлекеңнің азаматтылықпен өрілген өмірін көргендей боламын.

Уақыт солай, нені көнертсе де, шынайы адамгершілікке дақ түсіре алмайды, ұдайы жарқыраған күйде жаңарып тұрады.

Арамыздан мәңгілік сапарына кеткеніне жыл толғалы отырған Әліби ағамыз туралы сөз қозғағанда, осындай ойлар санамызды жаңғыртқан еді…

…Оның ұзақ жылғы еңбек жолы кешегі Қарабұтақ ауданында өтті. Содан кейін біраз жыл Ақтөбе қаласында тұрып, зейнеткерліктің қызығын көрді.

Ал өмірден өткен кезде оны ұрпақтары ата-баба мекені Шабағанға жеткізді. Ырғыз өзені бойындағы ну тоғайлы, қалың талды шұрайлы осы бір түбек бүгінде — Әліби ағамыздың мәңгілік мекені. Көзі тірісінде көңілінен бір сәтке де шығармаған, «Бабамнан қалған байтағым…» деп тебіренген атамекені аяулы перзентін аялап, жер бесікте тербетіп жатқандай елесетейді…

Аманкелді МАЙТЕКОВ,

еңбек ардагері.    

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button